Сараптама

Кімдер үшін «қолжетімді»?

Елордамызда тұрғын үй құрылысы ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Астаналықтар жергілікті әкімдіктің қолдауымен түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қоныстойын тойлауда. Жалпы тұрғын үй мәселесі, әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарды баспаналы ету әлемде әртүрлі деңгейде жолға қойылған. Осы бағытқа арналған «Қолжетімді баспана» атауы барлық елдерге тән, мақсаты да бір екен.

[smartslider3 slider=917]

Ұлыбритания әлемдегі ең қымбат тұрғын үйлері бар ел деп атағы шығады. Ең алдымен мұндай үйлер өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері, құтқарушылар, мұғалімдер, дәрігерлер мен тәрбиешілерге беріледі екен. Елдегі «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасына зейнеткерлер, мүгедектер және табысы төмен азаматтар да қатысады. Халқын тұрғын үймен қамтамасыз етудегі британиялық бағдарламаның тағы бір ерекшелігі пәтерлерді немесе үйлерді жалға алуды қолайламайды. Тұрғындардың дені меншік иесі болғысы келеді. Мемлекет олардың таңдауына бірнеше тәсілді ұсынып отыр. Осы бойынша отбасылар муниципалды пәтерлердің немесе үйлердің иесі бола алады. Қазіргі уақытта Ұлыбританияның жалпы тұрғын үй қорының ішіндегі әлеуметтік қолжетімді баспанасы шамамен 23 пайызды құрайды. Ол елдегі бағдарламалардың табысы төмен халыққа аса қолайлы еместігін көрсетеді. «Үй сатып ал» бағдарламасының шарттары бойынша сатып алушы тұрғын үй құнының 75 пайызы үшін қолайлы шарттармен несие алады, ал 25 пайызын мемлекет төлейді. Бұл бағдарлама британиялықтар арасында кең қолданылмайтын себебі ипотека мөлшерлемесі 5,5-тен 7,25 пайызға дейін. Бұл Ұлыбритания үшін өте жоғары екен. Оның қасында «Сатып алу құқығы» бағдарламасы барынша кең таралған. Баспанаға қол жеткізудегі бұл әдістің ерекшелігі әлеуметтік тұрғын үйде тұрып жатқан адам 2 жыл ішінде үйді сатып алады немесе айтарлықтай жеңілдікпен біртіндеп төлеп, жеке иелігіне өткізе алады. Оның үстіне мұндай муниципалды жылжымайтын мүліктің иесі әлеуметтік салада жұмыс істеуге міндетті емес. Бұл бағдарлама бойынша соңғы 10 жылда ғана 1,6 миллионнан астам британиялық отбасы тұрып жатқан үйін жеке иелігіне айналдырды.

АЛДЫМЕН БОСҚЫНДАР БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

Францияның қолданыстағы заңы бойынша әрбір салынған жаңа үйдің 20 пайызы «Әлеуметтік тұрғын үй» санатына қосылып, нарықтық бағамен салыстырғанда төмен бағамен сатылуы тиіс. Алайда Францияда да заңды айналып өтетін құрылыс компаниялары жеткілікті. Өйткені жаңа құрылыстың бестен бір бөлігін арзан беру тиімді болмаса керек. Көбі ірі айыппұл төлеп бұл міндеттен құтылады. Десе де бұл заң күшінде, егер Париж тұрғынының айлық табысы 2100 евродан аспайтын болса, республиканың шеткері аймағындағылардың табысы 1900 евродан аспаса, кез келген француз осындай үйге қол жеткізуі мүмкін. Бұл елде ең төменгі жалақының көлемі 1000 евродай. Сол себепті елдің көптеген азаматы осы санаттың қатарында. Францияда орташа есеппен әлеуметтік пәтерлердің шаршы метрі 80 м2 құрайды. Мұндай үйлерде отбасында 3-4 адамы барлар тұрып жатыр. Көп үйлер жұмысшылар ауданы деп аталатын елді мекеннің сыртқары бөліктерінде салынса, қаланың дәл ортасында ескі үйлердің орнына салынған нағыз буржуазиялық ғимараттарға табысы төмендердің қолы жетіп жатады. Заң бойынша әлеуметтік пәтерлер республиканың әрбір аймақтарындағы тұрғын үй қорының 20 пайызын құрауы тиіс. Мемлекеттік бағдарламаның шарттарына сәйкес, азаматтардың көптеген бөлігі әлеуметтік үй алуға құқылы, сондықтан жас француздар бес-алты жылдай кезекте тұруға мәжбүр. Олар жоғары оқу орындарын бітірісімен кезекке тұрады. Кейде заңда қарастырылған жеңілдіктерге байланысты одан да ерте әрекет ете алады. Тағы да ескеретін нәрсе басқа елдерден келген босқындарда алдымен үйлі болу басымдығы бар.

ГЕРМАНИЯ МЕН ҚЫТАЙДА ЖАҒДАЙ БАСҚАША

Немістердің мемлекеттік бағдарламаларына қатысу үшін тұрғындар табысының төмендігі емес, отбасы мүшесінің басында шаршы метрі болмауы негіз бола алады. Сонымен бірге табысы жоғары болса да, бір тұрғын үйде ата-анасымен тұрып жатса немесе бір бөлмелі үйде баласымен тұрса да, мемлекеттен баспана сұрай алады. Бұл елде тұрғындарды әлеуметтік үймен қамтамасыз етуден бөлек, тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж әрі табысы коммуналдық төлемдерді өз бетінше төлеуге мүмкіндігі жоқтарды қолдау үшін жәрдемақы төленеді. Бұл ретте отбасының несие мен салықтары шегерілген таза табысы ескеріледі. Тұрғын үй жәрдемақысын өзі тұрып жатқан үйдің төлеміне не әлеуметтік үйге де төлеуі мүмкін. Мұндай жәрдемақы адамға тиесілі барлық коммуналдық төлемдері мөлшерінде. Ал пәтерақы тұрған жеріне қарай өзгеріп отырады. Қытай өз кезегінде бұл мәселенің тиімді шешімін тапты. Елдің ондаған миллион азаматы үшін баспана мәселесін шешуде үш шарт ескеріледі. Үш жанды отбасы болып, айына кіретін табысы 500 доллардан аспауы керек, денсаулығы нашар болса, осы санатқа кіреді, әрине, миллиардтаған халықтың арасында баспаналы болу бақыты жолы болғыштардың ғана бағына бұйыратынын білесіздер. Бұл елде де қолжетімді баспана бағдарламалары ондаған жылдарға арналған. Шетелдік тәжірибеге шолу көрсеткендей, аз қамтылған отбасылардың баспана мәселесін шешуде жетекші рөлді мемлекеттің өзі қолына алуы тиіс. Бұл мемлекеттік бюджеттің басты бөлігі болып, әлеуметтік тұрғын үй құрылысына қаражат бөлініп, мемлекет өзі реттеуі тиіс. Ондай болмаған жағдайда, баспана адамның ең бірінші қажеттілігі емес, қол жеткізбес қымбат дүниеге айналады. Одан кейін жалға беру сияқты жеңіл табыс алып келетін, пайдасы артық қаражат көзіне айналады. Оның шет жағасын өзіміз де көріп отырмыз.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button