Ел тынысы

Киіз үйің киең бұл…

Биыл наурызда қазақтың киіз үй мәдениетіне де баса назар аударылып, қала-аудан, ауылда ақ боз үйлер көп тігілді. Бұл – қуанарлық жағдай.

Түркиядағы зілзалада зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде Қазақстаннан 100 киіз үй жіберілгені көпке мәлім. Кахраманмараш қаласында тігілген бұл үйлер баспанасы қирап, қара суықта аузын жылытып, жылы су ішерде қалқа болар пана таппай қиналған халықтың жүрегіне шуақ, тәніне қуат сыйлады. Әсіресе жойқын сілкіністен жүрегі шайлығып, шошынып қалған тұрғындарға сілкініске төзімді, қауіпсіз, кез келген уақытта жұрт ауыстырып, басқа жерге көшіріп тігуге болатын киіз үйіміздің ұнағаны соншалық, көп өтпей түрік ағайындар тағы 100 киіз үйге тапсырыс берді. Өткен жылдың соңында қазақтың киіз үйі соғыс жүріп жатқан Украина елінде де тігілген болатын. Осының бәрін санаға салмақтасақ, қазақ киіз үйінің қадір-қасиеті тіпті биіктеп бара жатқаны байқалады.

БАҚ беттерінен «теңіз жағасындағы неше жүз жылдық тарихы бар салтанатты сарайлары қирандыға айналған кейбір түрік ағайындар енді қазақтың киіз үйін сатып алғысы келеді» деген ақпаратты оқығанда, ертедегі Қытай елінде өткен Бо Цзюй-и ақынның (772-846 жж.) «Киіз үй» деген өлеңі ойымызға оралды.

«Киізіне жүні кеткен мың қойдың,

Шаңырағы қайыңынан күнгейдің.

Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем,

Дей алмаймын ағашына мін қойдым» деп бастап, соңы:

«Салтанатты сарайына

патша мас,

Сарай барлық үмітіңді ақтамас.

Киіз үйдің құдіретіне жоқ талас,

Сарайыңа бермеймін мен ­баспа-бас!» деп аяқталатын бұл өлеңге (аударған Несіпбек Айтұлы) киіз үйдің бүкіл қасиеті сыйып тұр десек те болады.

Сәулет өнерінің жинамалы және жылжымалы үлгісі саналатын киіз үй сан мың жылдық тарихты бастан кешірді. Археологиялық қазба деректерден киіз үйдің қола дәуірінде қолданысқа түскені анықталды. Грек тарихшысы Геродоттың заманымыздан бұрынғы V ғасырда сақтардың киіз үйде отыратынын қағазға түсірсе, үйсін еліне келін болып түскен Қытайдың Хан ди­настиясының ханшасы Ши-Джуннің:

«Дөңгелек үй, туырлық там орнына,

Ет жеп, айран ішеді ас-­суына» деп жырлағаны бар. Осыған қарағанда, зерттеушілердің киіз үйдің жасы «бес мың жылдан асып жығылады» деген межесі де негізсіз емес секілді.

– Көшпелілердің сан ғасырлық тәжірибесі, өмірлік қажеттілігі, ой-өрісі, талғам-танымы бір ғана киіз үйдің бойына шоғырланғандай. Олардың сұлулық туралы талғам-түсінігі, дүниені сұлулық заңдылықтарымен игеру мүмкіндігі, негізінен, осы киіз үй арқылы көрініс тапты, – деп жазады атақты ғалым Ақселеу Сейдімбек. Өкінішке қарай, сан ғасырдың сынағынан сүрінбей өткен киіз үйдің соңғы кездері заманның дамуына, өндіріс-тұрмыстағы өзгерістерге ілесе, қолданыс аясы тарылуымен қатар, сән-салтанаты жағынан да кетеуі кетіңкіреп барады. Киіз үйдің толық зерттелмеуі, дұрыс насихатталмауы да оны елеусіз қалдырды. Сосын да қазіргі таңда киіз үйдің орнын сырты киіз үйге ұқсас дүрегей үйлер басып барады.

Киіз үймен байланысты ұмытылып бара жатқан атаулар да аз емес. Қолданылуына, үлкен-кішілігіне, тігілу әдісіне байланысты атауларды айтпаған күннің өзінде, киіз үйге қатысты балаған, шайла, ақтақыр, жоламай (жолым үй) сияқты баспаналардың заты түгілі, атын да білмейтін күйге жеттік. Киіз үй қазақтың мәдени мұрасы дегенімізбен, мереке-мейрамдарда сән үшін тігілгені болмаса, кең-байтақ сахарадан да сиреп барады. Әсем астанамызға сан түрлі құрылыстың үлгісін әкелгенімізбен, киіз үй формасында жобаланған бір құрылыс жоқ. Астанадағы АҚШ елшілігі ауласына киіз үй тігіп қойып, қадірлі қонақтарын сол үйде қабылдап жатқаны да біздің билік басындағылар мен бизнесмендерге ой салатын түрі жоқ. Қазақстан «қазақ-қырғыз халықтарының киіз үй дайындау және тігу өнерін» ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгіздік» деп мақтанғанмен, киіз үйді ұрпаққа дәріптеу жағынан пәрменді жұмыстар істеп жатқан жоқ. Тізімге енгенмен, киіз үй жасайтын шеберлерге ұлт өнерінің мұрагері ретінде қолдау көрсетілмесе, ертең киіз үй мұражайларда ғана қалып, тұрмысымыздан тысқары қалмай ма?! Осы ретте Түркияға апарған үйлердің де көбінің сүйегі темір, жабындысы шекпеннен жасалған, ыстық пен суыққа қамсау болмайтын дүрегей үйлер. Сондықтан ендігі жерде дүние жүзі саяхатшыларының таңдайын қақтырған қасиетті киіз үйдің қазақ халқы үшін қаншалықты маңызы бар екенін ұрпақ санасына сіңіру айрықша маңызды. Ол үшін киіз үй жөніндегі зерттеуді, үгіт-насихатты күшейту керек. Қазіргі сұраныс қажетін ескере отырып, туризмді дамыту тұрғысынан киіз үйді жаңаша пайдаланудың жолын іздеп, киіз үй жасайтын шеберлерге мемлекет экономикалық жақтан көмек көрсету қажет.

Қазақ халқының адамзат мәдениетіне қосқан, тұтас әлем мойындайтын үлестерінің бірі жылқыны қолға үйрету болса, енді бірі доңғалақты арбалар жасап, оның үстіне киіз үй тіккені болуға тиіс. Тілімізде «күрен» деп аталатын бұл үйлер бірнеше тарихи фильмде көрініс бергені болмаса, қазір көп елдің санасынан өшіп тынғаны өтірік емес. Тіпті «күренді» моңғолға тәуелдейтіндер де бар. Шын мәнінде, әлемді билеген Шыңғыс хан әулетінің мақтанған шағында «дидар сұлу қыздарды қазақ күйме мінгізіп» деген теңеуді пайдаланғанын ескерсек, күрен де қазақ өнерінің туындысы екеніне шүбәланбайсыз. Оның үстіне, күрен жайлы тарихи жазбалар да аз емес. Мынау сол сөзіміздің жанды дәлелі: «Олар тұратын үйлер ағаш кеспектерінен құрастырылып, бұтақтармен шабақталған, төбесінде жоғары қарай мойнын созып, ықшамдала түсетін оттықтікі сияқты дөңгелек түтігі бар арба үстіне орналастырылады да, үнемі аппақ болып жарқырап тұруы үшін ақ жүнге ақ топырақ, сүйек ұнтағын қосып басқан ақ киізбен қапталады екен. Үйлер мейлінше кең, ені – 30 фут, дөңгелектерінің арасы 20 фут болған. Осындай үйлі арбаға 22 өгіз жегілген (Гильом де Рубрук)» (Өзбекәлі Жәнібеков, «Жолайырықта»).

Соңғы кездері талдан үй ағаш басу мүмкіндігіміз де азайып барады. Орман қорғау орындары үй ағаш түгілі, шырпы сындырсаң, шырылдатқалы тұр. Қаңқасын темірден жасасаң ауыр. Жығып, тігуге қолайсыз. Аз уақыттан кейін тот басып, кір-қожалақ болып кететінін былай қойғанда, найзағай түсіп, өмірге қауіп төндіретіні тағы бар. Осы тұрғыдан алғанда, киіз үйдің қаңқасын әйнек талшықтан жасау жағын да қарастырған дұрыс сияқты. Бұған мысал болатын дайын тәжірибе де бар.

Осыдан бірер жыл бұрын Қытай қазақтарынан шыққан құрылыс инженері, қазақ киіз үйін зерттеу­шілердің бірі Болат Кәрібай әйнек талшықтан киіз үйдің қаңқасын жасады. Бұл киіз үйдің сырттай қарағанда байырғы үйден еш парқы жоқ. Көші-қонға қолайлы, жеңіл, тот баспайды, неше жыл өтсе де түсі таймайды, аумайды. Оның үстіне, бұл үй уығының қаламы жоғы болмаса, қазақ киіз үйінің барлық ерекшеліктерін негізге алып жасалған. Керегесі желкөз, көздің өлшемі, сағанағы, уығының ұзындығы, алақаны, шаңырағының тоғыны (шеңбері), күлдіреуіші, тиегі, уықтың бауына дейін қазақ киіз үйінің өлшемі бойынша жобаланған. Әрине, бүгінгідей дамыған заманда киіз үйдің сүйегі, сөзсіз, ағаштан жасалсын деген шарт та жоқ. Қазақстандық шеберлер де мұны ескеруі керек.

Қазір қалаларда тігіліп жүрген киіз үйдің көбінің сыртын ақ матамен жауып қоятын болды. Оның жел тосып, суықтан қорғайтын ешқандай рөлі жоқ. Яғни қазір киіз үйдің киізі жоқ. Себебі бұрынғыдай қозы қырқып, жүн сабап, күзем басып, үй жабатын малшы жоқ. Осының әсерінен қазақтың киіз жасау мәдениеті де жоғалып барады. Сондықтан біздің ел киіз үй мен киіз жасау ісіне ұлттық құндылық ретінде мән беріп, арнаулы киіз үй күнін атап өту сияқты тәсілдермен киіз жасау мәдениетімізді қайта жаңартуы қажет. Бұл мәселеге бүгін мемлекеттік деңгейде мән бермесек, ертең киіз үйді Қырғызстаннан импорттауға мәжбүр болуымыз әбден мүмкін.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button