Ұлыс оң болсын

«Классик Мұхтар» кабинеті ашылды

Елордадағы №86 мектеп-гимназиясына жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Соған орай мектепте жазушының ескерткіші орнатылды. Арнайы «Классик Мұхтар» кабинет ашылды. Ескерткіштің ашылуы Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен ұжымда Ұлыстың ұлы күні тойланды.

[smartslider3 slider=2484]

Шараға Семейден «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музейі­нен арнайы жәдігерлер алынып, көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Абай ауылы» атты киіз үйде Наурыз мерекесіне арналған қойылым қойды. Мектеп кітапханасында жақында өткен І қалалық ғылыми жоба жеңімпаздарының жұмысынан көрме ұйымдастырылды.

Шараны ұйымдастырушы №86 мектеп-гимназиясының басшысы Базаркүл Сағындыққызының айтуынша, биыл Мұхтартану ғылымына ерекше көңіл бөлінбек. «Күні кеше мектеп оқушылары арасында «М.Әуезовтің рухани шәкірттері» атты ғылыми жобалар байқауын өткіздік. Бүгін ескерткішімен бірге кабинетін ашып отырмыз. Мұның бәрі – оқушылар бойына Әуезовтей тұлғаның ілімін сіңіріп, тұлғаны дамыту. «Классик Мұхтар» кабинетінде оқушыларға жазушы шығармаларын QR-кодға енгізіп қойдық. Сол арқылы оқуына болады. Семей музейінен ғылыми қызметкерлерді шақыртып, жәдігерлерді алдырдық. Себебі мұндай маңызды дүниелерді оқушыларға көрсеткіміз келді. Шараға қаламыздағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясынан оқушылар мен мұғалімдер келіп, Абайтану бойынша көрме ұйымдастырды. Өйткені Абай мен Мұхтар – егіз ұғым, – деді мектеп басшысы.

Семей қаласынан келген Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай шараға жазушының өз қолтаңбасымен жазылған бес хатын алып келген.

– Бүгінгі көрмеге Мұхтар Әуезовтің өз қолымен жазған 5 хатын әкелдім. Өмірінің соңғы сәтінде Кәмен Оразалинге жазған хаты және басқа да хаттары сақталған. Қазақтың энциклопедиялық өмірін қағаз бетіне түсірген Әуезовтің өз қолтаңбасымен тапсырған жәдігерлерінің осында әкелінуі – біз үшін мақтаныш. Себебі кейінгі ұрпақ мұндай тарихи құндылықтарға аса мән беріп өсуі керек, – деді Қуат Қиықбай.

Мектеп ұжымы Наурыз мерекесіне орай «Бақа сілкінісі» атты тарихи театрлық көрініс көрсетті. Келген қонақтарға киіз үйде дастарқан жайылып, наурызкөже ұсынылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button