Руханият

Кітапханашы жалақысы мардымсыз

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында шаһардың орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты кітапханалардың мәселелері қаралды. Олардың жұмысымен қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Санат Ша­пашов таныстырып, бұл саладағы проб­лемаларға тоқталды.

[smartslider3 slider=2094]

Оның айтуынша, қазір қала әкімдігіне қарасты 18 кітапхана жұмыс істеп жатыр. Ал орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесінің жылдық бюджеті 354 млн 513 мың теңгені құрайды. Яғни әр кітапханаға 19 млн теңгеден келеді. Бұған қызметкерлердің жалақысы, әлеуметтік салық, әлеуметтік төлемдер, әлеуметтік сақтандыру, коммуналдық төлемдер, жанар-жағармай, т. б. кіреді. Жалпы қала кітап­ханаларының штаты 126 адамды құрайды. Соның 90-ы – кітапхана мамандары, 24-і – техникалық персонал, 12-сі – әкімшілік-ұйымдастыру қызметкері.

Басқарма басшысы кітап­ханашылар жалақысының аздығына назар аударды. Олардың орташа жалақысы – 72 мың теңге. Сол себептен қазір кадрлар тапшылығы туындады. Кітапхана жүйесін дамыту үшін цифрлық бағдарлама сатып алынды. Бірақ желі жылдамдығын арттыру үшін қосымша қаржыландыру керек. Себебі қордағы 736 мың кітаптың 620-сы ғана цифрландырылған.

Тағы бір мәселе – орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарайтын кітапханалардың көбісінде жеке ғимарат жоқ, ғимараттар жалға алынған. Кейбір аудандарда кітапханалардың тапшылығына бұл да әсерін тигізіп отыр. Мәселен, 300 мың тұрғыны бар қаланың Есіл ауданында бір ғана кітапхана жұмыс істейді. Осыған орай қалалық Мәдениет басқармасының басшысы мәслихат депутаттарын сол жағалауда 150 шаршы метр көлеміндегі жайды кітапханаға жалға берілуіне қолдауды сұрады. Оның айтуынша, нормативтерге сәйкес 20 мың тұрғынға бір кітапхана болуы керек.

Бүгінгі таңда қала кітапханаларын дамытудың кешенді жоспары дайындалып жатыр. Алдағы наурыздың аяғы, сәуірдің басында депутаттарға дамудың тұжырымдамасы таныстырылмақ. Онда орталықтандырылған кітапхана жүйесін жаңғыртуға керек қаржы да көрсетіледі.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button