Оқырманнан он сұрақ

Клара ТӨЛЕНБАЕВА, әнші: Ұлттық өнер сұраусыз қалмайды

«Кеш жарық» бағдарламасынан эстрадалық әнді де әдемі айтатындығыңызға көз жеткіздік. Осы бағдарламадан байқағанымыздай, бір-бірімен ұштаса бермейтін екі түрлі өнерді қатар алып кете ала­мын деп ойлайсыз ба?
Дәурен Ералиев, студент

– Дәстүрлі әннің қыр-сырын толық меңгергеннен кейін, эстрадаға шамам келе ме, соны сынап көргім келді. Сол бағытта біраз әндер жазғызып, орын­дап жүрмін. Тыңдармандарым жақсы қабылдауда. Эстрада мен дәстүрлі әнді қатар алып жүре алсам, өнерге қосқан зор үлесім емес пе?!

Сіздің репертуарыңызда сырнаймен шырқалатын Сыр бойы мектебінің әндері көп кездеседі. Мұның сыры неде?
Жанар Мантаева

– Өзім – Семей өңірінің тума­сымын. Консерваторияда оқып жүргенімде, тек қана Арқаның мақамы бойынша ән салып жүрдім. Кейіннен Батыстың, Жетісудың, Сыр бойының әндерін де үйрендік. Сырнаймен ән салу дәстүрін қалыптастырған Майра апамыз бен Нартай атамыздың ізін жалғағым келді. Ән-қоржынымда Сыр бойының, оның ішінде Нартай әндерінің көп кездесуі сондықтан.
Менің бұл аспапқа деген қызығушылығымды оятқан – му­зыка мектебінде дәріс берген ұстазым Сәуле Жұмахметова. Өте мәдениетті, көпке үлгілі апайыма қызыққандықтан, баян­ды меңгеремін деп мақсат еттім.

Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
Жұмажан, оқырман

Қолым қалт етсе, гүл өсіргенді, қызықты кітаптар оқығанды ұнатамын.

Бүгінде дәстүрлі ән, эстарадалық ән деп бөліп қарайды. Сіздіңше, осы дұрыс па?
Бану, студент

– Дұрыс емес. Әншіге дәстүрлі әнші, эстрада әншісі деп емес, тек қана әнші деп қарау керек. Ал эстрада – біздің заманымызға қатты ағыспен келген үлкен толқын. Алайда, мұның жанында дәстүрлі ән қалтарыста қалып, тыңдалмай жатыр деген сөз емес. Бұл да бір уақытша құбылыс. Өткен ғасырларда Манарбек Ержанов, Қосымжан Бабақов, Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосы­нов дәстүрлі әннің шарықтау шегіне жетуіне өз үлесін қосты. Қазір эстрада жақсы жандануда. Өзінің тыңдарманы бар ұлттық өнеріміз ешқашан сұраусыз қалмайды.

Дәстүрлі әнді насихаттап жүрген замандастарыңызға көңіліңіз тола ма?
Бахытгүл Әбілова

– Дәстүрлі әнге сұраныс азайғанмен, оның деңгейі бүгінде жоғары деп санаймын. Бізге әрдайым үлгі болған аға-апаларымыз: «Қазіргі жастардың арыны қатты, ертеңгі күні дәстүрлі әнді халыққа кеңінен насихаттауға сүбелі үлес қосатын осылар болады» деп өздерінің пікірлерін жеткізіп жатады. Осыған қарап-ақ, деңгейіміздің біршама ілгерілегенін көруге болады.

Жарыңыз да өнер адамы екен. Балаларыңыздың да өнерге бейімі бар ма?
Айша Өмірәлиева, оқушы

– Жарымның өнер адамы болғаны маған берілген бақ деп есептеймін. Медет – «Аламан» тобының әншісі. Көпшілік назарына іліккен әндерімнің бірі – «Жібек сезімнің» әуенін жазған. Консерваторияда қатар оқып, студенттік өміріміз бірге өтті. Екеуміз де Бекболат Тілеухановтан тәлім алдық. Шығармашылықтың адамы болғандықтан, менің өнеріме түсіністікпен қарайды. «Сен оқыдың, қаншама жыл іздендің, сондықтан өнеріңді жарыққа шығаруға тиіссің» деп әрдайым қолдау білдіріп оты­рады. Әйел – отбасының ұйытқысы болғандықтан, балаларымыздың тәрбиесі – менің мойнымда. Шығармашылық жұмыстарымның барлығын Медет өзі реттеп, гастрольдік сапарларға шығуыма да септігін тигізіп, барлық жағдайымды жасап отырады. Сондықтан бізде өнер жағынан келгенде түсінбеушілік жоқ, әрдайым бір-бірімізді қолдап отырамыз. Өнер деген әкенің қанымен, ананың сүтімен сүйекке сіңеді. Балаларымыз да өнерден құралақан емес. Үлкен қызымыз Ақкербез – №38 қазақ мектеп-лицейінде беткеұстар оқу озаты. Патриоттық әндердің байқауынан бас жүлдені жеңіп алды. Ал, екінші қызым Әйгерім әлі балабақшада тәрбиеленіп жатыр. Ол да ертеңгіліктерде ән айтады. Нұрсаматымыз әлі кішкентай.

Сіз «Нағашыма» деген әнді шығарғалы жатырмыз. Әні Медет Салықовтікі, сөзінің авторы белгісіз. Медет сөзін ұялы телефоннан тыңдап, көңілінен шыққан соң әнін жазған еді. Қазір авторын іздестіру үстіндеміз» деген едіңіз. Сұрайын дегенім, өлеңнің авторы табылды ма?
Гүлжанар Рахымбекова, оқушы

Табылды. Белгілі ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңі екен. Қазір бұл әнді орындап жүрмін.

«Дәстүрлі әнге сұраныс азайды, бұл өнер түрі кенжелеп қалды» деген пікірге не айтасыз?
Тимур Жаңғабыл, студент

– Мұндай пікірмен келіспеймін. ХІХ ғасырда негізін салған дәстүрлі әнді орындаушылар ХХ ғасырда бізге жеткізді. Күні бүгінге дейін дәстүрлі ән өзінің қалыбын жойған жоқ. Эстрада жанры төтеннен келіп, аз уақыттың ішінде белең алған бір толқын секілді. Қазіргі уақытта фонограмманың арқасында әншілердің қатары көбейді. Егер де, «фоно­граммамен ән айтуға тыйым салынсын» деген заң қабылданатын болса, тек көмейіне бұлбұл ұя салған әншілер ғана өнер сахнасында қалар еді.

Арнайы стилистеріңіз бар ма?
Гауһар Әлиева, оқушы

– Мен сахналық киім үлгілерін «Әйгерім» тігін са­лонында және Қайролла деген тігіншіге тіктіремін. Көбіне киім үлгілерін газет-журнал­дардан, кітаптардан қарап, өзім таңдаймын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button