ӘлеуметБасты ақпарат

КІМБІЗ? ҚАНДАЙМЫЗ? Немесе гендік модификацияланған өнім генімізге әсер етіп жүрмей ме?

Көкөніс пен жеміс-жидекті көптеп тұтынатын кез де келіп жетті. Сауда орындарында, әсіресе, жеміс-жидек сатылатын бөлімдер қызу алыс-беріс алаңына айналған.
Нарықтағы бағаны байыптап қарасаңыз, әзірге өзгеріс жоқ. Өзіміздің оңтүстік өңірлердің, Өзбекстанның жылыжайларында өскен өнімдердің бағасы аспанда да, қалыпты Қытай өнімдері – жерде. Ақшасы аздар қытайдыкін қанағат тұтқанымен де, қалталылар қымбат болса да, әрине, өзімізге жақын жер­де өскендерге жүгіреді.
Бірақ, сонда да осында ойлан­дырмай қоймайтын бір мәселе бар екені анық. Айталық, мысалға, Америкадан әкелінген тауықтың еті бізде 440 теңге тұрады да, өзіміздің қазақстандық өнімдер 480 теңгеге сатылады. Құрлық асып келгеніне, үнемі семіз болып май басып тұратынына, ірілігіне қарамастан, америкалық тауықтар – қолжетімді. Сол секілді, шекара асырылып, алыстан ат арылтып жеткізілген Қытайдың көкөністері де арзан да, мына іргеміздегі Ташкенттің өнімдері қымбат.
Мұның мәнісі неде?

Қияр неге қауындай, шие неге қызанақтай?..

Осыдан бірнеше жыл бұрын ақын ағамыз Мұхтар Шаханов Парла­мент Мәжілісінің депутаты болып отырған уағында осыған ұқсас мәселе көтерген. «Қытайдың алма­лары өзіміздікінен арзан және түрі үнемі әп-әдемі болып жылтырап тұрады. Оған құрт та түспейді. Ұзақ сақталады. Дәмі жоқ болса да, қазір бәріміздің дастарханымыздан орын алған. Ал енді осында бір гәп бар сияқты. Соны зерттеп, тексеріп жатқан адам бар ма? Осы Қытайдың жемістері денсаулыққа қалай әсер етуі мүмкін?» – деп, мәселе көтерген.
Таң қаларлығы сол, бізде шет елдерден әкелініп жатқан азық- түлікті, соның ішінде көкөністер мен жеміс-жидектерді толыққанды қадағалап, лабораторияда зерттеп отырған орталықтар жоқ екен. Сауда орындарындағы зертханалар тек нитраттарды, ағзаға бірден әсер ететін зиянды заттар мөлшерін анықтайды. Сол себепті, әлгі құрт түспейтін, шірімей, езілмей, ұзақ сақталатын трансшекаралық өнімдер өзінің ғажап қасиеттерімен ертегілер елінен әкелінгендей жұмбақ болып қала береді.
Десек те, кез келген өсімдік өзінің тарихтан белгілі қасиеттерін, дәмін, пішінін өзгерткенде оның табиғи өнім еместігін пайымдай беруге болады. Ол – гендік өзгеріске ұшырағандықтың белгісі. Ал гендік модификация мәселесі бүгінге дейін біздің елімізде жете мән беріліп, назарға алынбаса да, халықаралық тағамтану институт­тары ғалымдарының қызыл кеңірдек болып айтысып, тартысып жүрген мәселесіне айналды.

Не жеп жүрміз?

Гендік модификация – биотехнологиялық жолмен улы заттарға, суыққа, ыстыққа төзімді өсімдік түрін жасап шығару.
1950 жылдарда атом энергиясымен қосанжарласа дамыған биотехноло­гия ғылымы бүгінде осылай адам ба­ласына өсімдіктің Құдай жаратпаған жаңа түрлерін тұтынуға мүмкіндік тудырды. Мұның бір пайдасы – бүгінгі күні талғажу қылуға тиімді ас өнімдерін дайындап шығаруға көмектеседі. Мәселен, қазір әлeмдегі жеті миллиард халықтың бір милли­арды ашығып, халыққа тамақ тауып беру мәселесі туындап отырғанда биотехнологияның жетістігімен қиындықтан өтуге болады. Аме­рика, Англия елдері ғалымдардың көмегімен осындай жаңа өнім түрлерін өндіріп, Кения, Индия, Африка елдеріне апаруды қолға алған. Бірақ, бұны мемлекеттік деңгейде жүргізбеген. Жекелеген кәсіпкерлердің қолымен жүзеге асырды. Бір ескере кететін жайт, биотехнология арқылы өндірілген азық-түлік пен жеміс-жидектер өз елдерінде сатылуына жол берілмейді.
Биотехнология арқылы ас өндіруді Қытай мықтап қолға алған. 9,2 мил­лион шаршы шақырым жерде екі миллиардтай халқымен нығыздалып отырған Қытайдың, әрине, кең алқапқа егіс салып, жағасын жайлауға жіберіп жатуға мүмкіндігі жоқ. Сол себепті де, химиялық тыңайтқыштар мен пестицидтерді шектен тыс пай­даланып, жылдам өсіп шығатын, тез пісетін және ұзақ сақталатын өсімдіктер өсіру жолын пайдаланды.
Ғылымның осы түрінің арқасында бүгін адам баласы азық-түлік, жеміс-жидек пен көкөністер тұтына отырып, түрлі жан-жануарлар мен жәндіктердің генін сіңіруде. Мәселен, оңайлықпен езіле қоймайтын қып- қызыл тастай қызанақ жеп отырып, ағзасына акуланың азу тісінің гені еніп жатқанын байқай бермейді. Сол секілді, құрт тұмсығын батыра алмайтын, қап-қатты, әдемі алмамен бірге шаянның, ал бір түйірі бір келіге дейін баратын картоппен бірге доңыздың генін ағзаға сіңіреді.
Бір түйірі қызанақтай шиелер­ге тағы да сол доңыздың гені, ал жүгеріге жәндіктер залалын тигізбеуі үшін жыланның уынан алынған белсенді ген енгізілетін көрінеді.
Түсінікті тілмен айтқанда, мәселен, акуланың азу тісінің бір генін алып, қызанақ жасушасының ішіндегі ДНК-ның бір бөлігімен алмастырып жібереді. Осылайша қызанақ ДНК- сы өзгеріп, мүлдем басқа өсімдік өсіп шыға келеді.

ДНК-сы өзгерген өсімдік денсаулыққа қауіпсіз бе?

Дүниежүзілік сауда ұйымының талабы бойынша, құрамдас ел­дер генетикалық түрлендірілген тағамдарды импорттауға шектеу қоймауға тиіс. Алайда, айтып өткеніміздей, АҚШ пен Англия гендік модификациядан өткен өнімдердің өз елдерінде сатылуына шек қойып отырады.
Бүгінде дүниенің төрт бұрышында сауда орындарын Қытай тауарлары жаулап алған. Алайда, Америка осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайға қарсы нота жариялап, қытайлық азық-түлік тауарларының елге кіргізілуіне тыйым жасады. Дәл осы­лай Еуроодақ, жекелеген елдерден– Малайзия мен Жапония да Қытай тағамдарының кейбір түрлерінің әкелінуіне тосқауыл қойды.
Осы жағдайлардың өзі тағамтану саласының ғалымдарын біраз сарсаңға түсірді. Ресей ғалымдары, мәселен, алпауыт елдер қамданып, қауіптің алдын алып жатқандықтан, гендік модификацияланған тағам түрлері адам денсаулығына зиян деген байламға келді.
Қазақ тағамтану академиясының академигі Төрегелді Шарманов бұл пікірмен келіскен емес.
«Кезінде селекция деген шығып, одан жұрт ат-тонын ала қашқан еді. Тіпті, дүниежүзі бұған қарсылық танытқан. Бірақ, қазір селекциясыз күн көру мүмкін болмай қалды. Сол секілді, қазір жыл­дан жылға көбейіп келе жатқан гендік модификацияланған өнімдерге қауіптене қарайтындар бар. Тіпті, Ресей ғалымдары гені модификацияланған өнімдер адамның генін өзгертіп, күрделі ақауларға ұшыратады деп жүр. Бұл – әлі толық тексеріліп, ғылыми мойындалмаған нәрсе. Сондықтан, бүгін біржақты пікір айта салуға болмайды. Менің ойымша, гендік модификацияланған тағамдардың адам ағзасына ешқандай да зияны жоқ. Қайта бұл технология тағамның жаңа қасиетін жасап шығаруға мүмкіндік беріп отыр», – дейді ол.
Десе де, қауіп сейілер емес. «Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» демекші, мүмкіндігі жеткен кез келген адам бір рет жесе де, бағасына қарамай, табиғи өнім алып тұтынғанды құп көреді. Олай болатыны, бір ғана Канададағы жағдай да әлем ғалымдарын ой­ландырып тастаған. Канаданың мал шаруашылығы мамандары қарапайым сиырдан сүтті екі есе көп беретін сиыр түрін биотехно­логия әдісімен өсіріп шығарған еді. Бұл, әрине, құпия түрде жүзеге асырылған. Осылайша, сүті көп сиырдың берген өнімі сатылымға шыға бастады. Артынан эколог, дәрігерлер сүт құрамын, оның ағзаға әсерін толықтай тексеруден өткізді. Нәтижесінде, зиянды деп табылып, мұндай өнімге тыйым салынды.
Сол секілді, Ресей ғалымдары да бір елді мекен тұрғындарына Қытайдың трансгенді өнімдерін ғана беріп отырып, екі жыл бойы бақылау жүргізген. Ауыл тұрғындары таза органикалық өнімдермен тамақтанған көршілес ауыл тұрғындарымен салыстырғанда, ас аллергиясына көп ұшырағыш болып кеткені анықталғанға ұқсайды…
Гендік модификациялау төңірегіндегі пікір қайшылықтарының сағызша созылуына түрткі болып отырған да – осы жағдайлар.
Ал өсімдік құрамындағы ДНК- ның адам геніне қаншалық әсер ететіні әлі күнге басы ашылмаған мәселе.

Ұлттық заңнамамыз не дейді?

Бүгінде елімізде жыл он екі ай бойы сатылатын көкөністер мен жемістердің 90 пайызы – Қытай өнімдері. Көптеген шет елдерде тағам құрамына трансгеннің қай түрі және қанша қосылғаны бақыланып отырады. Қазақстанда шетелден әкелінген тауарларға әзірге трансгені тұрғысынан тексеру жасалмайды. Себебі, гендік инженерия елімізде соңғы жылдары ғана қалыптасқан.
Өсімдіктер биология және биотехнология институтының клеткалық биология зертханасының меңгерушсі Нәзира Бишембаеваның айтуынша, бізде қазір ГМА (гені модификацияланған ағза) бағдарламасы енгізілген. Тіпті, ғалымдар алғашқы жоба бойынша трансгенді өсімдік өсіріп те көріпті. Ол бірақ өндіріске енгізілген жоқ. Өйткені, гендік модификациядан өткен өнім әбден тексеріліп, ұрығы алынып, көбейтіліп болғанша біраз уақыт өтеді.
Мәлім болғаны, қазірде ғалымдарымыз күріш, мақта, соя, кар­топ, т.б. өнімдер бойынша ғылыми жұмыстарын жалғастыруда. Мұнымен 1993 жылы құрылған Био­технология орталығы айналысады.
Сонымен, Қазақстан ГМА бағдарламасы қабылдаған. Алайда, әлемде болып жатқан гендік модификацияланған өнімдердің адам ағзасына әсері деген мәселе бойынша қазақ ғалымдары енді ғана үн қоса бастайды.
2010 жылы қабылданған «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» заң бойынша, бізде қазір трансгенді өнім нарыққа енгізілмесін деген тыйым жоқ. Алайда, бүгінгі күні Парламент «Гендік инженерия қызметін мемлекеттік бақылау ту­ралы» заң жобасымен жұмыс жасап келеді. Қазіргі бет алыс бойынша, депутаттардың мақсаты – гендік өзгеріске ұшыраған өнімдердің отанымызда кіргізілуіне, сатылуына шек қою. Мұндағы мақсат, әрине, халықтың денсаулығына төнуі мүмкін қауіптің алдын алу.

СӨЗ СОҢЫ

Бүгінде жер бетінде күн сайын 20 мың адам аштықтан қырылып жа­тыр дейді статистика. Жантүршігерлік осы жағдайды ойлағанда, гендік инженерия арқылы өнім өндіру, әрине, қажет. Ол – уақыт мәжбүрлігі.
Ал енді қазаққа гендік модификациядан өткен өнімді тұтынудың қажеті қаншалық?
Кең-байтақ жері бар, суы бар, күні де жылы, мал өсіріп, егін егуге қолайлы территорияда тұратын 16 миллион халық жасанды тағамға зар болып отыр ма?
Қытай ғалымы Лао-Цзы: «не жесең, соған тартасың» деген екен. Адамның қандай малдың етін көбірек жесе, мінезі соған ұқсап кететінін басқа ғалымдар да дәлелдеп баққан. Ал, расында, доңыздың гені қосылып, пішіні өзгерген, үлкен-үлкен шие мен қауынмен бірдей қытай қиярларын жеу бізді жылқымінезімізден алыстатып жібермей ме?..
Жан-жануардың гені қосылып өндірілген өнімді тұтыну ертеңге ұрпағымыздың да геніне, мінезі мен болмысына әсер етіп жүрмей ме?
Қытай көкөністері, әрине, арзан. Бірақ, байқап қараңыз: біз не жеп, қандай болып бара жатырмыз…

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button