Мәдениет

КЛАССИКАЛЫҚ МУЗЫКАДАН ДЖАЗҒА ДЕЙІН

Елордада алтыншы мәрте «Астана кештері» атты халықаралық өнер фестивалі өтті. Төрт күнге созылған фестивальдің әр күні белгілі бір музыка жанрына арналды. Бірінші күні көрермендер классикалық музыкамен сусындаса, одан кейін камералық және орган музыкасына құлақ құрышын қандырды. Ал фестиваль джаз кешімен жабылды.

_sv_6805

Бұл фестивальдің аясында өтетін концерттерді халық жыл сайын тегін тамашалайтынын айта кету керек. Жобаның көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеевтің айтуынша да, ұйымдастырушылардың басты мақсаты – фестивальге неғұрлым көбірек көрер­мен тарту, сол арқылы қазақстан­дықтарға әлемдік музыканы таныта түсу болып отыр. «Еуропаның көптеген елдерінде классикалық музыка фестивальдері жиі ұйымдастырылады. Оларға халықтың ықыласы ерекше, билеттерді сату жағынан еш проблема тумайды. Тіпті, бір жыл бұрын билет сатып алатындар кездеседі. Бізде, өкінішке қарай, олай емес. Сол себептен қазақстандықтардың классикалық музыкаға деген махаббатын оятуды көздедік. Әрине, Еуропада өтетін фестивальдердің деңгейіне де жеткіміз келеді» дейді ол.Ал фестивальдің статис­тикасы 2012-2016 жылдар аралығында оның аясында 19 концерт ұйымдастырылып, оған 700-ден астам әнші, музыкант, биші қатысқанын, бес жыл ішінде концерттерді 25 мыңнан астам көрермен тамашалағанын айтады.

_vs_0182

Биыл да концерттерге аз халық жиналмады. Алғашқы күні П.И.Чайковский атындағы халықаралық байқаудың күміс медаль иегері Александр Рамм (виолончель) мен РФ еңбек сіңірген әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты, Мәскеу консерваториясының профессоры Наталья Трулль (фортепиано) сынды ресейлік өнерпаздар өнер көрсеткенде «Астана Опера» театрына көрермендер лық толды. Бұл концертке сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Абзал Мұхитдинов жетекшілік ететін аталмыш театрдың симфониялық оркестрі қатысты.
Келесі күні Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Астана-Опера» театрының жетекші солисі Майра Мұхамедқызы, Тимур Урманчеев (фортепиано), Еркебұлан Сапарбаев (скрипка), Мұрат Нарбеков (виолончель) камералық музыка кешін өткізді.
Майра Мұхамедқызы қа­зақ және орыс тілдеріндегі классикалық туындыларды орындағанымен қатар неміс, итальян, француз тілдерінде әндерді шырқады.
«Астана – елдің бас қаласы болғаннан кейін мұндағы мәдениет пен өнердің деңгейі биік болуы керек. Осыны ойлап, елорда мәдениетінің дамуы­на үлесімді қосайын деп осыдан екі жыл бұрын Астанаға көшіп келдім. «Астана кештері» сияқты талай фестивальдерге қатыстым, алайда классикалық музыканың тегін концертін алғашқы рет көріп отырмын. Бұл өте тамаша, классикалық музыка адам жанын рухани байы­тып, қоректендіреді. Халыққа оның пайдасы болмаса, зияны тимейді» дейді атақты әнші.
Фестивальдің биылғы қо­нақ­тарының арасында Германия мен АҚШ елдерінен келген өнерпаздар болды. Мәселен, орган музыкасының кешінде Детмольд пен Базель қалаларындағы музыканың жоғары мектептерінің профессоры Мартин Зандер (Германия) өнер көрсетті. Ал фестивальді түйіндеген джаз кешіне трубада шебер ойнайтын «Грэмми» сыйлығының бес мәрте иегері Рэнди Брекер мен оның отандасы әнші Дебора Дэвис қатысты. Оларды «Al jazz big band» тобымен дирижер Александр Беляков сүйемелдеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button