Мәдениет

Классика жауһарлары жауған күн

Өткен аптада «Астана Опера» театрында Вена классикасының фестивалі салтанатты түрде ашылды. Фестивальге Жапония, Моңғолия, Израиль, Эстониядан шақырылған музыканттар мен театрдың шығармашылық ұжымы қатысуда. Бір ай бойы шақырылған музыканттар мен театрдың шығармашылық ұжымы классика жауhарларын астаналықтарға ұсынбақ.

Фестивальдің алғашқы күнінде «Астана Опера» камералық оркестрі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен өнер көрсетті. Дирижері – көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты моңғолиялық Мунхбаяр Эрдэнэбаатар. Солист – оркестр концертмейстері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов. Моңғолиялық дирижер мықты, қанша дегенмен даланың баласы емес пе, оркестрді тамаша басқарды.

Атақты Күләш Байсейітова тірі болса, бүгінгі музыка кешіне қатты қуанар еді деп ойлаймын. Бұлбұл апамыздың атындағы камералық залда керемет классика кеші өтті. Классикалық симфония жанрының негізін қалаушылар – Гайдн, Моцарт пен Бетховеннің шығармалары ойналған концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оркестрдің өнері бір төбе де, Бағдат Әбілхановтың еңбегі бір төбе. Мына музыканы тыңдап көрсеңіз, скрипкадан баланың үні, күлгені, шаттанып қуанғаны, қиналып жылағаны – бәрі естіледі. Маэстроның орындауындағы ерекше нөмірлер бойыңды балқытып, жүрегіңе жылы шуақ құяды. Симфониялық оркестрдің концертінен кейін эстрада жанрын тіпті тыңдағың келмейді екен.

Вена мектебі ұлы композиторларының шығармашылығы алуан түрлі, сан қырлы таңдай қаққызады: Гайднның бекзат әсемдігі, Моцарттың таңғаларлық әуені, Бетховеннің қуаты, тағысын тағылары тыңдарман жүрегін қазір де бей-жай қалдырмайды.

25 қаңтарда «Астана Операның» үлкен залы сахнасында театрдың симфониялық оркестрі мен хоры Абзал Мұхитдиннің жетекшілігінде асқақ өнерді бағалайтын жандардың назарына Моцарттың әйгілі шығармалары – №40 симфония мен Реквиемді ұсынады. Жеке партияларды орындайтындар: сопрано – Жамиля Джаркимбаева, альт – Салтанат Мұратбекова, тенор – Рамзат Балакишиев, бас – Шыңғыс Расылхан. Бас хормейстер – Ержан Дәуітов.

31 қаңтарда №4 концерт аясында Израильден дирижер Арик Гольдштейн, солист – пианист Долорес Үмбетәлиева және оркестр әртістері К.Байсейітова атындағы камералық зал сахнасында мазмұнды бағдарламамен өнер көрсетеді. Ал 7 ақпанда фестивальдің қорытынды концертінің қонағы маэстро Коки Гонгуй Янг (Жапония-Қытай) болмақ, ол осы кеште театрдың симфониялық оркестрін басқарады. Виолончелші Дәулет Шәкіров кеште солист болады.

Бір сұхбатында Бағдат Әбілханов «Осындай әлемдік классика жауһарларын Қазақстанда да, шетелде де қуана-қуана орындаймыз. А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» жарқын шығармасын тыңдамаған адамды білмейді екенмін. Осы туындының музыкасы балалық шағымыздан таныс, ол өте жеңіл, әдемі әрі үйлесімді. Балалық шақтағы естеліктерім әрдайым жадымда: демалыс күндері таңертең анам осы музыка жазылған пластинканы қосқан кезде, мен қуана оянатын едім. А.Вивальдидің жауһар туындысын сол кездері атақты органшы Евгения Лисицына тамаша орындаған. Осы туындының әртүрлі аспаптарға, соның ішінде домбыраға да арналған көптеген өңдеулері бар» деген еді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button