Әлеумет

Кликфрод – алаяқтықтың жаңа түрі

Қазіргі кезде интернеттегі коммуникация өте жоғары жылдамдықпен дамып жатыр. Мұндай үрдістің әрі жағымды, әрі жағымсыз жағы бар. Жағымды жағы – кәсіпкерлер өзінің тауарын онлайн форматпен жарнамалайтын тиімді тәсіл тапты. Сондай-ақ бұл тәсіл қызмет түрлерін ұсынушыларға да көп пайда әкелуде. Ал жағымсыз жағы – алаяқтар да бұл жаңалықтан құр қалмай, алаяқтықтың жаңа түрлерін ойлап шығарды. Соның бірі – кликфрод, оны «кликтеу» деп те атайды.

Кликфрод деген не?

Кликфрод (ағыл. сlick fraud – алаяқтық клик) – бұл жарнама берушінің шығынын ұлғайту үшін арнайы адамдар немесе боттар қандай да бір жарнамалық сілтемені басатын іс-шаралар кешені. Кликфродтан жарнама, маркетинг агенттіктері, интернет кеңістікте тауарлар мен қызметтерді сататын кәсіпкерлер көп зардап шегуі мүмкін.

Алаяқтар кликфродты Pay per click, яғни әр клик үшін ақы қағидаты бойынша контекстік жарнамада пайдаланады. Бұл алаяқтықтың сызбасы мынадай: алаяқ жарнама берілген баннерді бірнеше рет басады, содан кейін жарнама берушінің веб-сайтынан жылдам шығып кетеді. Кликфрод үшін алаяқтар жарнама үшін пайдаланушының клик басқанын білдіретін автоматтандырылған скриптерді немесе бағдарламаларды пайдаланады. Нәтижесінде компанияның жарнамалық бюджеті немесе сайт иесінің табысы таусылып, алаяқ сайттарға трафикті енгізу арқылы ақша алады, бұл жарнаманы басу санынан жинақталған табыс әкеледі.

Жыл сайын жарнама агенттіктері, брендтер мен жарнама берушілер кликфродтан шығынға ұшырауда. Ірі интернет-порталдар мен іздеу жүйелері де кликфродтан зардап шегіп, шығындануда. Себебі олардың қызметіне деген сенім азаяды. Кликфродтың негізгі белгілері мынадай:

  • бір IP-мекенжайдан және бәсекелестердің сайттарынан ауысу санының көп болуы;
  • сайттан тез – 1-2 секундтан кейін кететін келушілер санының күрт ұлғаюы;
  • сайтқа кірушілер саны сатып алушылардың өсу қарқынынан арта бастайды;
  • жарнамаға арналған бюджеттің жылдам жұмсалуы және трафиктің күрт өсуі;
  • трафиктің нақты көзі геотаргетинг өлшемдерімен сәйкес келуін тоқтатады – жарнамалар пайдаланушыларға, мысалы, Алматыдағы пайдаланушыларға арналса да, кликтер шет елдерден болуы мүмкін.

 Қандай түрлері бар?

Мамандар кликфродтың мынадай түрлері барын түсіндіріп береді:

  1. Клик фермалар – алаяқтар арзан құрылғыларда (көбінесе смартфондарда) жарнаманы қолмен басып отыратын адамдарды жалдайды. «Клик фермалардың» қызметін бірдей деректермен өзара іс-әрекетті айқындау арқылы анықтауға болады. Мысалы, бірдей ІР-мекенжайлар, браузерлердің нұсқалары, желілік провайдерлер, деректер тарату жылдамдығы және тағы басқа.
  2. Боттар – жарнама арқылы ауысатын және пайдаланушының тінтуірді қозғап, батырманы басқан сияқты әрекетін қайталайтын зиянды бағдарламалық құрылым. Сол себепті жарнама жүйелері пайдаланушымен емес, ботпен жұмыс істеп отырғанын анықтай алмай жатады.
  3. Бот-желілер – кликфродтың алдыңғы түрінен ауқымы жағынан ұлғайған түрі. Мұнда зиянды бағдарламалық құрылым компьютерлердің желісіне орнатылады және кликтерді жасанды түрде ұлғайтады. Бот-желілер белгісіз сайтқа кездейсоқ кірген пайдаланушының смартфонына мобильді құрылғы орната алады. Ал әрі қарай бағдарламалық қамтылым адам интернет-­дүкенге белгілі бір тауар сатып алғысы кеп кірген сияқты көрініс қалыптастырады.
  4. Кликджекинг немесе көзге көрінбейтін жарнама – пайдаланушылар, өздері аңғармастан, кликтердің санын ұлғайтады. Өйткені баннерлердің, бейнежазбалардың немесе батырмалардың үстінде орналасқан жарнаманы көрмей қалады. Бұл көлемі бір пиксель болатын түссіз баннерлер болуы мүмкін.
  5. Клоакинг-сілтемелер – бұл жағдайда алаяқтар сілтемені ауыстырып, пайдаланушы өзіне қажет парақшаның орнына өзіне трафик ұрлайтын басқа сайтқа кіріп кетеді.

 Қалай қорғануға болады?

Өкінішке қарай, кликфродтан толық құтыла алмайсыз, ол көптеген адам үшін тиімді, себебі іздеу жүйесіне трафик керек. Алайда жарнама тазалығы қағидаларын сақтау және өз өніміңізді дұрыс орналастыру арқылы одан қорғануға болады. Ең бастысы – үнемі сақ болу, жарнама форматтарын, алаңдары мен метрикаларын үнемі зерделеу. Мамандандырылған басылымдар кликфрод зерттеу­лерімен және жарнама бюджетін қорғау тәсілдерімен жиі бөліседі және тіпті бір қарағанда ең қарапайым кеңестердің өзі қаражатыңызды сақтап қалуға көмектеседі.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button