Басты ақпарат

Кітапханаларға қандай қолдау қажет?

Елордадағы 18 кітапхана қала тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мәдениет басқармасына қарасты орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарайтын оның алтауы – балалар кітапханасы. Әр кітапхананың өзіндік бағыты бар. Жас шамасына, орналасқан ауданына қарай оқырмандарда да айырмашылық байқалады. Биылғы Балалар жылында қалалық кітапханаларға қандай қолдау қажет? Қаламыздағы кітапханалардың жұмысымен танысып, сала мамандарымен ой бөліскен едік.

[smartslider3 slider=2511]

Кітапхана жұмысымен танысуды орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасынан бастадық. Мұнда оқу залы кең әрі балаларға арналған жеке оқу залы бөлек орналасқан. Үлкен оқу залында интерактивті тақта орнатылған. Мұнда мереке немесе шара кезінде балалар мультфильмдерді тамашалай алады. Тіпті театр қойылымдары да қойылады екен. Бастауыш сынып балалары залында әртүрлі ертегі кітаптар қойылған. Атмосферасы ерекше екенін байқадық. Кітап оқып отыр­ған кішкентай балаларды көріп, кедергі келтірмеуге тырыстық. Жалпы зал ойын­шықтармен, суреттермен безендірілген. Баланың ойлау қабілетіне, қызығушылығына орай ойластырылған. Бұдан бөлек, компьютерлермен жабдықталған интернеті іске қосылған зал бар. Кітапханашы апай да оқырмандар сұранысына жауап беру үшін зыр жүгіріп жүр.

Сағаткүл СЕЙДАХМЕТОВА, орталық балалар және жасөспірімдер кітап­ханасының көпшілік шараларды ұйымдас­тыру қызметкері:

Кітап қоры молайса…

– Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында кітап қоры 164 мыңнан асады. Оның ішінде 30 мың қазақша кітап бар. Кітапханада танымал кітаптардың орысша және қазақша аудармалары бар. Негізі, оқырмандарға ыңғайлы болу үшін кітаптарды әр сыныптағы балаларға, жас ерекшеліктеріне сай бөліп қойдық. Мамандыққа қарай түрлі ғылымға арналған және студенттерге пайдалы секторлар да бар.

Ересектер тарихи, классика­лық кітаптарды, «Жалын», «Дәстүр», «Үркер» журналдарын оқиды. Жастар психологиялық және өздерінің мамандықтарына сай кітаптарды іздейді. Ал кішкентай оқырмандар үшін түрлі түсті көркемсуреттегі кітаптар бар. Бірақ сол кітаптардың көп шыққанын қалаймыз. Себебі кішкентай оқырмандардың сұранысына сай үш тілде, суреттері анық, 50-60 беттен аспаса, беттері шағын болса деп ойлаймын. Бізде жалпы шаралар онлайн да, офлайн да өтеді. Мысалы, қаңтар айында 82 онлайн-шара өткіздік. Оқырмандарымыз да мұндай форматқа үйренген. Серік Тұрғынбек, Толымбек Әбдірайымов, Көпен Әмірбек, Жандарбек Мәлібеков, Бейсенбай Сүлейменов, Баян­ғали Әлімжан, т. б. көптеген ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырдық. Әлі де көптеген шаралар жоспарлануда.

Балалар жылында ақын-жазу­шыларға қаржылық қолдау болса, олардың жазары да көп болар еді. Елордада тұрғындар саны күннен-күнге көбейіп жатыр. Сол үшін заманауи кітапхана мен кітап қоры болса құба-құп. Осы екі мәселені атап айтқым келеді. Себебі кітапхана жас ұрпақты мәдениетке, рухани кемелдікке тәрбиелейтін «ұя» болғандықтан, оған аса мән берілуі тиіс.

Марал АҚТАЕВА, №3 балалар кітапханасының басшысы:

Шағын аудандарға кітапхана керек

– Кітапхана саласында жиыр­ма жылдан астам уақыт жұмыс істеймін. Біздің кітапхананың бағыты – балаларға экологиялық бағытта білім беру және тәрбие­леу. Кітапханамызда «Менің қолтаңбам» деген жоба бар. Соның аясында белгілі адамдарды, балалар жазушыларын, қоғам қайраткерлерін қонаққа шақырамыз. Айналамызда мектеп көп болғандықтан, №5, 14, 15, 18 мектеп-лицейлерімен және «Ақбөпе» балабақшасымен тығыз жұмыс істейміз. Кітап арқылы балалардың кітапханаға қызығушылығын ояту – негізгі мақсатымыз. Биыл Балалар жылына арналғандықтан, кітап­хана жанынан көптеген үйірмелер ашылып жатыр. Енді осы жылы балалар жазушыларының, ертегілер кітап қоры көбейтілсе деп ойлаймыз. Таяуда Ескен Елубаевтың мерейтойын атап өттік. Шәкірті Серікбол Хасан келіп, өз кітабын таныстырды.

Өзім балажанмын. Осында келген әр балаға жағдай жасау­ға тырысамыз. Себебі қазіргі балалар өзіне көңіл бөлгенді жақсы көреді. Балалармен жұмыс істеу – өте керемет жұмыс. Олардың ата-аналарымен де тығыз байланыста боламыз. Негізі, қазір балалар кітапқа қызықпайды деп жатамыз ғой. Ата-ана кітап оқыса, баласы кітап­ханаға міндетті түрде келеді. Кейде баланың кітапханаға келуі кітап қорына да байланысты болуы мүмкін. Себебі өзі оқитын, қызығатын саладағы кітаптар табылса, бала сол кітапханадан шықпайды. Жалпы кітап арқылы авторларды, мәдениетті бала бойына сіңіруге, насихаттауға тырысамыз.

Жалпы кітап қоры 34 мың­нан асады. Баланы кітап оқуға ­баулу үшін кітапханада тек отыруға болмайды. Көбіне іс-шара арқылы насихат жүргізуге тырысамыз. Осы ретте мектептермен бірлесіп, кітап көрмесін жиі ұйымдастырамыз. Себебі балалар кітапханаға келер жолды білу керек. Мәселен, көрмеге 30 бала келіп, бәрі бірдей оқырман болып кетеді деп айта алмаймын. Алғашқыда 3 бала келсе де, біз қуанамыз.

Балалар жылында ақын-жазу­шыларға қаржылық қолдау болса, олардың жазары да көп болар еді. Елордада тұрғындар саны күннен-күнге көбейіп жатыр. Сол үшін заманауи кітапхана мен кітап қоры болса құба-құп. Осы екі мәселені атап айтқым келеді. Себебі кітапхана жас ұрпақты мәдениет­ке, рухани кемелдікке тәрбиелейтін «ұя» болғандықтан, оған аса мән берілуі тиіс

Биыл кітапханамызға Балалар жылына деп көп кітап келіп жатыр. Бірақ қанағаттанарлық деп айта алмаймын. Негізі, оларға дизайны ерекше, қатты, суреті анық кітаптар керек. Сондай-ақ қаланың шағын аудандарында балалар кітапханасы салынса деген ой бар.

Әсел ОМАШ, №10 көпшілік кітапхананың аға кітапханашысы:

Жайлы ғимарат болса

 – Осы мекемеде 2008 жылдан бастап қызмет істеп келемін. №10 көпшілік кітапханасы Күйгенжар кентінің тұрғындары мен мектептеріне қызмет көрсетеді. Кітапхананың 1500-ден артық оқырманы бар. Шағын болғанмен, сегіз мыңға жуық қоры бар. Сонымен қоса кітапханада оқырмандарға тегін интернет қойылып, компьютерлермен жабдықталған.

Кітапханаға Жібек жолы тұрғындары да келіп тұрады. №42, 40 мектеп оқушылары, зейнеткерлер келеді. Көбінесе классикалық, психология, тіл, әдебиет саласындағы кітаптар оқылады. Кітапхана жастардың рухани дамуына зор ықпал етеді. Сол үшін де түрлі оқу орындарымен шығармашылық байланыс орнатылды. Жиі кездесу кеші, байқау, әдеби кештер ұйымдас­тырып отырамыз. Сонымен қатар үйірмелер де жұмыс істейді.

Бір қарағанда кітапханашы жұмысы ең оңай боп көрінуі мүмкін. Бірақ бұл мамандықтың да қиындығы мен қызығы бар. Кітапхана ішінде мәдени шараларды ұйымдастырудан бөлек, әр оқырманмен тығыз жұмыс істейміз. Одан бөлек, қағаз жұмыстары да бар.

Серікбол ХАСАН, балалар ақыны:

Ештеңеге қызықпайтын бала болмайды

 – Балалар жылы деген мәселе былтыр Мәдениет және спорт министрлігі аясында ғана аталды. Бұрынғы министр Балалар жылы үш жылға дейін жалғасады деген болатын. Биыл жаңа министр балалар әдебиетіне көңіл бөле ме, оны білмедім. Жалпы осы министрлікке қарасты мекемелер, кітапханалар тарапынан былтыр балалар әдебиетінің насихат жұмыстары барынша жүргізілді. Кішігірім байқаулар ұйымдастырылды, қаламгерлермен кездесу, кітаптар тұсаукесері өтті. Ал балалар ақын-жазушыларына көңіл бөлінді деп айтуға болады. Мәселен, былтыр «Мүфтият» баспасынан «Әкесінің қызы» деген балаларға арналған өлең кітабымды шығардым. Былтыр «Атамұра» баспасынан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 балалар ақынының өлеңдері топтастырылған «Қазақ поэзиясының антологиясына» өлеңдерім енді.

Кішкентай оқырмандарды алдымен кітаптың дизайны қызықтырады. Суреті үлкен әрі көп болған сайын балалар қызыға түседі. Орыс тіліндегі кітаптар сонысымен ұтып тұр. Ресейде бізге қарағанда кітап нарығы біраз жолға қойылды. Бізде де енді-енді жақсы қадамдар жасалып келеді. Қазір балалар кітаптарын баспадан шығару әлі де қымбат. Оның үстіне балаларға жазатын авторлар, иллюстраторлар сирек. Егер еліміздегі кітап нарығы ілгерілесе, балаларға арналған кітаптарды шығару құны арзандаса, бәлкім, өзіміздің қазақша кітаптарды да кітап дүкендерінен көбірек көрер ме едік?! Шетелдік кітаптардың кейіпкерлері біздің балаларымызды баурап алып жатқаны жасырын емес. Себебі олардың насихаты күшті. Мәселен, жақсы бір мультфильм түсірілсе, соның кітабын шығарады, сондағы кейіпкердің қуыршақтарын сатылымға қояды. Сөйтіп жан-жақты насихаттайды. Бала ол кейіпкерді барлық жерден көреді, сөйтіп амалсыз алады. Бізге де осындай дүниелерді меңгеру керек.

Біздің қазақ «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегенді бекер айтпаған. Шынында, бала отбасында не көріп өссе, қалай тәрбиеленсе, есейгенде соның жемісін жейді. Қазіргі балаларға өзің істемеген нәрсені істете алмайсың. Сондықтан алдымен ата-ана өзін тәрбиелеу керек. Өзі телефонға телміріп отырудан тыйылса, керісінше, кітап оқуға дағдыланса, бала да соны қайталайды. Барлық нәрсені өзімізден бастауымыз керек. Балаға бағыт-бағдар беруіміз қажет. Бала неге қызығады, қандай үйірмеге барғысы келеді, қандай кітап оқығысы келеді, суыртпақтап өзінен сұрап, пікірін біліп, баланың өзі қызығатын бағытына баулу қажет. Ештеңеге қызықпайтын бала болмайды, қызықтыра алмайтын ата-ана, мұғалім болады. Хакім Абай: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» демей ме?!

Анипа БЕКБАУОВА, №9 жалпы кітапхананың кітапханашысы:

Классикалық шығармаларды аз оқиды

– Біз жалпы оқырманға мәдениетті, ақпаратты, білімді насихаттаушы болғандықтан оқырманның әдебиетке деген қызығушылығын оята білуіміз керек. Себебі олардың қызығушылығын зерттеген соң ғана кітап ұсына аламыз. Кітапханада өткізілген әрбір шара ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында жүргізіледі. Мәселен, биыл «Бір ел – бір кітап» шарасы аясында Ахмет Байтұрсыновтың шығармалары таңдалды.

Кітапханаға оқырмандардың қаншалықты жиі келетінін білу үшін мектеп оқушыларына сауалнама жүргізіп отырамыз. Жалпылай айтқанда, жиі келеді деп айта аламын. Біздің негізгі мақсат – балалар авторларын жиі насихаттау. Себебі авторларға берілетін қолдау өте аз. Олар өз шығармаларының оқылатынын біліп, балаларға маңызды екенін сезінуі керек. Содан кейін авторларды балалармен жиі байланыстырғанды дұрыс деп санаймын. Өйткені жазушылар балалардың қызығушылығын білу керек. Қазіргі балалардың ойлау деңгейі, қабылдауы өзгеше. Біздің кезіміздегідей ұзын-сонар повесть, романдарды қорытпайды. Оларға фантастика, шытырман оқиғалар қызық. Классикалық шығармаларды аз оқиды. Керісінше, өзін-өзі дамыту, психологияны іздеп жүріп оқиды.

P.S: Кітапхана жұмысымен танысқан кезде байқағанымыз, балаларға арналған кітаптар өте аз. Мұны кітапханашы апайлар да қайта-қайта айтты. Бұдан бөлек, кейбір кітапхана мекемелері ескі әрі шағын. Жөндеу жұмыстары мен жаңа мекемеге көшуге сұранып тұр. Қазіргі балаларға дизайны ерекше, суреті анық кітап қана емес, заманауи кітапхана да керек екенін ескерсек дейміз. Себебі қабырғасы ескі кітап­ханада дизайны ерекше, жаңа кітап оқып отырған баланы елестетудің өзі ақылға сыймайды…

Айзада Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button