ӘлеуметБасты ақпарат

Кісімен тіл табысу – үлкен өнер

Естеріңізде болса, осыдан біраз жыл бұрын  «Ханның қызысың ба?» деп лауазымды қызметкер мен қарапайым азаматтың ортақ тіл табыса алмауының көрінісі қоғамда сан алуан пікір тудырған еді ғой. Әрине, кім болсын бүйірден тиіскен тосын сауалға не айтарын білмей тосылып қалатын жайттар жиі кездесіп жатады. Соған қарап, тұйықта жол табу өнер ме деп қаласыз. Білсек, бұл тек өнер емес, ғылым да екен. Ғылымның  «конфликтология» деген саласы екен. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік ғылымдар факультетінің PhD докторы Сымбат Шакиров – конфликтология мәселесін зерттеуші ғалым.

«Әлеуметтік қақтығыстардың тұрақты пайда болуы конфликтогендік, ашық қақтығыс­тар және қақтығыстардың салдарын, оны тудыратын нақты себептерді анықтауды қажет етеді. Осыған байланысты отандық конфликтологияның даму мәселелерін қарастыру ерекше өзектілікке ие» дейді Сымбат Шакиров.

– Осы тақырыпты бастамас бұрын елімізде дамып келе жатқан медиация туралы айтып берсеңіз. Конфликтология медиациямен қай жерде қабыспай, қай жерде бірін-бірі алмастырады?

– «Әлеуметтік конфликтер және әлеуметтік медиация: философиялық талдау» тақырыбын зерттеп, диссертация қорғадым. Жалпы адам баласы жаратылғалы өзара келіспеушіліктерден туындаған кикілжің дауға айналып, жанжалдасып жатады. Жаратылыс солай. Адамзат табиғатының бұл қыры ғылыми негізге айналып, жаңа пән, жаңа түсініктер ретінде ғылыми айналымға енгеніне көп уақыт өткен жоқ.

Кенжелеп қалса да, енді дамып келе жатса да, конфликтология ғылыми нысан есебінде 2022 жылға дейінгі қаңтар оқиғасына дейін және одан кейінгі кезеңді қамтиды. Оған дейінгі кезеңде саясаттану факультеттерінде саяси конфликтер деп қана қаралып, этноконфликтер саласы да біршама оқытылатын. Уақыт талабына қарай ғылымға жаңа мән беріліп, оның бұқарамен тіл табысуда қажеттігі алға шықты. Соның өзінде әлі де пән ретінде жан-жақты зерттеліп, қазақ ғылымының әлеуметтану негіздерінің біріне айналып, күн тәртібіне қойыла қойған жоқ. Конфликт, конфликтология деген мәселе жабулы қазан күйінде қалды. Аз айтылып, кем түсіндірілгеннен кейін қоғам да мойын бұрар емес. Оның тағы бір себебі: елімізде медиацияға барынша мән берілді. Ол туралы заң қабылданып, тұтас бір институт ретінде қарастырып жіберді. Оның көлеңкесінде конфликтологияның толық мағынасы ашылмай қалды. Екеуі­нің де мүддесі бір болғанмен, медиа­ция мен конфликтология­ның айырмашылығы жер мен көктей. Медиация қарапайым тілмен айтқанда, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін екі тараптар арасындағы дауды араағайын болып келістіреді. Кәсіби түрде медиаторлар әлі қалыптасқан жоқ, көбіне заңгерлер, қоғам белсенділері бұл іспен айналысып жүр. Бұл да жұмысты қиындатады. Ал ғылыми тұрғыдан келгенде, медиация конфликтологияның бір саласы болып, осы ғылымның бір қанатындай қарастыру керек еді. Алайда оны барды да конфликтологияның аясынан жұлып алып, институт етіп өз алдына бөліп тастады. Бұл – өте үлкен қателік. Асылында, медиация нақты екі тараптар арасындағы бір жанжалды өзара отырып шешудің бір құралы ғана. Яғни дау туындап, шарықтау шегіне жетіп, тығырыққа келген екі тарапты бітістіру мақсатында ортақ қолайлы шешім табуда таптырмайтын құрал. Ол дау қалай туындады, қандай жағдайда өрбіді, оның саяси-әлеуметтік, діни астары, тағысын тағы алғышарттарын анықтап, сараптап, табиғатын танып, болжамдар жасамайды. Бұл сұрақтар конфликтология аясында қарастырылады. Сондықтан конфликтология бөлек институт ретінде қаралып, осы саланың мамандарын оқытуды бастау керек.

Кенжелеп қалса да, енді дамып келе жатса да, конфликтология ғылыми нысан есебінде 2022 жылға дейінгі қаңтар оқиғасына дейін және одан кейінгі кезеңді қамтиды. Оған дейінгі кезеңде саясаттану факультеттерінде саяси конфликтер деп қана қаралып, этноконфликтер саласы да біршама оқытылатын. Уақыт талабына қарай ғылымға жаңа мән беріліп, оның бұқарамен тіл табысуда қажеттігі алға шықты

– Түсінуімше, конфликтология медиацияға, яғни мүдделердің заңның таразысына түсірмей тұрып, ойыннан өрт шығармай, оның алдын алу, болдырмаудың жолын қарастырады ғой.

– Сырттай қарағанда, қоғам тыныш көрінгенмен, конфликтологияның зерттеу нысандарына айналатын түйінді мәселелер жеткілікті. Керек десеңіз, адамның қарақан басында да ішкі тұлғалық конфликтер болады. Өмір болған соң екі адамның басы піспейтін, жұлдызы қарсы жағдайларды қайда қоясыз? Оған отбасындағы кикілжіңді, діни, этнос­тық, еңбек ұжымдарындағы, ұрпақтар арасындағы, саяси, құқықтық конфликтерді қосыңыз. Барлық конфликтерді басқаруына қарай оның шешімі, реттелетін жағдайлары болады. Ол табиғатына қарай біресе өршіп, бірде басылып, уақыт өте келе, басқа нәрселер себеп болып қайтадан көтерілуі де мүмкін. Немесе бір даудың басы екіншісіне жеткізіп, мүлдем дес бермей кетуі де ғажап емес.

– Ұлтымыздың тарихында жер дауы, жесір дауы, тағы басқа дау-дамайды бір ауыз­бен шешкен шешендер мен билердің өз орны болды ғой. Жаңа заманда бұл тәжірибенің қолданыс табуы мүмкін бе?

– Көзқарастар бітімсіздігі. Адамның астамшылығы, қыз­ғаныш пен көралмаушылық, жетіспеушілік, тіпті екі тентектің төбелесі де дауға апарады. Яғни адам өзінің жаман қасиеттерінен жиренбейінше, дау-дамай тоқтамас болар. Бұл орайда оны сыртқа шығармаудың, туындаған жерінде басудың және оны бұқаралық сипатына жеткізбеудің мәні зор.

Қазақтың ұғымында келмеске кеткен би-шешендерді айтпағанның өзінде, әр ауылда «ел ағасы», «игі жақсылары» деген тұлғалар болды. Бұл кісілер айналасына сөзі өтетін дуалы ауызды, кісілігін жоғалтпаған әділ адамдар еді. Айналасы сыйлайтын, құрметтейтін, ең бастысы, бір ауыз сөзіне тоқтап сенетін. Ғалым болған соң елдегі өзгерістерді де түгел қамтып зерттейміз, кейбір аймақтарда «ру басы» деген институт қалыптасып келеді. Оның жақсылығын айтқанда, дауласқандарды ымыраға келтіруден бұрын, дауды болдыр­май, өз іштерінде зерделеп, жоқ-жітігін түгендеп, одан қалды «атымызға ұят келмесін, ел алдында масқара болмайық» деген қағидамен қоғамдық негізде елді біріктіріп жұмыс істейді. Рушылдықты қолдамаймын, бірақ мұны дауды қоздырмау­дың бір амалы деуге болады. Мемлекет тарапынан қоғамның осал топтарына әлеуметтік көмек көрсетіледі ғой. Дегенмен кімнің басында қиындық бар, кімге қандай көмек керек, кімнің жан дүниесі дағдарыс­та жүр, осының бәрін басын ашып, іштей шешіп отыруға мұндай адамдардың ықпалы болады. Яғни ағайыншылық деп аталатын дәстүрімізбен бірге шешіледі.

– «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, әлемдік өлшемді алмағанның өзінде, отбасылық конфликтер мына қоғамның айықпас дертіне айналғандай. Оны қалай шешуге болады?

– Бүгінгі таңда заңның үстемдігін айтады. Заң үстемдігін айтпас бұрын, алдымен салт дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды ескеріп, тығырықтан шығар жол ретінде қолданып көрдік пе?! Заңға жүгінген дұрыс шығар, меніңше, заңды алға тартпас бұрын өмірдің заңы, салт-дәстүріміз бен тәрбие дауға қарсы дуа болса қалай жақсы?! Кісіге қиянат жасама, ақысын жеме, ала жібін аттама, сыртынан ғайбат сөйлеме, обал-сауап дегендей моральдық қазықтарымыз нық қағылуы тиіс.

Бұл заңды тұғырынан түсіріп, оның маңызын елемеу деген сөз емес. Заң талабы осы қазақтың адами қасиеттері тұрғысында қарастырылып, шектен шыққан жағдайда ғана заңға жүгіну қажеттігі болса, онда ол – қайырлы қоғамның белгісі. Моралі мығым елдің адамдары арақатынасында заңға дейінгі көп мәселелерді ұлттық ұстаным деңгейінде шектен шығармас еді.

– Отбасы болған соң ыдыс-аяқ шылдырламай тұрмайды. Қазіргі күнде некесі қиылған ерлі-зайыпты бір-бірінің кемдігін толтырып, бір-біріне қамқоршы жандар деген түсініктен ажырап барамыз ба, қалай?

– Әйел мен еркек бір-біріне қарама-қайшы, бір-біріне илікпейтін, бір-біріне бағынбайтын, керек десеңіз, мойын­сұнбайтын екі тұлға дегенді қабылдап, сол ұғымды мойындап келеміз. Бара-бара солай болып қалады да. Сол себепті «толық отбасы» қағидасын қайта қарау керек. Толық отбасы – толық мемлекет, толық адам. Бұл жерде толық отбасы қағидасын конфликтология аясында да қарап, мемлекет тарапынан толық отбасын қолдап, оны мемлекетіміздің мықты негізін құрайтын институт ретінде көтермелеуі тиіс. Ұлттық құндылықтарға негіздеп тұжырымдамасын жасау керек. Неке, отбасы заңдарын еуропалық ұстанымға емес, ұлттық құндылықтарға бейімдеп жазу керек. Демек, оларға жеңілдіктер беріп, отбасын сақтай алғандарға қосымша мүмкіндіктер ашып, жағдайын жақсартуға жағдай жасалуы керек.

Ал ғылыми тұрғыдан келгенде, медиация конфликтологияның бір саласы болып, осы ғылымның бір қанатындай қарас­тыру керек еді. Алайда оны барды да конфликтологияның аясынан жұлып алып, институт етіп өз алдына бөліп тастады. Бұл – өте үлкен қателік

Бізде, керісінше, онсыз да іші қара қазандай қайнап жүргендердің қанын қарайтып, «Әке, алимент төледің бе?» деп жолдың бойына билбордтар іліп қояды. Мұның өзі қоғамның толық отбасын сақтау жағында емес, ажырасқандардың таңдауын жөн көріп, отбасы қиындықтарына шыдамай, басын құрай алмағандарды қолдау ретінде көрінеді. Яғни «толық отбасы» деген ұғымға қарсы жұмыс істейді. Әрине, жетім-жесір, тағы басқа тағдыр­дың ауыртпашылығы түскендердің жөні басқа. Ата мен әже, әке мен шеше, бала мен немере сияқты берік отбасының негізін құрайтын тұлғалардың бірлесе жасайтын ортақ үйі құлаған соң, араларындағы кикілжің барлық бағытта барынша кеулеп жанады. Оның салдары, бала психологиясын айтпағанның өзінде, қаншама қасіретке алып барады. Оны болдырмас үшін толық отбасы мәселесін кешенді түрде мемлекет қолдауымен жолға қоя білсек, бүгінгідей тығырыққа тірелмейміз. ­Айтамыз, айтамыз, бірақ нақты қағидадан тысқары, сыртқы сипаттарын насихаттау­мен шектеліп, құндылықтарды қайта нықтауда нақты жұмыстар жүргізіліп, оң нәтижеге қол жеткізіп жатқаны шамалы. Аталар, әжелер институты, әкелер институты жаңа қоғамда ұлттық реңкпен қалпына келуі тиіс. Толық отбасы болмағаннан, ұлттық құндылықтарымызға негізделген сол отбасының салт-дәстүрін ұстанбағаннан кейін жастар неден үлгі алады, қарым-қатынасын қалай қалыптастырады? Осыдан барып зорлық-зомбылық, ұрыс-керіс, көз жасы қалыпты көрініске айналып, шарасыздыққа түстік. Бұл да өміріміздің маңызды бір тармағы ретінде конфликтология ауқымынан тыс қалғаннан қоғам ширығып, адамдардың ішкі реніші, ашу-ызасы сырт­қа шарпиды. Бұл әлеуметтік қақтығысқа алып келеді.

– Шаңырақ шайқалғанда ерлі-зайыптылар арасында, әке мен бала арасында, құда-жегжат тағы бар, түсініспеушілік үдеп кетеді…

– Оның соңы адамдардың деградациясына, мінез-құлқының өзгеріп, ізгілік пен мейірімнен айырылып, өзін тығырыққа қуып тығады. Мемлекеттің бірлігін шайқайды. Бұл үшін сараптамашы болып ақылсынудың қажеті жоқ, жанжал ұлттық әдеп-ғұрыпты ұстамайтын белгілі тәртіпке құрылған өмірдің заңдылығына сәйкес ұлттық дәстүрге бейімделмеген жерде өршиді. Қадір тұтар қасиетті жоқ жерде адам қайырылып тоқтамаса да керек.

– Ал дінаралық түсініспеу­шілік астарында не жатыр?

– Әлеуметтік конфликтердің бастысы ретінде діни конфликті алайық. Әсіресе дін атын жамылып келіп, берекемізді алған салафилердің ылаңы шектен шығып барады. Оларда салт-дәстүр, әдет-ғұрып жоқ. Тек хадис бар. Діни сауаты жоқтар ақ-қарасын білмей үлкен теңізде ескексіз қайықтай бет алысы белгісіз бағытқа кетіп барады. Жаманы, қайда бара жатқанын білмейтіндер армиясы пайда болды. Қазақ шариғатты жоққа шығармайды, ислам аясында этнопсихологиясын этникалық болмысын ислам құндылықтарына негіздеп, рухын тіктеп, бірнеше ғасыр бойына шаңырағын шайқалтпаған халық едік. Дін аясында моральдық ұстанымымызды бекітіп, жер бетінде адамдармен қарым-қатынасын жасап тірлік етудің барлық нормаларын жасап, оны құндылыққа айналдырып еді. Енді халқымыздың бір тобы одан айырылып барады.

Сайып келгенде, екі адам жанжалдаспас үшін ортасын түзеу керек. Кез келген әлеуметтік дауды ұлттық ұстанымдар тұрғысында шешіп, шектен шығармауға болады.

Көп жағдайда сөзіміздің мәтелі болып кеткен «айтуға оңай» дегенді тағы қайталағым келеді. Мұндай жағдайда алдымен адам өзінен бастау керек деген сөз айтуға оңай деп қабылдайсыз. Расында, адам басына келген қиындықты, өзі тұтатқан кикілжіңді әрқашан да өзгеден көреді. Адамның белгілі бір мәселені жүрегіне жақын алып, барлық ашу-ызасымен ушықтырып, түймедей нәрсені түйедей дауға айналдыруы әп-сәтте. Егер екі жақ та кері кетпей, бет жыртысып, бірін-бірі көрмей кеткенше ақылмен шешейік деп ымыраға келсе, барлық дау өршіместен, тұтанған жерінде сөнеді.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button