Басты ақпарат

КНЯЗЬБЕН КЕЗДЕСУ

Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Монако Князі II Альбермен кездесті.

Кездесудің салтанатты рәсімінен кейін мемлекет басшылары саяси, сауда- экономикалық, инвес­ти­ция­лық, эко­ло­гиялық және мәдени-гуманитарлық ынты­мақтастық мәселесін талқылады. Әңгімелесу бары­сында Қазақстан Президенті бұл II Альбердің Қазақ­станға алғашқы сапары екенін атап өтті.

– Мен Сіздің жас, тәуелсіз мемлекет – Қазақстанды көру үшін келгеніңізге қуаныштымын. Қазақстан мен Монако арасындағы ынтымақтастықтың та­ри­­хы осыдан басталады деп үміттенемін, – деді Мем­лекет басшысы.

Өз сөзінде Монако Князі II Альбер Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы қабылдауы мен достық ниеті үшін алғысын айтты:

– Делегация және өзім де Монакода жүріп-ақ, сіздер жақтан жеткен жылылықты сезіндім. Сондай-ақ, мен анама арналған көрмені өздеріңіздің жас елордаларыңыз Астанада ұйымдастыруға келісім бергеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің көрменің ашылуына қатысатыныңыз мен үшін үлкен құрмет. Бұл көрменің өткеніне, идеяның осында жан-жақты қолдау тапқанына өте қуаныштымын, – деді II Альбер.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша, Мемлекет басшыларының бірлескен декларациясы қабылданды және ҚР Сауда, өнеркәсіп палатасы мен Монако Экономикалық даму палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бірлескен декларацияда Мемлекет бас­шылары екі елдің ұлттық мүдделері мен жаhан­дық сипаттағы проб­лемаларына жауап бере­тін мәселелер бойынша Қазақстан мен Монако ара­сындағы түрлі деңгейде жүргізілген саяси диалог пен консультациялардың рөлін жоғары бағалады.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен II Альбер қауіпсіздікті және жаhандық ауқымда тұрақ­ты­лық­ты нығайту мақсатында халықаралық және өңір­аралық институттар аясындағы екі елдің бір­лес­кен жұ­мысын жалғастыруға тілектестіктерін білдірді.

Мемлекет басшылары екіжақты экономикалық қа­ты­настардың дамуын және Қазақстан мен Монаконың әлеуеті мен тәжірибелерін ескере отырып, өзара тиімді ынтымақтастықтың бағыттары мен жобаларын белсенді іздеу керектігіне тоқталды.

Бұдан кейін екі тарап «Грейс Келли – Монако Хан­шайымының дәуірі» атты көрменің ашылу сал­танатына қатысты.

«Грейс Келли – Монако Ханшайымының дәуірі» атты көрме Монако князі III Реньенің зайыбы және танымал голливуд актрисасы Грейс Келлидің жеке өміріне арналған.  Көрмеде княгиня өмірінің кейбір сәттері – Филадельфияда өткен балалық шағы, Гол­ливудтағы салтанатты сәттер, Князьбен кездесуі, ана атанған және Монако символы болған жылдар кө­рініс тапқан.  Экспозиция арасында жеке заттары, фото­суреттері, княгиняның әшекейлері, балалар ойын­шықтары, оның Князь Реньемен түрлі король отбасы мүшелерімен, А.Хичкокпен, Б.Кросбимен, К.Грантпен, Ж.Кеннедимен, М.Ростроповичпен, Р.Нуриевпен және М.Шагаломен жазбаларынан құжаттар, сондай-ақ, Грейс Келлидің кейбір үй киножазбалары да бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button