ЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігіМәслихат

Кітапханаға оқырманды қалай тартамыз?

Жақында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары қаладағы бірқатар кітапханаларды аралады. Соның барысында кітапхана қызметкерлері бірнеше мәселе көтерді. Сондықтан кітапханалар жағдайы мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия­ның отырысына шығарылды. Жиында, нақты айтқанда, елорданың кітапхана жүйесіне бағытталған қаржыны тиімді пайдалану мәселесі талқыланды. Тиісті баяндаманы қалалық Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Санат ШАПАШОВ жасады.

[smartslider3 slider=498]

Қорды көбейтуге қаржы жетпейді
Баяндамашының айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 18 кітапхана қарайды. Қызметкерлердің жалпы саны 126 адамды құрайды. Биылғы 1 қазанға кітап қоры – 736118 кітап. Оқыр­мандар саны 70 мыңнан асады. Мекеменің биылғы бюджеті – 258 млн теңге.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен «Замандас-21» қоғамдық қорының өзара әрекеттесуінің нәтижесінде №15 көпшілік кітапхана мен орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасында коворкинг-орталықтар ашылды. Бірақ кітап қорын қалыптастыруда проблемалар бар.
«Бұл – алдымыздағы ең басты мәселелердің бірі. Жыл сайын барлық салалар бойынша әдебиеттерді сатып алуымыз керек. Соның ішінде ересектерге арналған көрнекті тұлғалардың кітаптары мен балалар әдебиеті, Брайль кітаптары және аудиокітаптар қажет. Бұл мақсатқа әр жылда 15 миллионнан кем емес қаржы жұмсалуы керек» деді С.Шапашов.
Жаңғырту жұмыстары жүргізілсе
Осы күндері өскелең ұрпақты кітапханаға тарту үшін кітапханаларды жетілдіру керек. Оларды мәдени демалыс орындарына айналдыру үшін кітапханаларды заманауи талаптарға сәйкес жаңғырту қажет. Осыны атап өткен баяндамашы Қ.Сәтбаев, 5 мекенжайындағы №4 балалар кітапханасына және Петров, 14/2 мекенжайында орналасқан көпшілік кітапханаға демеушілердің көмегімен жаңғырту жүргізіліп жатқанын жеткізді. Тиісті жұмыс­тар аяқталған соң, БАҚ өкілдері шақырылып, осы кітапханалардың тұсаукесері өткізіледі.
– 2022 жылы тағы бірнеше кітапхананы жаңғырту керек. Соның бірі – Бөгенбай батыр, 52 мекенжайындағы орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасы. Бұл мәдени ошақты жасөспірімдерге арналған интеллектуалды орталыққа айналдыруымыз қажет. Зағип және көзі нашар көретін жандарға арналған арнайы кітап­хананы мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеп, №3 балалар кітапханасының қасбетін қайта салып, нысанды жаңғырту керек, – деді С.Шапашов.
63 мың адамға – бір кітапхана
Тағы бір проблема – кітапханаларға арналған ғимараттарды жалға алу. Оның себебі қазір қаладағы төрт кітапхана жалға алынған нысандарда орналасқан. Мұны айтқан баяндамашы бұл мақсатқа жыл сайын бюджеттен 3-5 млн теңге жұмсалатынын жеткізді.
– Бұл проблеманың бір шешімі – кітапханаларға жеке ғимараттарды сатып алып, қаланың орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің балансына беру немесе көпқабатты үйлердің бірінші қабаттарында кітапхана ашу мүмкіндігін қарастыру, – деді С.Шапашов.
Оның айтуынша, нормативтерге сәйкес 20 мың тұрғынға кем дегенде бір кітапхана болуы керек. Бірақ қазір елордада 18 кітапхана ғана бар. Сәйкесінше, 63 мың адамға бір кітапханадан келеді. Қаланың бірнеше аумағында кітапхана мүлде жоқ. Есіл ауданында бір ғана кітапхана жұмыс істеп тұр. Оның ғимаратының өзі жалға алынған.
– Жалпы қаланың құрылыс қарқынына қарай Есіл ауданында – «Пригородный» тұрғын алабында, «Жағалау» шағын ауданында, Сарыарқа ауданында Сейфуллин-Кенесары қиылысында, Абай даңғылында, «Көктал-2» тұрғын алабында кітапханалар желісін кеңейту керек. Қазір қаланың барлық кітапханалары соған бейімделген ғимараттарда орналасқан. Сондықтан М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың екінші қабатын салуды қарастырып жатырмыз, – деді баяндамашы.
Қалалық Мәдениет басқармасы кадр мәселесін дамытуды көздеді. Соның ішінде кітапханашылардың біліктілігін арттыру үшін өңірлердің және алыс-жақын шетелдердің кітапханаларымен байланыс орнатуға маңыз берілмек.
– Өкінішке қарай, қаржы тапшылығы бұл жұмысты дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Кітапхана саласында іссапарлар өте аз, – деген басқарма басшысының міндетін атқарушы кітапхана ғимараттарына жарнамалық ақпараттарды ілуде де проблемалар барын жеткізді.
– Жалпы осы салада 2022 жылы барлық жұмысты тиісті деңгейде жүргізу үшін шамамен 700 миллион теңге қажет, – деді С.Шапашов.
Жас маман жалақысы – 50-60 мың теңге
Вагон жөндеу зауытының жатақханасында кітапхана бар екен. Қалалық мәслихат депутаты Азамат Айтхожин аралау барысында соны көргенде таңғалғанын жеткізді.
– Осындай кітапхананың барын бұрын білмеппін. Біз барғанда онда жасы ұлғайған адамдар мен бастауыш сынып оқушыларын көрдім. Мұны неге айтып отырмын? Осындай кітапханаларды насихаттап, жұртшылыққа ақпарат жеткізу керек, – деді депутат.
Оның әріптесі Владислав Сергеев өскелең ұрпақты кітапханаға тарту үшін жаңа әдістерді табу керектігін айта келе, жақын арада қалада екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылатынына тоқталды.
– Алдында осы кешендерде кітапханаларға орын бөлу мәселесін қарастыру ұсынылды. Бұл мәселенің қаншалықты тиімді немесе тиімсіз болатынын зерттейік. Осы кешендер қаланың шеткері аймақтарында орналасқан. Меніңше, онда кітапханалар ашылса, тиімді болып, спорт пен мәдениет қатар жүреді, – деді В.Сергеев.
Ол көзі нашар көретін оқыр­мандарға тефлопедагог бөлу мәселесін көтерді. Себебі осындай мамандар жетіспейді. Депутаттарға кітапханалар мәселелерін қолдауды ұсынды.
– Кітапханалар білім орталығы есебінде жүреді. Сондықтан оларды дамыту керек. Оларға, бәлкім, қоғамдық бірлестіктерді де тарту керек шығар. Олардың ресурстарын пайдалану қажет. Формальді емес кездесулерді, кітаптардың таныстырылымы мен талқылауын ұйымдастыру керек. Сонда кітапханаларға адамдар толатын болады, – деді В.Сергеев.
Депутат Бақдәулет Жанділдаев кітапхананың жас мамандарын баспанамен қамтудан мәселе туындап отырғанын айтты. Оның айтуынша, тәжірибесі жоқ жас маманның жалақысы – бар болғаны 50-60 мың теңге.
– Осындай жалақымен пәтер мәселесін шешу мүмкін емес. Күні кеше ғана «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарламаға кітапхананың жас қызметкерлері қатысты. Бірақ олардың баспанаға ие болуы екіталай. Осы мәселені назарға алсаңыздар деген ұсынысым бар, – деді Б.Жанділдаев.
Баспанаға қалай ие болады?
Қалалық Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Санат Шапашов бұл мәселеге бұлталақтамай жауап берді.
– «Elorda Jastary» бағдарламасына келгенде кітапхана қызметкерлерінде қиындықтар туындап отыр. Қазіргі таңда басқармаға қарасты мекемелерден 22 адам, кітапханалардан 4 қызметкер Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы бағдарламаға қатысып жатыр. Өкінішке қарай, жалақы жағынан сәйкессіздіктер туындады. Бұл мәселені де депутаттар қараса деген өтінішім бар, – деді С.Шапашов.
Депутат Бауыржан Жанқонақов қалада кітапханалардың тапшылығын азайту үшін белгілі бір шағын аудан салынғанда құрылыс салушыға жанына 150 шаршы метрді құрайтын кітапхана салуды міндеттеуді ұсынды. Депутат Алмагүл Сегізбайдың пікірінше, кітапханалардың цифрлануына көңіл бөлу керек. Аралау барысында кітапханашылардың біліктілік деңгейіне көңілінің толмағанын жеткізіп, соған да назар аудару керектігін айтты.
320 кітап цифрландырылды
Нұр-Сұлтан қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаеваның айтуынша, кітапханаларды заман талаптарына сай бейімдеу, заманауи, креативті қызмет ұсыну үшін соңғы үш жылда жұмыс жүргізілді. Соның ішінде қоғамдық бірлестіктермен, коммерциялық емес ұйымдармен бірқатар шаралар өткізілді.
– Әлеуметтік әріптестікті жұмысымыздың деңгейін көтеру тетігі ретінде қарастырып отырмыз. Соның ішінде «Замандас-21» қоғамдық бірлестігін ерекше атап өткім келеді. Осы ұйымның арқасында балалар-жасөспірімдер кітапханасының бір бөлігінде жастардың коворкинг-орталығы ашылды. Бұл орталық бір ай бұрын ғана ашылса да, көптеген адамдар келіп жатыр. Онда жасөспірімдер мен жас мамандарға өте жайлы орта қалыптасты. Орталық жылдам интернет, жұмсақ жиһаздармен қамтамасыз етілді. Яғни бұл кітап­хана оқырмандарды тартатын орынға айналды, – деді Г.Мәдібаева.
Оның мәлімдеуінше, қазір екі кітапхана жалға алынған ғимараттарда отыр. Бұл – Есіл ауданындағы жалғыз кітапхана мен «Мичурин» тұрғын алабындағы кітапхана. Осы тұрғын алапта кітапхана баяғыда ашылған. Мұнда ғимаратта жалға берушімен проблемалар жоқ. Ал Есіл ауданындағы кітапхана орыннан орынға көшуге мәжбүр еді. Соңғы үш жылда ғана бұл мәселе тұрақталғандай болды.
– Мәслихат депутаттарының жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында кітапханаларды ашу ұсынысымен келісемін. Оған 150-200 шаршы метр жетеді. Қазір бізде кітап қорын цифрландыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Сол мақсатта арнайы планетарлы сканерлер сатып алынды. Осы күнге дейін 320 кітап цифрландырылды. Бұл жұмысты kitap.kz электронды порталымен бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Егер бұл порталға кірсеңіздер, біздің де кітаптарымызды көресіздер, – деді орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры.
Біліктілікті арттыру керек
Заманға сай кітапханашыларға талап күшейгенін айтқан ол қазір қызметкерлерге әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізу үшін видеограф, фотограф, таргетолог, smm-маманы болуға тура келгенін жеткізді.
– Соған сәйкес осы күні қызметкерлердің біліктілігін арттыруға өте мұқтажбыз. Бірақ оған қаржы аз бөлінеді. Сондықтан бұл тарапта депутаттардың қолдауын сұраймын, – деді Г.Мәдібаева.
Депутат Ғабит Тәжімұратов жақында әріптестерімен қаладағы Binom мектебіне барғандарын айта келе, осы оқу орынның кітапханасын да пайдалануды ұсынды.
– Binom-ның кітап қоры өте бай. Мектепке көптеген жаңа кітаптар алынған. Осындай мектеп оқырмандарға ашық болуы керек. Кеңес кезінде де мектептерге барып, кітап алып оқитын едік. Өзім кітапханаға барып тұрамын. Бірақ онда көп оқырман көрмеймін, – деді Ғ.Тәжімұратов.
Депутат Серік Түсіпов ғимараттарды жалға алу құны өзін таңғалдырып отырғанын айтты.
– Кітапхана жалға алып отыр­ған бір ғимараттың құны – 100 шаршы метр үшін 4 миллион 200 мың теңге. Екінші ғимаратта бар болғаны 60 шаршы метр. Бірақ оған 3 миллион 200 мың теңге төлейсіздер. Бұл неғылған баға? – деп сұрады депутат.
Орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаеваның түсіндіруінше, ғимарат жалға алынарда калькуляция жасалады. Атап айтқанда, шаршы метрге сәйкес пайдаланатын су мен жарық, жылу, интернет, дабыл жүйесі, ауланы тазалау есептеледі.
Шеткі аймақтар шет қалмасын
Комиссия отырысын жүргізген қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрлан Көпешов кітапханаларға жастарды тарту үшін жаңа технологияларды енгізу керектігін айтып өтті.
– Бұл мәселе бойынша Мәдениет басқармасына Білім және Жастар саясаты мәселелері басқармаларымен бірлесіп ақылдасу керек деп есептеймін. Мемлекет басшысы Жолдауында ІТ-мектептерді ашуға тапсырма берді. Осындай мектептерді қаланың шеткі аймақтарында – «Мичурин», «Учхоз», «Қырқыншы», «Лесозавод», «Кирпичный», «Ильинка» тұрғын алаптарында кітапханалар базасында ашу керек, – деген ол жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарынан кітапханалар ашу аса қиындық тудырмайтынын айтып өтті. Оның пікірінше, бұл мәселені тұрғын үй салынбас бұрын шешу керек. Кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, жалақыларын көтеру де қажет. Себебі мұндай жалақымен оларда еш мотивация болмайды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button