Басты ақпаратМәдениет

Кино көңіл көтеру үшін бе?

Қоғамдағы эстетикалық тәрбие өнердегі сұлулық пен әсемдікті дұрыс қабылдау, эстетикалық түсінікті, сезім мен талғамды тәрбиелейтін құрал десек, қазір бізде кино эстетикалық бірлік ретінде ешкімді қызықтырмайды. Мақсат ой салатын кино көру емес. Мақсат көңіл көтеру екені өкінішті-ақ.

Баяғыда кішкентай кезімізде болмашыға күле берсек, ұрысудың орнына шешем: «Көп күлген бір жылар» деп орынсыз қылығымызды тыятын. Сол айтқандай, қазақ киносы қазір адам жылайтындай деңгейде. Содан болар, алтын қордағы «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Атаманның ақыры» сияқты классикалық картиналарды қайта айналып көре беретініміз. Қазақ киносының да «алтын дәуірі» өткен ғасырда өтіп кеткен сияқты. Кеңес жылдарында бірлі-жарым ғана классикалық картина түсірілді. Онысы түсінікті, Мәскеуге қараған өнер одан әріге бара алмады…

Шынында да, әдебиет сияқ­ты емес, кино жаңадан қанат жайып келе жатқан жас жанр ғой, тәуелсіздік алғаннан кейін «Көшпенділер» түсірілді. Енді бұл картинаның басты рөлді сомдаған актеріне, жұмсалған шығынына қатысты дау-дамай көп, оған тоқталмаймыз, соңғы он жыл ішінде Ермек Тұрсыновтың «Келіні», Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласы» мен «Томирисі», Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы», Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбайы» мен «Біржаны», Мұрат Есжанның «Абайы» мен «Ахмет. Ұлт ұстазы» сияқты тарихи тақырыптарға арналған туындылар көрерменге жол тартты.

Бірақ бұл фильм­дердің шытыр­латып касса жинайтын себебі – сұранысқа сай болып тұр. Бізде кино эстетикалық бірлік ретінде ешкімді қызықтыр­майды. Мақсат ойлы кино көру емес, көңіл көтеру сияқты

«Бірақ осы фильмдердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да, «Қыз Жібек» пен «Менің атым Қожадағы» рухты бере алмады. Тарихи қателіктер мен тілдік кемшіліктер қоянның құлағындай қылаң беріп қалады. Жолжақсыновтың киносында ғана Таласбек Әсемқұлов сияқты қазақ сөзінің жілігін шағып, майын ішкен жазушы-зерттеуші сценарийін жазды. Ал қалған картиналарда соншалық ауыз толтырып айтатын мамандар болған жоқ. Сондықтан да тілі ақсап, мазмұны майысып жатады» деп жазды Жарас Кемелжан «Жас алаштағы» мақаласында.

Шынында да, саннан сапа шығады. Қазір «Қазақфильм» киностудиясынан басқа да киноорталықтар құрылып, фильм түсірумен тұрақты айналысатын болған. Тіпті соңғы екі-үш жылдан бері олар кинотеатрларға емес, ғаламторға арнап картина жасауға көшіпті. Кілең жастар. Бір аптада бір киноның бас-аяғын қайырып, ғаламторға жүктей салады. Оны youtube деген әлеуметтік желіден күніне бірнеше миллион адам көреді. Ақша әлгі YouTube-тен түседі дейді. Бәрі шедевр емес. Бірақ жастарға ұнайтын сияқты. Тілі жұтаған жаргон, картинасы жұпыны, мазмұны таяз болса да, бүгінгі қоғамның қотырын қасып, әлеуметтік мәселе көтереді. Бұл енді классикалық кино өнерінің санатына жатпас. Алайда мұндай жекеменшік киноорталықтардың өнімі қазақ киносына бәсеке тудырып, сапасының артуына түрткі болуы мүмкін.

«Әріптесім Дана Әменова отандық киноөндірістегі ең көп кассалық түсім жинаған фильмдердің үздік ондығын зерделепті. «Томиристен» басқасы комедия жанрындағы туындылар екен. Халық ойға күш түсіретін ауыр дүниелерге әлі де дайын емес-ау» деп жазды журналист Рауан Сәбитұлы өзінің Facebook парақшасында. Оған жазылған халықтың комментарийлерін қараңыз.

«Халық дайын емес деген дискурс биліктің халық демократияға дайын емес дегенімен бірдей. Осы халықты ақымақ көретін – қазақтар. Артхаус кинолар кинотеатрларға көп түспейді әрі барлық елде аз көрермен жинайды. Ал кассалық фильмдер ішінде тек комедия түсіреді бізде. Халық деп айтпас бұрын кішкене зерделеуді өтінемін. «Томиристен» басқа қандай кино шықты өзі? Қасым хан туралы бар, иә, бірақ одан басқасын есіме түсіре алмай тұрмын» дейді Асылтай Тасболат.

Гүлнұр Дауталина «Асылтай Тасболат, неге, көп қой, «Шал», Асылхан ойнаған кино бар, бірақ расында қызық емес, «Бизнес по-казахски»-ді көріп риза болдым» десе, «Немесе комедиядан басқа отандық фильмдер нашар деген сөз» деп тұжырымдайды Саясат Идеятұлы.

«Тарихи фильмдерді көрер­мен түсіне бермейтін сияқ­ты. «Қаш» фильмін көруге барғанда көрермен жастардың тарихтан «нөл» екенін көрдім» дейді Мөлдір Нұрман.

«Үлкен блокбастерлерді есептемегенде, жақсы отбасылық комедиялардың тұрақты түрде касса жинауы – әлемдік құбылыс. Дженифер Энистон сияқты актрисалар 30 жылдан бері содан нан жеп жүр» депті Арнұр Асқар.

«Киноны ақша табу мақсатында ғана түсіреді. Еш идео­логиялық реттеу, қадағалау деген жоқ» дейді Берік Аяпов.

Расында да, бұл орайда мемлекетшілдік рух, ұлттық идеология жоқтың қасы. Кино­шылар комедия жанрындағы той фильмдерін түсіруге көшті. Ең өкініштісі сол, басқа ешбір елдің кинотеатрын дәл біздікі сияқты тойдың видеосы жауып кетпеген. Соңғы бір жылда кинотеатрларда 27 қазақ киносы көрсетілді. Оның екеуі – әлеуметтік драма, екеуі – үрей фильм (ужас), үшеуі – тарихи драма, бесеуі – боевик, қалған оншақтысы – той туралы комедия мен мелодрама. Яғни сіз қазақ киносын көрем деп барған екі күннің бірінде тойдың үстінен түсесіз: үшеудің үйленуі де болды («Свадьба на троих», А.Бисембин), он алты қызға үйлену де болды («Он алты қыз», Қ.Мұстафин), ауылдан қалаға қашып барып үйленді («Побег из аула», Н.Адамбай), қаладан ауылға қашып барып үйленді («72 сағатта үйлену», Е.Жолдас), алып қашып үйленді («Мезет», А.Әбілов (қосымша линиясында), шымкентше үйленбек болды («Потому что шымкентский», Ш.Орынбаев), отызға толып та («Замуж в тридцать», А.Бисембин), толмай да үйленді («Супер той или замуж по казахски», Ғ.Асылов). Бәрінің кейіпкерлері не тойға дайындалып жатады, не той жасайды, не тойға қонақ болады, әйтеуір нысанада той маңындағы туысқандарымыздың әрекеті. Ж.Момышевтің «Бизнес по-казахски» комедиясы да жасанды дүние, Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабинасы» да сондай, «Бишарашки», «Брат или брак-2», «Бизнес по-казахски в Корее», «Аким», «Жаным, ты не поверишь!», «Розыгрыш по казахски», тағы басқа толып жатқан кассалық фильм­дер, Әсия Бағдәулетқызы әріптесім жазғанындай, мұның барлығы да – кино емес, скетчтердің жиынтығы ғана. Бірақ бұл фильмдердің шытырлатып касса жинайтын себебі – сұранысқа сай болып тұр. Бізде кино эстетикалық бірлік ретінде ешкімді қызық­тырмайды. Мақсат ойлы кино көру емес, көңіл көтеру сияқты. Сонда қазақта үйленуден басқа, ауылдан қалаға «қашу» мен қаладан ауылға «қашу» тақырыптарынан өзге проблема жоқ па дейміз ғой. Болмаса қазақты тойдан, күлкіден басқа ештеңе қызықтыра алмай ма?!

Қазіргі қазақ киносы қоғамдағы шырғалаң, әрқилы көзқарас секілді ала-құла болып, қазақ руханиятын жау­лап жатыр. Қалауын тапқандар мемлекеттен қаржысын алып, өз бетінше кино түсіріп жатыр, ал оның көркемдігі, мазмұны өнертанушылардан басқа ешкімді қызықтырған емес. Эстетикасы жоғары мәдени ортаны емес, арзан күлкіге қарқ болатын тобыр психологиясын тәрбиелеп жатырмыз. Табыс тапқанды, атақ алуды көздеген киностудиялар не болса соны түсіріп, анайы сөздермен кино түсіруге көшті. Сонда қоғамдағы көпшіліктің талғамын тәрбиелеу, ойлы дүние жасау, ұлт руханиятына жанашырлықпен қарау қайда қалды?! Оған жауапты билікте де, киногерлерде де мемлекетшілдік көзқарас болмаса, бұл жағдайдың әзірге түзеле қоюы неғайбыл…

 

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button