Қала тіршілігіСұхбат

Кирсан ИЛЮМЖИНОВ, ФИДЕ президенті: МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛДЫМ

Астана таяуда әлемдік шахматтың аренасына айналады. Атап айтқанда, алдағы маусым айының 23-інен бастап 1 шілдеге дейін елорда төрінде жылдам шахмат және блицтен әлем чемпионаты өтеді.

Кеше байрақты жарыстың өтуіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Біз осы мәслихатқа арнайы қатысқан Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Кирсан Илюмжинов мырзаны әңгімеге тартқан едік.

– Халықаралық шахмат федерациясы Қазақстанның шахматтан әлем чемпионатын өткізуге деген өтінімін аса ризашылықпен қабылдады. Бүгінгі таңда Қазақстанда шахмат өте қарқынды дамып жатыр. Мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетілетіні сезіледі. Осы факторлар әлемдік чемпионатты Астанада өткізуге айрықша әсер еткенін айтуға тиіспіз. Шахмат әлеміндегі соңғы жылдардың мәліметіне қарасақ, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы өте үлкен жетістіктерді бағындыра бастады. Мәселен, жасөспірімдер арасында өткен биылғы әлем чемпионатында жас шамаларына қарай үш бірдей қазақ қызы әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл керемет жетістік қой! Өз басым қазақ қыздарына қайран қалдым. Міне, осындай талантты жас-тар өсіп келе жатқан елде әлем біріншілігін өткізудің өзі жарасымды деп ойлаймын.

– Чемпионаттың регламенті қандай болады?

– Астанада жылдам шахмат және блиц бойынша әлем чемпиондары айқындалатын болады. Бұл жарыстың жартылай финалына ғана 200-ден астам шахматшы қатысатын болады. Олардың ішінен жылдам шахмат және блиц бойынша тек үш адамнан негізгі чемпионатқа іріктеліп шығады. Жалпы, негізгі чемпионатта 16 шахматшы бақ сынайды. 10 халықаралық гроссмейстер ФИДЕ рейтингі бойынша, 1 шахматшы ФИДЕ президентінің ұсынысымен, ал, екі үміткер Қазақстан атынан қосылады.

– Әлемдік шахматта әйгілі болып жүргендерден кімдер қатысатын болып отыр?

– Қазіргі әлем чемпионы үндістандық Ананд, украиналық Грищук, ресейлік Понамарев, американдық Камский және басқа да танымал гроссмейстерлер келеді. Бір сөзбен айтқанда, Астана чемпионатына әлемдік шахматтың мықтылары жиналатын болып тұр.

– Әлем біріншілігінің жүлде қоры туралы айта аласыз ба?

– 400 мың АҚШ доллары. Тағы бір қосарым, бұл әлем чемпионаты Астана күні қарсаңында өтетін болып отыр. Демек, сіздердің қалаларыңыз үшін де, ФИДЕ үшін де бұл жарыс зор мәртебе деп ойлаймын.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button