Мәдениет

Кітап оқығандай кездесу

Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Мерейлі қаламгерлер» жобасы аясында көрнекті жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқановамен кездесу өтті.

Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы мен №8 мектеп-лицей ұстаздары мен оқушылары, оқырмандар, кітап­ханашылар қатысқан іс-шара қаламгермен сырласу кешіне айналды. Жазушы алдына айқын мақсат қойған адам «талаптың тұлпарына мініп», еңбектенсе, соған сөзсіз жететінін айтты.

«Жазушы болуды армандадым. Мектеп пен үйдің арасы өте алыс болды. Соған бара жатып, Мұхтар Әуезовтің әңгімелерін, оның «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Еңліктің монологын жатқа айтып, сол рөлді сомдап, жан-жағымдағы табиғатпен тілдесіп, ақыры арманыма жеттім» деген қаламгер өмір жолы туралы, әдебиет әлемі, кітап оқудың пайдасы жайында өнегелі әңгімелерді айтты.

7 сыныпта оқығанда алғашқы әңгімелерін, эсселер жаза бастап, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне жолдайтын. Бұл тұрғыдан сәтті шыққан туындыларын басып, жарамайтындарына тиісті ақыл-кеңесін айтып, хат жіберген басылымның сол кездегі бас редакторы, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова қауырсын қаламына қанат бітірді. Бірнеше жыл бұрын Роза Мұқанова оның рухына арнап «Фариза» драмасын жазды. Түркістан музыкалық драма театрында табысты жүріп жатқан бұл спектакль күні кеше ғана Астанада өткен «Театр All» III халықаралық театр фестивалінде «Үздік қойылым» аталымында топ жарды. Аталмыш қойылымды тамашалау үшін киелі шаһарға еліміздің әр аймағынан жұрт арнайы келетін көрінеді.

Әрине, Роза Мұқанованы қаламгер ретінде танытқан – «Мәңгілік бала бейне» шығармасы. Бастапқыда прозалық туынды болып туып, кейіннен драмаға айналып, сахналанған шығарманы кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов кино етіп түсірді. Аталмыш шығарма Астананың өзінде «Мәңгілік бала бейне» және «Қызжылаған» атауларымен үш өнер ошағында, Қуыршақ театры, «Қанаттылар» инклюзивті театры және Музыкалық жас көрермен театрында сахналанды.

Жазушы кездесуде қойылған тиісті сұраққа байланысты осы туындының жазылу тарихын айтып берді. Бұған қоса, әдебиеттің қоғамға әсері, қазақ әдебиетін әлемге таныту, қаламгердің бойында болу керек қасиеттер, басқа  да әр алуан сауалдар қойылды. Кітапханашылар Роза Мұқанованың әңгімелерін мазмұндады. Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералының қаламгерді мерейтойымен құттықтауы оқылды. Кездесуді қорытындылаған Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева «Қаламгермен кездесуде кітап оқығандай әсерде болдық» дей келе, шығармашылық табыс тіледі.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button