Мәдениет

Кітап мерекесі шақырады

Кеше елордада Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Eurasian Book Fair-2022» V Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды. Бес күнге жалғасатын кітап мерекесін 24 сәуірге дейін «EXPO» халықаралық көрме орталығында тамашалауға болады.

[smartslider3 slider=2758]

Үш жылдық үзілістен кейін қайта жаңғырған көрме-жәрмеңкеге қатысуға баспа, кітап саудасы, ғылым-білім беру және полиграфиялық қызметті ұсынатын 80-ден астам компания өтінім берді. Арасында шетелдік баспалар да бар. «Фолиант» баспасы бесінші рет ұйымдастырып отырған шара аясында 100-ден астам мәдени шараны және жаңа кітаптардың тұсаукесерін өткізу жоспарланған.

Көрме-жәрмеңке аясында жазушы Николай Лугиновтың (Якутия) қазақ тіліне аударылған «Шыңғыс хан әмірімен» романы, жазушы Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» тарихи романы, Қуаныш Абдухалимовтың «Роза Бағланова» кітап-альбомы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда», «Мұхиттан өткен қайық» романдары, балалар жазушысы Нұр Домбайжының (Түркия) ана тілімізге тәржімаланған «Шатақ қыздың шатпақ күнделігі – 2», т.б. кітаптардың таныстырылымы өтеді.

Биыл «Балалар жылы» екені де ескеріліп, кішкентай оқыр­мандарға қызықты ойын-сауық бағдарламасы әзірленді. Атап айтқанда, балалардың шығармашылық дамуына сеп болатын шеберлік сағаттары, мультфильм кейіпкерлері және балалар кітаптарының желісіне негізделген интерактивті квест ойындары мен балалар жазушыларымен кездесу және концерттік бағдарламалар дайындалды. Соның ішінде ресейлік иллюстратор және «Көршілер» кітаптарының авторы әрі Bologna Ragazzi Award-2021 лауреаты Каси Денисевич өткізетін шеберлік сабақтарын, «Жас терек» балаларды дамыту орталығы өткізетін саз терапиясы және түрік жазушысы Нұр Домбайжының сурет салудағы жаңа әдістеріне арналған шеберлік сыныбын ерекше атап өтуге болады.

Көрме барысында алты аталым бойынша «Жылдың үздік кітабы» анықталады. Бұл – «Үздік оқулық», «Үздік өлкетану басылымы», «Балаларға арналған кітап», «Мәдениет пен өнер», «Ғылым мен инновациялар», «Гран-при». Сайыс қорытындысында жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталады. Көрме-жәрмеңкеге Нұр-Сұлтан қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі белсенді атсалысып жатыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button