Мәдениет

Киноны тегін тамашалайды

Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Балалар жылы аясында «Жазғы кино» әлеуметтік жобасын бастады. Жоба шеңберінде балдырғандар мен жасөспірімдер «Қазақстан» орталық концерт залында жаз айларында өткізілетін кино көрсетілімдерін тегін тамашалай алады. Басты назарда – көпбалалы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан, ерекше көмекке мұқтаж балалар мен жасөспірімдер, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері.

[smartslider3 slider=3147]

Жобаның ашылуында «Қазақстан» орталық концерт залына экскурсия мен жас суретші Мейірім Шымырбектің «Ғажап әлемі» атты көрме ұйымдастырылды. Әрі қарай «Менің атым Қожа» фильмі көрсетілді. Кинотуынды кейіпкерлерін сомдаған Нұрлан Санжар (Қожа), Гүлнар Құрабаева (Жанар), фильмнің сценариін жазған жазушы Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева, режиссері Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар Қарсақбаев құрметті қонақ болды. Олар балаларды мерекелерімен құттықтап, сұрақтарына жауап берді. Нұрлан Санжар сұрақтарға жауап беру барысында өзінің кино әлеміне қалай келгенін әңгімелеп берді.

Киноға түсуден қорыққан бала Нұрлан сабаққа қатыспау үшін киноға түскен екен. Нұрланды бір сәтте Қожаға айналдырған Абдолла Қарсақбаевтың шеберлігін атап өтті. Уақыт өте келе, 2008 жылы кино әлеміне кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармасы желісімен түсірілген «Қош бол, Гүлсары» атты фильміне түскен. Құрметті қонақ өзін актерлік жағынан емес, сценарист жағынан көретінін анық айтты. Қазіргі таңда жазған кітаптары «Меломан» дүкенінде қарқынды түрде сатылып жатыр. «Оралман» фильмінің сценарийі Нұрлан Санжардың қаламынан туған.

«Менің атым Қожа» повесінің авторы Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева әкесін еске алды. Оның айтуынша, жазушы осы шығармада өзінің балалақ шағын жазған. Фильм­дегі мұғалім сөмкесіне бақа салған сәт өмірден алынған оқиға екендігін айтып, балаларды тәртіпті болуға шақырды. Әкесінің кейіпкеріне қатты ұқсағанын айтып, кітап пен фильмнің балалар жүрегіне жеткенін айтты. Киномен ғана шектелмей, повесті оқып шығуға кеңес берді.

Бірінші күні балаларды өнерге баулу мақсатында сурет өнері мен гиперреалистік мүсін жасау бағыты бойынша белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Телғозиева мен танымал мүсінші Айдос Есмағамбетов шеберлік сабақтарын өткізді.

«Жазғы кино» жобасы аясында балаларға «Күлтегін», «Айдаһар», «Мұзбалақ», «Ер Төстік», «Кенже қыз» мультфильмдері мен «Паралимпиец», «Время патриотов», «Боксер», «Каникулы офлайн» т.б. отандық көркем, тарихи кинофильмдер көрсетіледі. Іс-шара Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы, «Қазақфильм» АҚ, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

Әсемай ЕРЛАНҚЫЗЫ, әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің студенті

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button