Мәдениет

Кітапханашы күнделігі

Кітап оқитын, руханиятқа бір табан жақын адамдар, қоғамдағы өзгерістерге бей-жай қарамайтын, кеудесінде ыңылы бар азаматтар жексенбі күні түс ауа Астанадағы Жас көрермендер театрына жиналды, танымал кітапханашы, руханияттың жанашыры, елордадағы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергеннің “Кітапханашы күнделігін” тыңдап қайтты. Кітапсүйер қауым жұрегіндегі сезімдерді қозғап, терең ойларға ерік берді. Керемет кеш болды. Ғазизаның ролін сомдаған Инабат Ризабекова киім киісі, жүріс-тұрысы, мәтінді табиғи оқуымен тамсантса, театр актерлары кітаптағы мәтіндерден оқып, ән айтып, адамдарға парасат, білім сыйлаған кітапханашыға деген айрықша құрмет пен зор ықыласты көрсетті.Театр актерлерінің сахнада айтқан халық әндері, заманауи эстрадалық музыка кешке ерекше көрік берді, зал лық толы жастар әдемі әуенге тербеліп тұрды.

“Жаның тазаланған сайын жалғыздықты аңсайсың”, “Құлшылықты Құдайды таңғалдыру үшін жасамайық…”, “Демалыс алдым, өзімді сақтау үшін, өзіңді сақтауың – өзгені сақтауың”, “Кітапты алып оқыңыздар, сондай болып кетпесең де жақсы қасиеттер жұғады”, “Бақытты ұрлама, бақытты жаса”, “Адамды қуантып жүріңіз, өмір – қас-қағым”, “Қазір маған оңашаланған ұнайды, кітап оқуға, ойлануға болады”, “Өмір – күрес” дегенмен келіспеймін, өмір деген жүрегіңмен, жүрек қалауымен өмір сүру емес пе?”, “Жамандық туралы тарататындар – өз жанын аямайтындар..”, “Музыкалық театрда жаңа қойылым – “Қоштасқым келмейдіні” көрдім. Көрдім де ішімнен тындым…Талантты режиссер Асхат Маемировтың режиссерлігімен қойылған спектакль, әйгілі орыс драматургы А.М.Володиннің терең психологизмге құрылған классикалық туындысы ерлі-зайыптылардың өмірін және олардың күрделі қарым-қатынасын баяндайды. Әлеуметтік мәртебесі, өмірге көзқарасы әртүрлі ажырасуға бел буған сегіз отбасы сотқа жүгінеді… Адасқан тағдырлар, тұңғиыққа тірелген өмірлер түрлі ойға жетелейді, қоғамдағы өзгерістердің ұлттық менталитетімізге әсері, сеніңше, көп жағдайда адамдардың бірін-бірі түсінбеуінен, кітапты аз оқуынан, парасатқа, ақылға жүгінбеуінен дер едім…»

«Менің ең бірінші мүддем – кітапханаға адамның келуі. Бір келген адамның қайтып келуі үшін мүдделімін. «Мына жерде әдемі кітапхана бар екен, жұмысты сол жердің кофесін ішіп отырып істеу керек» деп келсе қуанамыз» дейтін Ғазиза ханым  кітап оқытудың, оқырман тартудың біраз әдісін біледі. Мысалы, өзі басқаратын академиялық кітапхананың кітапханашыларына: «Кітап оқы деп айтпаңыздар, оқытатын әдістеме ұсыныңыздар. Балаға таңертеңгі уақытта он бес минут кітап оқытып, статистикасын шығаруды, баланы тыңдаушы және пікірін айтатындай қылып үйретем десеңіз, ата-ана өзі-ақ сізге баласын жетектеп келеді. Сол кезде біз: «Оқырманымыз көбейді, кітапханашылардың біліктілігі бар, айлығын көбейтіңіз, жағдайын жасаңыз» деп айқайлап айтамыз. Аренаға шығу деген осы», — деп айтады.

Ғазиза ханым кітапханаға адам келмеуінен, жаңа кітаптар шықпауынан қорқады. Егер кітапханаға оқырман аз келсе, оның несі қызық  (кітапханаға осынша адам келді деп өтірік статистика беріп отыруға да құлықсыз), қалай болғанда да жаңа мүмкіндік, жаңа әдістің бәрін пайдаланып, кітапхана жұмысын ілгерілету керек дегенді қолдайды.

Бұл – Ғазизаның күнделігінен үзінділер. Оның айналасы туралы, ақын-жазушылардың шығармалары туралы, классикалық дүниелердің дүниетанымды қалай өзгертетіндігі жайлы айтқан, ойлағандары маржандай тізіліп ақ қағазға осылайша өріліп жазылған,енді ол кітап болып таралып, адамдарға кітаппен дос болуды, қалай оқуды, кімдерді оқуды білуге жетелейді.

Ғазизаның, әсіресе, өмірден жарқылдап өткен журналист Бейсен Құранбек туралы жазған естеліктері, оның айтқан сөздері оқылғанда көзімізге еріксіз жас келді…

«Ұлттық құрылтай барысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу» деген болатын. Мемлекет басшысы тілге тиек еткен кітап ордасы Анкара шаһарында орналасқан. Астанада шетелдегідей, мысалы Париждегідей тәулігіне 24/7 режиммен жұмыс істейтін кітапхананың ашылуын армандаймын» — дейді Ғазиза Құдайберген.

Шынында да Франция Ұлттық кітапханасы Парижде орналасқан. Ол әлемдегі ең бай француз тіліндегі әдебиеттер жинағымен танымал. Еуропаның ең көне, ал Франция мен әлемнің ең ірі кітапханаларының бірі. Ұзақ жылдар бойы француз патшаларының жеке кітапханасы болды. Кітапханада 2700 қызметкер жұмыс істейді. Сақтау қорында – 31 миллион кітабы бар кітапхана жылына 1,3 млн адамға қызмет етеді екен.

— Кітапханашы кімдермен кездеспейді, алдына кімдер келмейді… кітапханашы – жұмыс емес, мамандық. Франциядағы «Американская библиотека в Париже» деп аталатын 1920 жылы ашылған кітапхана бар,  сол секілді “Ғазиза Құдайберген” атты мөрі бар үйімде тамаша кітапхана болса деймін.

Жалпы елімізде жоғарыда айтқандай, 24/7 режиммен жұмыс істейтін ғажайып сәулетті кітапхана жұмыс істесе деймін,- деген идеяға толы, жаңашыл кітапханашының асыл армандары орындалса, мақсатына жетсе дейміз.

Кітапхана − кітап сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар мәдени-ағартушылық мекеме. «Кітапхана тірі болса – халық та тірі, ол өлсе – біздің өткеніміз бен болашағымыз да өледі», – дейді Лихачев. Ендеше, руханияттың ордасы – театрда жастар кітапты, кітапханашыны құрметтіп, абыройын аспандатып жатқаны, ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқуға ден қойғаны тек қана қуанарлық  оқиға, сондықтан болса керек, адамдарға рухани азық сыйлаған кітапханашылардың еңбегін бағалаған, насихаттаған еліміздегі тұңғыш моноспектакль аншлагпен өтті, біз де бір сәт күйбең тіршіліктен алыстап, рухани байып, жанымыз тазарып шықты.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button