Басты ақпаратҚала мен Сала

«Кирпичный» жағдайы жақсарды ма?

Астананың Байқоңыр ауданына қарасты «Кирпичный» тұрғын алабында 5,5 мың адам тұрады. Елорда іргесіндегі «жұпыны ауыл» атанған алап Алаш тасжолының сол жақ бетінде, орталық базардың артында орналасқан. Қазіргі атауы осындағы бұрынғы кірпіш зауытына байланысты қалған. Сол кәсіпорынның ашылуымен осы аумақта елді мекен пайда болыпты.

Өлкетанушы­лардың ай­ту­ын­ша, ке­зінде бұл жерде кішкене көлдер мен балшық көп болған. Сондықтан мұнда қамыс қаптап өсетін. Кейін өндірістік аймаққа айналса да, қамыс азаймаған. Ол қаулап шыққан кездері алап тұрғындарына қиын тиетін. Жергілікті билік оны кесу арқылы күресіп келеді. Қамыстан бөлек, алапты барак қирандылары сүреңсіз ете түседі. Күз бен көктемдегі жердің иленген балшығы «Кирпичныйға» тән нәрсе болып кеткені сонша, бұл тіпті тұрғындарды мазаламайтын жайтқа айналған еді. Шынжырланғаны бар, бос жүргені бар, ауыл иттерінің үргені алаптың «басты әуені» болып кеткендей. Оған қоса, өндірістік аймақтан басталып, үйлер мен үйшіктердің үстін басып тұратын қою түтін кент көрінісін көлегейлей түсетін.

Алап аумағындағы ең басты көрнекі орын бұған дейін наркология орталығы болыпты. Интернет желісі дамымаған кезде бұл орталық сыртқы әлеммен байланыстың негізгі құралы – телефон болуымен алаптың халқы үшін маңыз­ды нысан болып саналған. Одан бөлек, мәдениет үйі мен кітапханасы да болған деседі, бірақ олардың сыртқы келбеті рухани азық алуға деген құштарлықты оятуға септік етпепті. Мектебіне де ата-аналар баласын беруге құмар емес-ті. Сондықтан шамасы жеткендер балаларын орталықтағы мектептерге таситын.

Елорда құрылғалы бері жол, газ, су, жылу және басқа да әлеуметтік мәселелері қордаланып қалған елді мекеннің хал-ахуалы туралы көп айтылып, жазылды. Тұрғындардың айтуынша, астананың даңқы асқақтап, күн сайын дамып, гүлденіп жатса да, бұл алапқа соның жұрнағы да келмейтіндей сезілетін. Дегенмен уақыт өте өз алдына бөлек жатқан бұл «аралдың» да тіршілігі түзеліп, қаланың шет аймақ­тарын дамытуға көңіл бөлінгелі жағдайы ақырындап жақсарып келеді. Әрі ауыл халқының жанайқайы, әкімдерге сұранысы мен ұсынысы, шағымдарының күшімен көптеген мәселе реттелуде. Алаптағы денсаулық сақтау нысандарына биыл күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар әкімдік «Бюджетке қатысу» жобасы арқылы балалар ойнайтын үлкен алаң жасады.

Бұрын алапты қаламен жалғайтын қоғамдық көлік жалғыз №1 автобус еді. Қазір оның қатарына №1А, 6, 11 автобустары қосылды. Оның үстіне бұрын тек армандау­ға болатын жылы аялдама салынып, алап тұрғындары алғаш рет өркениеттің лебін сезді. Іргесінен қаланың ең басты орталық базарының пайда болуы да елді мекеннің еңсесін тіктеуіне ықпал етті. Біртіндеп сауда орталықтары мен павильондардың салынуы алаптың маңызды нысандарының қатарын көбейтті. Газ келе қоймағандықтан, жеке сектордың түтіні әлі қолқаны алады, қаптаған иттері мен кеңестік кезден қалған көліктер де көлденеңдейді. Дегенмен мұның бәрі бұрынғыдай көңілге кірбің түсіре қоймайды, себебі жаңадан салынып жатқан көптеген ірі құрылыс жаңа өзгерістің болатынын аңғартады. Наркология орталығы да баяғыда бұл жерден көшіп кетіп, қазір қиын жағдайға тап болған азаматтарды қайта әлеуметтендіру орталығы ашылған. Сонымен қатар медициналық колледж де осында бой көтерді.

Өзге тұрғын алаптарға тән мәселелер «Кирпичныйда» да бар. Соның ішінде газдандыру мәселесі. Газды 2023 жылы қосу жоспарланып отыр. Байқоңыр ауданы әкімінің бас инспекторы Ержан Қарабаевтың айтуынша, тұрғын алаптың барлық 23 көшесіне тасжол төселді. Жөндеуден өткен «Достық» емханасы пациенттерді қабылдай бастады. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе – жаңа мектеп салу, себебі мұндағы бұрынғы №12 мектеп апатты жағдайда болды.

– Қазіргі таңда 600 орынға шақталған №12 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Алапта тұратын оқушылар әзірге «Өндіріс» елді мекеніндегі №23 мектепке қатынап жүр. Оларды апарып-әкелуге арнайы мектеп автобусы шығарылған. Жаңа оқу орны келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, – дейді Ержан Қарабаев.

Ең басты өзгеріс әкелген жаңалық – сүреңсіз барактардың сүрілуі. Олардың орнына скверлер, балалардың ойын алаңдары, әткеншектер мен спорт тренажерлері, футбол және баскетбол алаңдары пайда болды. Жақында алапта тағы бір спорт алаңы ашылды.

Максим УДОД

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button