Көкейдегі көп сұраққа тұжырымды жауап берілді
Елінің болашағына алаңдайтын әрбір азаматтың көкейінде қоғамда және күнделікті тіршілікте туындайтын сұрақтардың пайда болуы және олардың шешімін іздеуі – заңды құбылыс. Осы тұрғыдан ойымды тарқататын болсам, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатында көкейімдегі көптеген сұрақтарға тұжырымды жауап алдым.
Өткен жыл бойы мемлекетімізде жүзеге асырылған ауқымды, жүйелі жұмыстардың нәтижесін көріп жүрміз. Солардың бәрінің алдағы жылда жалғасы болғай деп тілеймін. Дамыған өркениетті елдердің тарихына жүгінер болсақ, ішкі және сыртқы саясатта ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бағыттардан басқа көбіне білім, ғылым, демография және мәдениент пенен өз тілінің жан-жақты дамуына басымдық беретінін байқадық. Біздің елде де билікте осы бағыттарды қолдап жатқаны құптарлық жағдай. ҚР Парламентінің биыл қабылдаған Республикалық бюджетте жоғарыдағы әлеуметтік бағыттарда жан-жақты жұмыс атқарылуына назар аударылуда.
Білім беру саласына және әлеуметтік қажеттіліктерге айтарлықтай қаражат қарастырылуда. Соның айғағы ретінде апаттық жағдайдағы және 3 ауысымдық мектептердің азаюына ел көлемінде жаңадан салынған 217 жайлы мектептердің салынуы оң әсер ететіні сөзсіз.
Мемлекеттік тіл мәселесіне келетін болсақ, ел Президенті мұны өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды сала екендігін атап өтті. Бұл пікірге мен де толығымен қосыламын. Сонымен қатар білім, ғылым саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртып, оқу орындарында қазақ тілін оқытып, үйрету жолдарын жетілдіру, оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселелері өте орынды көтерілді.
Қолданыстағы «Мемлекеттік тіл туралы» заңда көрсетілген талаптардың кейбір салаларда орындалмай жатқанының куәсі болып жүрміз. Әсіресе, банк, қаржы мекемелерінде, ойын-сайық, бизнес орталықтарындағы мемлекеттік тілде беріліп, айтылуы тиіс ақпараттар, жарнамалар қойылған талаптарға сай емес. Осы салаларға қазақ тілі заңға сәйкес қолданылуын қадағалайтын мемлекеттік құзырлы мекемелердің назарын аударғым келеді.
Президентіміз Үкіметке шетелде оқып, білім алып жатқан жастардың Отанымызға еңбек етуіне жағдай жасауды міндеттегені өте орынды деп есептеймін. Қазіргі таңда жастардың «Болашақ» бағдарламасымен бакалавриатқа грант алып, оқу мүмкіндігі жоқ, ондай мүмкіндік тек магистранттарға беріледі. Ал өз еркімен бакалавриатқа түсіп, оқып жатқандарға ешкім көңіл бөлмей жатқан сияқты. Міне, осы жастардың көбі жауапты мекемелердің хабар, байланысы болмағандықтан сол елде жұмысқа қалып жатыр. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстарды жауапты министрлік қолға алғаны жөн.
Төлеген Қуанышев,
Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі,
педагогика ғылымының кандидаты, профессор