Мәдениет

Кітапхана – жан азығы

«Кітап – өмір ұстазы» депті аузы дуалы бір данышпан. Қалай айтса да, дәл тауып айтқан. Соңғы жылдары жұртшылықтың кітап оқуға деген ынтасы қайта оянды. Оны қайдан білесіз дейсіз ғой… Жақында қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінде болдық. Іргелі ұжымның атқарып отырған жұмысымен таныстық. Сонда жүзеге асып жатқан көптеген жақсы істерге куә болып, көзіміз жетті.

Әкімдік қаражат бөлді

Бүгінде аталған мекемеге 18 кітапхана қарайды. Соның ішінде алты балалар кітапханасы, бір зағиптарға арналған кітапхана, қалғаны салалық кітапхана болып саналады. Онда 700 мыңға тарта кітап қоры сақталған. Оның 200 мыңға жуығы – қазақ тілінде жарық көрген дүниелер. Кітапханалар жүйесіне елорда бойынша 70 мыңнан астам оқырман тіркелген. Оның тең жарымы – балалар. Әсіресе, жас жеткіншектердің кітапқа деген қызығушылығы артқаны қуантады. Барлық ұжым интернетпен толық қамтылған.
– Біздің кітапханаларда біраз жаңалық бар, – деп сөзін бастады мекеме директоры Гүлбадан Мәдібаева. – Қазір озық технология дәуірі. Сондықтан біз де одан шет қалып отырған жоқпыз. Барлық кітапхана «Рабис» бағдарламасымен жұмыс істейді. Электрондық каталог бар. Оқырмандар сол арқылы жылдам тіркеледі. Бір сөзбен айтқанда, бәрі автоматтандырылған. Бізге үш жыл бойы кітап сатып алуға қаржы бөлінбеген еді. Көбінесе мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген жинақтарды тегін алып отырдық. Биыл оқырмандар сұранысына орай кітап сатып алуға әкімдіктен қомақты қаржы бөлінді. Енді көркем әдеби кітаптармен бірге түрлі танымдық дүниелер, балаларға арналған энциклопедиялар сатып алуға тапсырыс бердік. Мерзімді баспасөзге молынан жазылдық. Әсіресе, кітапханаға 30-50 жас аралығындағы адамдар бас сұғады. Жеткіншектер де жиі келеді, – дейді Гүлбадан Сақтапқызы.

Оқырмандар жиі хабарласады

Бірде шетелдік порталдан мынадай деректі көзім шалып қалды. Мәселен, Еуропада 500 адам орналасқан елді мекенде бір кітапхана жұмыс істейді екен. Ал бізде қалай? Айталық, бүгінде елорда тұрғындарының саны миллионнан асты. Демография қарқыны күшті. Әсіресе, жас балалар бәйшешектей қаулап өсіп келеді. Олардың білімге деген, кітапқа деген ынтасы ерен. Бәрін көріп-білсем деп тұрады. Мәселен, Алматыдағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 40-тан астам филиалы жұмыс істейді. Ал бас қалада – 18. Аз ба, әрине аз. Тұрғындар жиірек қоныстанған Пригородный, Өндіріс, Қырқыншы, Көктал-2 секілді кенттерде кітапхана атымен жоқ. Оны айтасыз, Есілдің сол жағалауында бір қалалық кітапхананы көзіңіз шалмайды.
– Бізге осы мәселемен оқырмандар жиі хабарласады. Амал жоқ, қолымыз қысқа. Оңтайландыру кезінде көп кітапханалар жабылды. Мәселен, Қырқыншы кентінде кітап қоры мол кітапхана болған. Оның ғимараты емханаға берілді де, кітапхана жұмысын тоқтатты. Бұйырса, жыл соңына дейін осы жерден ашылады деп отырмыз. Бізге көбінесе кітапханаға лайықты ғимарат табу қиын. Одан кейін адамдар тығыз орналасқан «Жағалау» ықшам ауданынан, Бауыржан Момышұлы даңғылынан ашылса дейміз. Осы жақында Мичурин кентінен жаңа кітапхана пайдалануға берілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Есілдің сол жағалауынан уақыт талабына сай жарақталған еңселі бір қалалық кітапхана салынса деп армандаймыз. Несі бар, арман алдамайды ғой. Оған да қолымыз жетіп қалар, – дейді кітапхана директоры.

Газет-журнал бұрышы ашылды

Өткен жолы біздің газеттің тілшісі Гүлмира Аймағанбет қаладағы жалғыз зағиптарға арналған кітапхананың жағдайы туралы, ондағы мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға қызмет көрсететін технологияның ескіргені жайында мәселе көтерген еді. Сол сұрақты біз тағы бір жаңғыртып, мекеме басшысына қойдық. Ол туралы Гүлбадан Сақтапқызы хабардар екен. Оның айтуынша, бұл жағдай бойынша «Болашақ» корпоратив қорының белсенді мүшелері бастама көтеріп, аталған кітапханаға зағип жандарға арналған технология мен жазу студиясын сатып алып беруге уәделерін беріпті.
Сондай-ақ, биыл аталған кітапханалар жүйесінің материалдық базасына да қатты көңіл бөлініп отыр. Үш кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Компьютерлер жаңартылады. Жүрдек интернет желісі қосылмақ. Бүгінде кітапханаға қызметке орналасқан жас мамандар қатары көбейген. Мекемеде жас кітапханашылар ұйымы жұмыс істейді. Қызметкерлердің біліктілігін ұштауға арналған семинарлар жиі өтіп тұрады.
Кітапханашылар қалада тағы бір жақсы бастаманы қолға алған. Қазір елордадағы емханалар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекте отырған тұрғындарға газет-журнал оқитын бір бұрыш ашқан. Бұған көптеген адамдар ризашылықтарын білдіруде екен. Сонымен қатар, жаз мезгілінде саябақтарда көшпелі кітапхана тағы жалғасын таппақ.

Кітап көрмесінен қалмаңыздар!

Былтыр бас шаһарда дүбірлеп өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде кітапханашылар қаладағы мәдени шаралардың бел ортасында жүрді. Үлкен көрмелер ұйымдастырды. Биыл да кітапхана ұжымы Астананың 20 жылдық мерекесіне мұқият әзірленуде. Жылдағыдай хакім Абай атамыздың туған күніне орай «Кітап және поэзия» фестивалі салтанат құрады. Аймақтарға барып, елорданың абыройын асқақтататын кітап көрмелері өткізіледі. Бұдан бөлек, түрлі қызықты мәдени кештер жоспарланды. Ақын-жазушылардың, айтулы тұлғалардың бірде-бір мерейтойы ұмыт қалмайды. Қысқасы, кітапханаларда күн сайын бір шара ұйымдастырылады.
Бір сөзбен айтқанда, кітапхана – адамды ізгілікке, адалдыққа тәрбиелейтін қасиетті орын. Оған жиі барып жүрген адамның жаны рухани байиды. Ендеше, кітапханадан қол үзбеңіз!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button