Көкірегі көне кітап
Көмбелерде қалған көненің құнды сөзі мен сазын қозғау – кез келгенге бұйыра бермеген бақ. «Көненің көзі» деген ұғымды қастер тұтқан халқымыздың сол көнелікте қаншама қазынасы қалғаны белгілі. Бүгінгі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, талантты ақын Светқали Нұржанның мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Көкірегім көне кітап» атты жыр жинағы осы бір рухани қазынаның бір түйірін аршып алып, жарқыратып ұсынғандай әсер қалдырады.
Көздің сәулесі түскен көкірек күллі ғаламның мұңы мен сырын, сол ғаламда ғұмыр кешкен адамның арманы мен аңсарын, мақсаты мен мұратын, ойы мен сезімін өзіне тұрақтатады. Сөйтіп бағзыдан бүгінге дейінгі рух тынысы сол көкіректе шежірелі сырға толы қазына-кітап болып қатталады. Сөздің нәрін жұтып, мәнін түйсінген ақындар үшін көкіректің көне кітапқа айналуы осыдан. Бұл көне кітаптың мазмұн түзілісі де оқырманына ұсынар ой мен сырдың өзгеше тұрпатта екенін аңғартқандай. «Ымырт шырасы», «Үміт дұғасы» атты екі бөлімге адами аңғарлы ой мен тамырлы таным, терең мұң мен сыршыл сезім астасқан өлеңдер топтастырылса, үшінші бөліміне хикаялар мен дастандар енген.
Сөз өнерінің кез келген туындысы автордың көркем қорытуымен және оқырман қабылдауымен сарапқа түсері белгілі. Шығармашыл тұлғаның дүниені қабылдауы мен танымдық-көркемдік кеңістігі түзген бейнелеулер өлеңнің қан тамыры десек болар. Кітап бетін ашқаннан-ақ сананы селт еткізер поэтикалық оралымдарға жолыққанда біз әуелі жалпы кітап деген атаудың өзі адамзаттық ұғымға әуелі материалды тұрғыда емес, рухани мәнімен енгенін тағы да біле түскендей боламыз. Көркем туындының субъектісі де, объектісі де адам екенін еске ала отырып, осы бір ұғымның жаңа мәнін сезінеміз. Алғашқы өлеңдерден-ақ ақын мен оқырман бетпе-бет сұхбаттасып, тілдесіп тұрғандай:
«Көкірегім – көне кітап. Сұр тысты.
Қырық қазына, мың мағына –
қыртысты.
Қиялым бар жетпіс түрге құбылған,
Көздеріңмен қарамашы бір түсті».
Ақынның оқырманына айтар алғашқы өтініші іспеттес бұл жолдарда ақындық болмысты айқара ашу бар. Көкіректе ұялаған ойдың, арман мен мұраттың, адами бітімнің тамыры бағзыдан бастау алары хақ. Ақын айшықтап отырған қырық қазына, мың мағына, жетпіс түрге құбылған қиял астарында қаншалық құндылық жатыр. Көкірек – сол рухани мұраның көмбесі. Жүрегінде шуақ, сезімінде сәуле бар пенде баласына қуану мен қайғыру, күлу мен жылау тән. Осы бір алмағайып көңіл-күйді өлең ғана, өлең болғанда көркемдік нәрі мол, бояуы қанық өлең ғана жеткізе алады. Сондықтан да ақын оқырманымен:
«Оқымай-ақ отқа салма мені сен,
Керегіңе жарата алсаң – келісем.
Залым-сұмнан сағың сынған налаң мен
Ауырсынған жараң болса – бөлісем.
Сыңар көзбен қарай берме сен өйтіп,
Бөлісе алам шаттығыңды – көбейтіп.
Бөлісе алам қайғы-мұңды – азайтып,
Айлы түнгі айдыныңды кеңейтіп»
деп шынайы көңілімен сырласуды мұрат тұтады.
Көкіректе қатталған көне кітаптан тағы не табамыз деп парақтағанда ақын айтқан қырық қазына мен мың мағынаға жолығамыз.
Адамзат танымының нәтижесінде санаға бедерленген кез келген ұғымның уақыт өте келе көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты затқа атау болып телінгені белгілі. Көкірек пен кітап туралы айтармыз осыған саяды. Көмбе туралы да түсінігіміз бұдан алыс кете қоймас.
Көмбедегі қазына көнеде ұмыт қалмай неге санамызда жаңғыра береді? Өткеннің мына пәни тіршіліктегі өшіп кеткен іздеріне үңілудің не сыры бар? Көне деген – бүгінің, ертеңің. Бұл – рухани тұрғыдағы бұлжымас заңдылық. Кітаптағы келесі «Ескі жұрт. Күз» өлеңі сана кеңістігіндегі және мына өмірдегі қоныс бір-бірімен астасып, жымдасып, өмір мен тірліктің, рух пен жанның шырмауықтай шырмалған бірлігіндегі адами мұң мен толғанысты айрықша бейнелеулермен аңғартады:
«Сынған ауыт… Көшкі-жұрт…
Ескі тырма…
Жад жырақта қаңғып жүр,
ес – зытымда.
Күн-дарақтан жұлынған жапырақтай,
Төңкеріліп төбемнен көшті тырна.
Көшті тырна – байлығым
күз ұрлаған…
Күбір-күбір сөйлейді Қызыр-далам.
Көшті дейді, дәуренің өшті дейді,
Жан түбінен бір үн кеп ызыңдаған».
Күзгі даланың кәдімгі көрінісі. Мезгіл – күз, жұрт – ескі. Қайтқан құстың төбеден көшкен тырналар арқылы көрінуі ғана емес, сол тырналар көшінің «күн-дарақтан жұлынған жапыраққа» ұқсатылуының бейнелілік мәні ақындық өрісті әрі қуатты танытады. Абайдың күзіндегі:
«Қаз-тырна қатарланып
қайтса бермен
Астында ақ шомшы жүр – ол бір керуен» деген суретте де құстың қайтуы мен көштің қалпы қатар ұсынылса, осы бір «көш» Светқали ақынның ескі жұртында да жүр. Ескі жұрттағы сынған ауыт пен ескі тырма – сол жан толғанысын жеткізуде ақын тіліне тиек болып тұрған көркем деталь. Бағзы танымдағы «жапырақ – жан» түсінігі қайтқан құс, өткінші өмір ұғымдарымен ассоциацияланған. Лирикалық қаһарман сезінуіндегі ескі жұрт пен көшкен дәурен тек өкініш тудырар сурет емес екен. Ол – әр адамның жадында жатталып, көңілінде қатталған ерекше бір қазына. Көңілді жүдетер көрініске өшкен үміт, көшкен дүние, қайтқан құс қана емес, кешкі ымырт та өз үлесін қосады:
«Жүрек қылын жел жұлған
кешкі ымыртта,
Не сор мені әкелген ескі жұртқа?
Мен де көшіп бұл жұрттан
кетіп ем ғой,
Жад жұпарлы, жан әрлі, ес тұнықта».
Біз өлеңнің алғашқы шумағынан бастап «көшу» сөзіне кезіктік. Өлеңдегі басты қазық – ескі жұрт болса, оның қозғалыстағы қалпын сол көш әрекеті танытады. Жұртта қалған сынық ауыт пен ескі тырма ғана қозғалыссыз, қалғанының бәрі – тынымсыз қозғалыста. Төбеден көшкен тырна, көшкен дәурен, көшкен жұлдыз (Өмірзая-жұлдыз), көшкен бұлт, қашқан қаңбақ – мұның бәрі ақын толғанысының себептеріне айналған. Көшпелі тірлік кешкен бабалар заманы көшпелі, өткінші өмірдің мына тірліктегі қалпын танытқан дерек яки дәйек сияқты. Басқаша айтқанда көшпелі дүниенің санадағы таңбадан тамырланып, мына фәни жалғанда деректілік болмысымен қалыпталуы. Ақынның өзіне ме, әлде өткенге ме, қойған сауалының жауабы сан тарапқа тармақталып кетеді. «Қыз Жібек» эпосындағы Төлегеннің төбесінен айналған алты қаз, Абайдың күзіндегі қатарланып қайтқан қаз-тырна Светқалидың өлеңінде көш ішінде тізбектеледі.
Төрткүл дүниенің төбесінде үшкілденіп ұшқан тырналар тізбегі ақынның ескі жұртының көгінде аспанға шығар баспалдақпен ұқсатылады. Бағзы адамзаттық танымда адам баласының аспанға емін-еркін шығып тұруы үшін баспалдақ болғаны туралы мотивтер жеткілікті. Аспанға ауған адамзаттық аңсардың сыры тым тереңде, тым көнеде жатыр. Ескі жұртқа оралған бүгіннің пендесі үшін ол қол жетпес арман болып қалған:
«Барады ұқсап көп тырна
баспалдаққа,
Шығатын жан табылса аспан жаққа.
Аспан да жат, жатпайды
достар қамап,
Айналыппын көтерем қасқалдаққа».
Ақынның көнелік пен ескі жұртты тұтастырып, сана түбіне шөккен көмбе-ойды өлеңнің өзегіне сіңіруінде таным, талант, осы екеуін тоғыстыратын ұшқыр сезім бірлескен. Әрі әр шумақта ескі жұрттың ескілігін танытатын детальдардың ұлттық мәні де ерекше. Көне адамзаттық таным, жадта таңбаланған ұлттық код өлеңді жандандырып, қуатын арттыра түскен. «Ескі жұртқа неге келе беремін?» деген лирикалық сауалға берілер жауаптың бірегейі:
«Алтын айдар Ай туды кешкі
ымыртта,
Өмірзая… ізімен көшті бұлт та…
Көшкен тырна, баяғы… өшкен құрма
Бір соғар деп, келіп ем –
ескі жұртқа…».
Жұлдыздың бәрі де тұрақтап тұра бермейді, неге Өмірзая ғана аталып, ақын соның ізімен бұлтты көшіреді? Өмірзая-жұлдыздың екінші атауы – Кешкі Шолпан. Аймен бірге туып, лезде ғайып болатын бұл шырақ таң алдында қайта туып батады. Қас-қағымда. Шолпан деп бабаларымыз ерекше атау берген бұл жұлдыздың адамның аңсары ауған аспан кеңістігіндегі көші осы аралықта.
«Көне жолдар үзілген желі делік,
Қашты қаңбақ сол жолмен
желіне еріп.
Қаусырады Жаңа Айдың қауырсыны –
Ескі Жұртта өксіген мені көріп…».
Өлеңнің табиғатына тән сезімталдық пен ойлылықты, әр құбылысқа, жылт еткен сәулеге, дір еткен жапыраққа назар аударар ақындық аңғарымпаздықты біз кітапқа енген әр туындыдан көреміз. «Қапыңды аш, дүниежарық», «Қарқаралы басында», «Тірілермен тілдесу», «Дыбыс», «Ара-күмән», «Сайра, таңның жұлдызы», «Отпан-таудың алдында», т.б. өлеңдерінде бақи мен фәни, өмір мен өлім, ізгілік пен зұлымдық сияқты адамзаттық ғұмырдағы ұғымдардың бинарлық-оппозициялық бірлігі философиялық мәнмен ұсынылған. Әсіреқызыл әлеміш бояу, жадағай ой, жайдақ баяннан ада өлеңдердің қай-қайсысы да әрімен де, мәнімен де айрықша.
«Оңтүстікке сапар» топтамасы поэтикалық бояуының қанықтығы, психологиялық иірімінің тереңдігі әрі философиялық, тарихилық, ұлттық мәнінің айқындығымен кітаптың мазмұнын аша түскен. Әулиені ардақтап, олар жүрген жерді киелі деп қастерлеген, аңыздарды аялап, қымбат мұраға айналдырған қазақ даласының рухани бітімі бұл өлеңдерде барынша ашылады. Ақын өзі танып-білген, түйсінген жайтты оқырманға қалтқысыз ниет, шынайы толғанысымен ұсынады. Сөйтіп субъективті жағдаят объективті кеңістікке ауысып, тұтастай бір әлемге айналады. Өлеңдер топтамасында деталь мен мотивке, символикаға айналған Қаратаудың теріскейі мен күнгейіндегі қоныстар, Қазығұрт тауы, Мұрынғарақ пен Дастарбасы таулары, Арыстанды-Қарабас желі оқырманына ел мұратын, бабалар аманатын, ұрпақ борышын ұқтырғандай болады. Осы топтамадағы «Дастарбасы» өлеңін ақын:
«Дерек тауып әр тастан, әр жырадан,
Құтты Білік қонады-ау мәңгі маған…
Мейірленіп қараймын кеңістікке,
Қазақ болып шығардай
барлық Адам!..»
деп түйіндеген екен. Біз поэзиядағы ізгілік, елдік мұраттар қандай да бір жайдақ ақылмен емес, жан-жүрекке әсер ететіндей бейнелеумен жеткізілуін қалаймыз. Адамзаттың мәңгілік аңсары мен мұраты болған ізгіліктің нәрі ізгілікті білім болса, елдің елдігі сол адами бастауға арқа сүйейді.
Поэзия дүниенің бейнесін өз кеңістігіне ерекше қалыппен орналастырады. Адам мен ғалам арасындағы үзілмейтін, үзіле алмайтын, үзілуге болмайтын мәңгі байланыстың өзіндік заңдылығы, қағидат-шарттары бар. Оны ешқандай ресми құжат бекітпеген. Оны бекіткен – адамзаттың өзінің ар-ожданы, түйсік-танымы, тәжірибесі. Біз «Көне кітаптың» әр бетінен осы бір адами ғұмыр заңдылығын, сол ғұрыпға тұрақ болар рухани кеңістікті көреміз.
«Көне кітаптағы» өлеңдер тақырыбы жағынан сан алуан, сол өлеңдердің әрқайсысындағы бояу да сан түрлі, бейне де әр қилы. Әрқайсысы – бір-бір әлем деуге боларлық бітімі тұтас, мәні терең, мазмұны бай дүниелер. Оның әрқайсысы туралы алты бет талдау жасап, қазақ өлеңінің мүмкіндік шегі туралы ой қорытуға болады. Бұл бағыттағы еңбек те болашақта жүзеге асар. Әзір тек түйінді бір тұстарды жинақтап отырайық.
Өлеңдер топтастырылған екі бөлімнің соңғы жағындағы «Көбелектің кешкі жыры немесе өрттің дәмі» деген бір өлеңге аялдайық. Шамды айналған көбелек – бізге таныс мотив:
«Көбелекпін, ұшам шамға мен төніп,
Ақ сәулесін қанатыммен көмкеріп.
Шамдалды кеп сабалаймын,
Білсем де
Кетерімді өзім әнсәт өртеніп…
«Тамыз маған уыңнан, – деп, –
балыңнан!» –
Мен пәруана – жалынға
кеп жалынған.
Лап етемін, сезініп те үлгермей
Өрттің дәмін – қанатыма шағылған».
Көбелек атымен сөйлеген лирикалық қаһарманның хал-күйі – Шығыс поэзиясында бағзыдан қалыпталған дәстүрлі мотив. Ақын осы тұрақты мотивті жаңа бейнелеумен жаңғыртып, ақын-ғалам-өлең шеңберіндегі поэтикалық орамға тоғыстырады:
«Жақ отыңды! Жаз хатыңды!
Жаза гөр! –
Осылайша өлімге кес, жаза бер!
…Тағы да бір диуаналау шайырдың
Қабірін кеп екіленіп қазады ел…
Құлпытастан көрінсінші ғазал бұл,
Май шам, кешкі жарығыңды
мазарға ұр:
Тас бетінде жанар лып-лып түнімен,
Өрттің дәмі жайындағы
ғажап жыр…».
Шығыс өлең айшығының бір түрі болып саналатын ғазал – адамның ғаламға ғашықтығын өзегіне сіңірген өлең түрі. Ғазал әлемінің мәңгілік тұрғыны – отты айналған көбелек болса, ақынның да сүрген өмірі, кешкен тірлігі сол отқа ұмтылған көбелек іспеттес. Философиялық мән мен психологиялық күй астасқан сыршыл өлеңнің оқырманына ерекше әсері бар. Поэзияның биік талаптарына сай мұндай өлеңдер кітаптың мазмұнын тереңдетіп, ажарын аша түседі. Бұл пікірді жинақтағы әр өлеңге қатысты батыл айта аламыз.
Кітаптың үшінші бөліміндегі хикая-дастандардың да тақырыптық, көркемдік, құрылымдық тұрғыдағы ерекшеліктерін санамалап та, даралап та көрсетуге болады. Хикая-дастандарға ақындар Өтежан Нұрғалиев пен Жұматай Жақыпбаев, ғалым-ұстаз Рымғали Нұрғали кейіпкер болған «1982 жыл. Мамыр айы. «Қаламгер» кафесінде Өтекеңмен өткен 1-хикая», «2008 жыл. Тамыздың 15-жұлдызында «Төбегеңнің» түбінде Өтекеңмен өткен 2-хикая», «Айтылмаған алғыс хақындағы хикая», «Неомұңал қағанатының» ақырғы нояны айтқан хикая» туындылары – өзіндік поэтикалық ерекше бітімі мен терең мазмұны бар дүниелер. Ал «Келіншектау» хикаясы», «Жылаған-Ата» аңызы», «Талысторы» айғыр мен әңгі есек жайлы хикая», «Міскін Жүніс пен молда Қасым жайлы хикая», «Тәбриздік Шәмістің Мәуләна Румиге жыр жаздырғаны жайлы хикая», «Би Мәтжанның Ешмағамбет «шайырды» қалай жазалағаны жайлы хикая», «Қыз Қаламқас қазасы» тарихи-аңыздық мотивтерді, адамның рухани мұратын арқау етуімен маңызды.
Сөзімізді түйіндер болсақ, «Көкірегім көне кітап» жыр жинағы – көркемдік айшығы, бейнелі болмысы, рухани-танымдық мазмұны мен құрылымы келіскен, ұлттық поэзиямыздың әлеуеті мен биік деңгейін танытатын дүние. Ақын Светқали Нұржанның «Көкірегім көне кітап» атты жыр жинағы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп есептеймін.
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ,
ақын, әдебиеттанушы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы