Классикалық музыка кеші
Елорданың Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрі классикалық музыка кешін өткізді. Концерт бағдарламасы барокко, классицизм және романтизм дәуірінің белгілі туындыларынан құралған.
Иоганн Себастьян Бахтың скрипка мен ішекті аспаптарға арналған №1 концерті, Вольфганг Амадей Моцарттың скрипка мен оркестрге арналған №4 концерті және Антонин Дворжактың №8 симфониясы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының дирижері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Қуаныш Ысмайыловтың жетекшілігімен орындалды.
Солист – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Асқар Дүйсенбаев. Сонымен қатар бағдарламаға Жандос Мұхамеди дирижерлік ететін Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан увертюра енгізілген. Симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі − халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Берік Батырханов, бас дирижері − халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ернар Нұртазин.
Баян АСЫЛБЕКОВА