Басты ақпаратЕл тынысы

Кімге алғыс айтамыз?

Әрине, алғыс алған жақсы. Адамға алғысы жоқтың – Алла тағалаға алғысы (шүкірі) жоқ дейді. Адамзатқа алғыс тілеу – жақсы қасиет, игі үрдіс.

Биыл жетінші рет аталған бұл мерекенің маңызы сонда – 1-нау­рыз – қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш-қайғыны бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын күні ретінде белгіленген. Осыған орай елімізді түрлі-түрлі іс-шаралар, челлендж, жиындар, концерттер өтіп жүр.

Соңғы уақытта көбіне бұл мерекені тума-туыс, бауырға, ата-анаға, ұжымдастарға немесе таныс дос, жарандарға алғыс айту ретінде қабылдап жүргеніміз де – жақсылықтың белгісі. Жақсы адамдарға ізгі тілек ешқашан да көптік етпейді, қайта адамдар арасын жақындас­тыра түседі, ұлт болып ұйысуға себі бар. Бірақ, осы мерекені ішкі, сыртқы идеологияны жүргізуде ерекше қолданған жақсы ғой деген ойдамын. Тәуелсіздік алғалы туып-өскен Қазақстанды қимағанымен, сыртқа, өз Отандарына көшкен көрші-көлем, таныстарымыз жетерлік. Анам­ның мақта зауытында бірге жұмыс істеген Петро Либерт деген неміс инженер жігіті 90-жылдары тарихи Отанына отбасымен көшті. Кейін біздің елде қалған әке-шешесінің зиратына зияраттап келгенде апама соғып, жылап, «Қазақстаныма жетер жер жоқ, қазақтар секілді қонақжайлылық, қарапайымдылық басқа елде жоқ, әсіресе, соны сағынамын, қайтып келе алмаймын…» деп мұңайған екен… Петро сияқты Грекия еліне көшкен, Кореяға кеткен, Украинаға кеткен, тіпті Латвияға көшкен басқа ұлттар көп. Олардың біздің жерлерді игеріп, кеңшарларды кеңітуге, техникамыздың дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Оның бәрін бала кезімізде көзімізбен көріп, көрші ретінде қоян-қолтық араластық, шаруақор, еңбекқорлығынан үлгі алдық.

Әрине, сырттағы қандастарымызды елге көшіріп алу – маңызды мәселе ғой, осы мақсатта көші-қонға қатысты небір бағдарламалар қабылданып жатыр, ол енді басқа мақаланың тақырыбы. Бүгін айтайын дегенім, сол сыртқа кеткен, соғыс жылдарынан кейін, тың игеру жылдарында депортацияланып, жерімізге көшіп келіп, жергілікті қазақтармен бір нанды бөлісіп жеп, халқымыздың кеңдігін көріп, қамқорлығын мен жақсылығын сезінген өзге ұлт өкілдерімен де байланыс орнатып, ішкі, сыртқы саясатты жүргізуде жақсы бір жақтарын еліміздің болашағына пайдаланса, олар туралы мәліметтер базасын жасақтап, қазақ халқына алғысын тек әлеуметтік желілерде ғана емес, БАҚ-та, ресми сайттарда жариялап, ұлттық идеологияның бір жақсы ұстынына айналдырса деген тілек бар. Өзімізді өзіміз мақтағаннан гөрі, тарихтың небір солақай саясатының салдарынан, небір нәубет күндерде бірге тіршілік кешіп, бір топырақта өскен отандастарымыздың алғысын әлемнің түкпір-түкпірінен алып отырмасақ, ол адамдар да қартайып, жасы ұлғайып келеді, кейінгі ұрпақтары біле бермеуі де мүмкін, тарих беттеріне осындай ұлтымызға, ұрпақ тәрбиелеуге қажет дүниелер тайға таңба басқандай тасқа басылып қалса дейміз.

Алғыс айту күні атына заты сай, артына қалдырар тағлымы мол атаулы күн ретінде қаларына тағы да сенгіміз келеді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button