Сұхбат

«КИIЗ ҮЙIМIЗ ШIРIП КЕТТI»



Терiскейде жатқан Ресейдегi қандастарымыз да – бiр қауым ел. Егемендiгiмiздi алып, еңсемiздi тiктеген соң, жер бетiне тарыдай шашылған бауырларымыздың тағдырына алаңдамасақ, елдiгiмiзге сын. Бұл бағытта билiк тарапынан игi шаралар қолға алынып, жүзеге асып жатқанын да бiлемiз. Ал, Мәскеудегi қазақтардың тыныс-тiршiлiгi, жай-күйi қалай? Осы сауал төңiрегiнде Ресей астанасындағы «Астана» халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердi қолдау қорының президентi Жарқын Өтешовамен тiлдескен едiк. Ол бiзге бiраз түйткiлдi жайды жайып салды…

– Жарқын Қоңырбайқызы, алып Ресейдiң астанасы Мәскеуде тұрып жатқаныңызға жиырма жылдан асқан көрiнедi. Терiскейге қалай астыңыз? Елге оралатын ойыңыз бар ма?
– Жолдасым Рақымбай Мыңжасаров 1987 жылы Мәскеудегi Бауман атындағы университеттiң аспирантурасына түстi. Соңынан iле-шала бiз де келдiк. Түбi елге ораларымыз анық қой. Әзiрге Мәскеу қазақтарына еңбегiмiздi сiңiргенiмiз дұрыс. Мұндағы ахуалды көрiп-бiлiп отырып, кем тұстарына кiрпiш болып қалану дұрыс емес пе…
– Ресейдегi қандастарымыздың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi жайында сөз етсеңiз. Қазақы салт-дәстүрлерiмiздi, мәдениетiмiздi, дiнiмiздi, тiлiмiздi дамытуға бауырларымыздың ықыласы қалай, билiк тарапынан кедергiлер жоқ па?
– Ең бастысы, жергiлiктi ұлт өкiлдерiнен шеттету, қағажу көрмеймiз. Әр-әр жерде жер иелерiнiң тәртiпсiздiгi, өз мәдениетiн сыйламауы бой көрсетерi болатын жәйт қой. Алайда, ондай жайларды ұлт бетiне салық етуге болмайды. Мәскеу – үлкен мегаполис.15 миллион халқы бар. Көпшiлiк iшiнде келеңсiз жәйттың болары бәрiмiзге белгiлi, оны баспасөз бетiнде, әңгiме арасында ушықтырудың қажетi жоқ.
Бiздiң салт-дәстүрiмiз, тiлiмiз тек өзiмiзге керек. Жергiлiктi билiк ешкiмге шектеу қойған емес, керiсiнше, Кеңес өкiметi кезiнде болмаған мүмкiндiктер жасалып отыр. Барлық оқу орындарында қазақ тiлiн оқы-татын орталықтар ашылған. Алайда, оқытушылар жоқтың қасы. Қазақ-станның Бiлiм және ғылым министрлiгi осы жағдайды ескерiп, ана тiлiмiздi оқытатын мұғалiмдер жiберсе, үлкен көмек болар едi. Мәскеудегi орыстан-ған қазақтардың өз тiлiне ықыласты болмауының бiр себебi осында.
– Ресейдегi қазақтарға бұйырған қазақ мектептерiнiң саны қанша? Айтқандай, қандастарымыздың саны ше? Олардың басын тұрақты қоса-тын мәдени орталық, кiтапхана, мұражай бар ма? Мәскеу және Мәскеу өңi-рiндегi қазақстандық ескерткiштердi мемлекеттiк дәрежеде қорғауға алу жұмысы қай деңгейде?
– Ресейде қазақ мектебi жоқ. Бастауыш қазақ сыныптары мен факуль-тативтi сағаттар ғана сақталған. Қандастарымыздың санын ресейлiк санақшылар миллионға жеткiзбей жүр. Бiрақ, олай емес, ресейлiк аза-маттардың жеке басын куәландыратын құжатта ұлты көрсетiлмейтiндiктен қазақтар саны өте төмен айтылуда. Бiздiң шамалауымызша қандастары-мыздың саны бiр жарым миллионға жетiп жығылады.
«Жыламаған балаға емшек бермейдi» деген бабаларымыз. Мектеп сұраған жан болмаса, мектеп саны қайдан көбеймек?! Унверситеттер өз тiлiмiздi оқытатын арнайы сағат бөлiп, орын бергенiмен, жоғарыда айтқанымдай, мұғалiм жоқ. Ал, мектеп оқушыларына Әлия Молдағұлова атындағы мек-тепке демалыс күндерi сабақ өткiзуге рұқсат берген. Бiрақ, ата-аналар келiспейдi бұған. Себебi, мектеп алыс, орталықтан шеттеу. Мiне, тiлiмiзге деген ықылас осындай.
Мәскеулiк қазақтардың басын қосатын орталық, кiтапхана, мұражай дегендi атамасам да болады. Нақ осы мәселемен елiмiздiң Мәдениет министрлiгiне хат жазып, сол хат негiзiнде министрлiкке бару үшiн бiр күндi аспанда (ұшақпен таңертең Алматыдан Астанаға ұшып, түсте Аста-надан Алматыға ұшып, кешке Алматыдан Мәскеуге ұшқанмын өз қаражатыммен) өткiзгенiм бар. Көмектесемiз деп уәде бергенiмен, нәтижесi болмады.
Өзiмнiң кеңсем бар кезде кiтапханаға деп талай кiтап жинаған едiм. Қаржы мәселесiне байланысты ол кеңсемдi де жабуға тура келдi. Кiтаптарды басқа кiтапханаларға, балалар үйiне таратып бердiм. Ал, мұражайға деп жинаған жәдiгерлерiмдi үйiмде сақтап отырмын. Екi бесiгiм бар едi, бiреуi – бiр орыстың үйiнде тұр. Бұл жөнiнде министрлiкпен қатар, Ресейдегi Қазақстан Елшiлiгiне де хат жазып, хабарластым. Олар түсiнiстiкпен қа-рағанымен, кейiн ғимараттың тарлығын айтып, терiс айналды. Мәскеу өңiрiндегi ескерткiштер жайлы да осы хатта мәселе көтерiлген. Ес-керткiштер жайлы елiмiздегi «Алаш айнасы», «Ана тiлi» газеттерiне талай мақалалар жазылды. Бiрақ, «баяғы жартас, сол жартас…»
– Өзiңiз басқарып отырған Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердiң дамуын қолдайтын «Астана» қорының жәй-күйi, бағыты, мақсаты қандай?
– «Астана» қорының ашылу мақсаты – мұндағы басқа қазақ қоғам-дарының қамтымаған жұмыстарын iске асыру болатын. Яғни, мұражай, кiтапхана, тұрақты орталық ашу, ескерткiштердi мемлекет тарпынан қорғауға алу жұмыстарын жүргiзудi ұйымдастыру. Мұның барлығы, негi-зiнен, қаржыландыруды талап етедi. Ал, қаржылай көмектесетiн Атымтай жомарттар әзiрге болмай тұр. Сонда да жұмысымызды барынша жалғас-тыруға тырысудамыз. Бүгiнге дейiн Мәскеу қарттарын Қазақстанның тарихи орындарын аралатуға апарып келдiк. Балаларымызды елде өткен қазақ тiлi мен әдебиетiнен Халықаралық олимпиадаға қатыстырдық. Және оларға тегiн демалыстар, саяхаттар ұйымдастырдық.
– Жарқын Қоңырбайқызы, «Меридиен кантри клаб» атты гольф-клу-бындағы Президентiмiз сыйлаған қазақтың киiз үйi «Астана» қорының қамқорлығында екенiн бiлемiз. Киiз үйдiң бүгiнгi халiн айтыңызшы. Онда ұлт игiлiгi бағытында шаралар өтедi ме?
– 2008 жылы құрылған «Астана» қоры о бастан елден келген киiз үйдi қамқорлығына алып, онда бiрнеше игiлiктi шаралар өткiздi. 2009 жылы осы киiз үйде 250-ге тарта Мәскеу қазақтарының басын қосып, Наурыз ме-рекесiн тойладық. 2010 жылы да бiрнеше отырыстар, қоғамдық шаралар ұйымдастырып, гольф-клуб ұжымының шараларына қатыстық. Жоғарыда айтып кеткенiмдей, бiр күн аспанда жүрсем де, газеттерге көптеген мақала жазсам да, министрлiкке хат жолдап, мәселе көтерсем де киiз үйдi құтқара алмадым. Қысы-жазы қар мен жаңбырдың астында тұрған киiз үй шыда-мады, шiрiп кеттi. Оны жаңалауға қол ұшын созамын деген облыс әкiм-дерiнiң бiрi – ауысып кеттi, бiрi – уәдесiнде тұрмады. Министрлiк әлi ойлануда. Сыны мен сәнi кеткен киiз үйдi орыс ағайын ең әдемi, сәндi гольф-клубында қалай ұстап отырсын?! «Ешкiмнiң көз жасына сенбес Мәскеу», менiң көз жасымды қайтсiн?! Қазақтың киiз үйi қазаққа ғана керек! Онда да бәрiне керек емес екенiне сол кезде көзiм жеттi. Ойласам әлi күнге жүрегiм қан жылайды…
Бұл жерге Мәскеуде орналасқан барлық елдiң Елшiлiгiнiң қызметкерлерi келiп, дем алады. Бәрi бiздiң үйдiң ғажайып құрылысына таңданып, тамсанып қарайтын. Амал нешiк? Тек менiң қазағым ғана таңдана, тамсана алмады. Басқа ұлт өкiлдерi өз мәдениетiн көрсететiн осындай орынды сатып ала алмай отыр. Бiз қолымызда тұрған тегiн дүниенi жарата алмай жүрмiз. Бұл – Ресей Сыртқы iстер министрлiгiнiң қарамағындағы жер. Кез келген кiсi кiре де алмайды, бiр айға кiру ақысы – 3000 АҚШ доллары. Осындай жерден айырылдық!..
Бесiгiм орыстың үйiнде, киiз үйiм шiрiп кеттi. Кешегi өткен Наурыз тойында қырғыз ағайындар өздерiнiң киiз үйлерiн тiктi. Бiз киiз үйсiз отырдық. Үйiмнiң төрiне жиып отырған ұлттық жәдiгерлерiммен көрме жасадым. Бәрi мақтады, мақтанды. Бiрақ, ешкiм «бұл заттарды қайда, қа-лай сақтап отырсың?» деп сұрамады. Дастарханымыздан дәм татқан Елшi де сұрамады. Орыстар: «Ах, какая красота! Где Вы храните такую красоту?» деп таңдануда.
– Мәскеулiк қазақтарды не толғандырады, қандай проблемалары бар?..
– Шiркiн, жамауды қажет ететiн жыртық азайып па?! Өзге елдiң ауасын жұтып, суын iшiп отырған соң да, ойда жүрген түйткiл көп-ақ… Бiзден басқа ұлт өкiлдерi тiрiсi түгiлi, өлiсiн де ойлап отыр ғой. Олардың дiндерiне сай мешiтi, өлiгiн жерлейтiн зираты бар. Өткен жылы қайтыс болған Ұлы Отан соғысының ардагерiн, ана тiлi үшiн талмай еңбек еткен ағамызды өртеп, елге күлiн жiбердiк. Биыл қайтқан Ұлы Отан соғысының ардагерiн осында жерледiк. Ескi зираттарды бұзып жатыр, ал онда сұрауы, iздеуi жоқ қанша қандасымыздың сүйегi жатыр. Әр қазақ шамасы келген жерге қойылып, шашылып қалуда.
– Қазақ тiлдi ақпараттармен қаншалықты қамтылған ондағы бауырларымыз?
– Қазақ тiлдi ақпараттар келмейдi, жоқтың қасы мұнда. Мүмкiндiгi барлар интернет торын пайдаланады. Бiрақ, қарияларға қиын. Өзiм елге барған сайын солар үшiн барынша қазақ тiлдi басылымдарды көтере келем.
– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан
Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button