Қала мен Сала

Кітаппен әлем мейірімді

Елордада Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Кітаппен әлем мейірімді және жарқын» шарасы өтті. Іс-шараны Нұр-Сұлтан қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі балаларға кітап оқуды, ақын-жазушылардың шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырды.

[smartslider3 slider=2591]

 

Келген қонақтарға ұйымдастырушылар балалар кітапханасына экскурсия жасап, таныстырды. «Күн мектебі» шығармашылық шеберханасы қолданбалы қолөнер бойынша шеберлік сағаты көрсетілді.

– Жалпы шараны балалардың кітапқа деген құлшынысын ояту үшін ұйымдастырып отырмыз. Қазір «балалар кітап оқымайды» деген пікір айтылады. Авторлар балаларға арнап, дизайнын әдемі етіп көркемдеп шығарса, кітап оқуға құлшыныс артар еді. Себебі біздің кітапхананың тұрақты оқырмандары – балалар. Сондықтан қай ісімізді де балаларға арнап жасап отырмыз. Биылғы Балалар жылында мұндай шараларды көп ұйымдастыруға тырысамыз, – деді ұйымдастырушылардың бірі Сағаткүл Сейдахметова.

Шығармашылық зиялы қауым жиналып, балалар әдебиеті мен оның болашағы мәселелерін, «Оқырман ұлт» жобасы аясында кітап оқуды қолдау шараларын талқылады. Талқылауды ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. Дөңгелек үстелге балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымұлы, ақын-жазушылар Нұрлан Қалқа, Жәки Шәкенұлы, Баянғали Әлімжан, Дина Ораз, Татьяна Никитина, Зауре Төрехан, №68 Міржақып Дулатұлы атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Роза Есенбаева қатысты.

– Мектеп оқушыларының бойына кітап оқу мәдениетін қалыптастыру әр мұғалімнің тәрбие беру үрдісіндегі ізгі ісінің бірі болуы керек деп ойлаймын. Бастауыш сыныптан баланы кітап оқуға баулысақ, онда мектеп кітапханасы оқушының ең сүйікті орны болар еді. Бүгінгі алмағайып заманда ел келешегі – жастарды ана тілін сүйіп, ұлт тарихын құрметтеуге және елжандылыққа тәрбиелеуде оқушының өздігінен кітап оқуына көп көңіл бөліп, бағыт берілуі керек, – деді Роза Есенбаева.

«Еркетай» қуыршақ театры балаларға «Өтірік өрге баса ма?» шағын қойылымын ұсынды. Қойылым Т.Әбдірайымовтың «Алабұға аулаған күн» шығармасынан алынды. Бұдан бөлек, балалар жазушысы Зауре Төрехан өзінің «Естен кетпес ерек күн» ертегісі бойынша «Тапқыр болсаң, тауып көр» атты шағын викторинасын өткізді.

Кішкентай оқырмандар шарада мультфильм көріп, аниматормен ойнады. Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің серіктестері, «Фолиант» баспасы және «Big Dream» қызықты кітап көрмесін өткізді. Сондай-ақ көзі нашар көретін оқырмандар үшін арнайы аудиокітаптар дайындалған.

 Айзада Жайыққызы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button