Басты ақпаратРуханият

Көкшенің гәккулеткен әнші қызы

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Күләш ­Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры ­Қапаш Қабыкенқызы Құлышева биыл қос мерей­тойын атап өтуде: әнші мерейлі 75 жасқа толса, сахнада өрелі өнер көрсетіп жүргеніне 55 жыл.

Қапаштың өнермен ұштасқан өмірі балалық балғын шағынан бастау алған. Кербез сұлу Көкшенің әсем табиғаты: нулы орманы мен мөлдір көлі, асқақ тауы мен жазық даласы – осының бәрі жасөспірім қызға ерекше әсер етіп, тырнақтай кезінен өнерге баулиды. Есін білгеннен бері әнге құштар бүлдіршін қайда болмасын қалың қарағайлы орманда, тасты тауларда, көгілдір көл жағасында, думанды тойларда, құрбы-құрдас достарының арасында барлық жерде асқақтата ән салатын. Сондағы сүйіп айтатын өлеңдері қазақтың халық әндері «Бір бала», «Еркем-ай», «Елім-ай», Абайдың әні «Айттым сәлем, қаламқас» жұртшылыққа кеңінен танымал Мәриям Жагорқызының «Дударайы», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», «Көкшетау» әндері еді.

Тұңғышының өнерге әуестігін байқаған Қабыкен ағай баласын елге кеңінен танымал күйші, композитор, әнші Мұса Асайыновқа оқуға береді. Алғаш рет қолына домбыра ұстатқан өнердегі ұстазы Мұса ағайы аты аңызға айналған Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының туған немересі еді. Осыған орай, ұстазынан үйренген бір әннің тарихына тоқтала кетейік. Үкілі Ыбырай қартайған шағында «Қалдырған» атты әнін шығарады. Бұл әннің шығу тарихы да ерекше. Ыбырай түсінде аян көреді. Бір сұлу келіншек керемет әуезді ән салып, өзіне қарай жақындай бергенде, кенеттен оянып кетіп, көзін ашса, әлгі ән көкірегінде сайрап тұр. Міне, сол әнді бүгіндері Қапаш Құлышева ерекше сезіммен, нақышына келтіріп орындап жүр.

Шәкіртінің келешегіне үміт артқан ұстазы Қапашқа қайнаған өнер ортасы – Алматыға барып, өнерін шыңдауға кеңес береді. Сөйтіп, өнер жолын қуған қаршадай қыз небәрі 16 жасында ел астанасы Алматыға жол тартады. Өткен ғасырдың 60-жылдары «Гүлдер» эстрадалық-цирк студиясының атағы жер жарып, дүрілдеп тұрған кезі болатын. Қапаш бағы жанып, әр өнерпаздың арманына айналған студияға оқуға түседі, оған қоса ұстазы да мықты еді, Қазақстанның халық әртісі, ерекше дарын иесі, көрерменнің сүйіктісіне айналған дара тұлға, қайталанбас әнші Ғарифолла Құрманғалиев болатын. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дегендей, өнерімен дараланған  әнші қыз «Гүлдер» ансамбліне қызметке қабылданады. Қапаш Қабыкенқызы «Гүлдер» ансамблінде жеке солист бола жүріп, осы ұжымда табаны күректей 44 жыл еңбектенеді. Сол уақыттан бастап өнерге құлашын кең жайған талантты қыз қазақтың дәстүрлі ән өнеріне бүкіл саналы ғұмырын арнайды. Қазіргі күні әншінің репертуарында 170-ке жуық ән бар деседі.

Қапаштың тек өзіне ғана тән әдемі, әуезді дауысы көрер­менін әу баста таңқалдырды, тамсандырды, уақыт өте сүйсіндірді, баурап алды, тіпті жау­лап алды десек те артық болмас. Халқының аяулысына айналған әншінің қолдаушысы да, қолпаштаушысы да қарапайым көрермендері болды. «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» демей ме қазақ халқы. Менің өнеріме баға беруші халқым – қалың елім, мені өсірген киелі сахна мен үлкендердің батасы» деп толғанады бүгінде қазақтың біртуар әнші қызы Қапаш Қабыкенқызы Құлышева.

Әр әртіске киелі саналатын сахнада 55 жыл өнер көрсетіп келе жатқан Қапаш Қабыкенқызы – қазіргі уақытта Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры. Тәжірибелі әнші сахнада орындаған әндерін кейінгі ұрпаққа мирас ету мақсатында бірнеше дискография мен фильмографиялар жинақтарын жасақтаған, жас ұстаздарға көмек ретінде әдістемелік оқу құралдарын дайындаған. Өзінің жиған-терген тәжірибесін жас буын өнерпаздарға үйретуден әсте жалықпайды. «Ат тұяғын тай басады» деген нақылды халқымыз бекер айтпаған болар. Ұстазы салған дара жолмен келе жатқан дарынды шәкірттері де бар: Мирас Есенов, Әзім Ескенов, Айзия Өтебалы, Баян Жүнісова – додалы конкурс­тарға қатысып, алдарына жан салмай, жеңімпаз атанып жүрген жас өрендер. Қазақ өнерін өрлеткен әртіс әрі ұлағатты ұстаз Қапаш Қабыкенқызы Құлышеваның еңбегі лайықты бағаланып, биыл «Құрмет» орденін еліміздің ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды.

Бірақ дарын иесінің шығармашылық өмірінде «әттеген-ай» дейтін шақтары да аз емес. Қапаш Құлышеваға атақтар мен марапаттар оңайлықпен келген жоқ. Осыдан 5 жыл бұрын берген сұхбатында «ҚР еңбек сіңірген әртісі» атағына 8 рет ұсынылып, әрқашан тізімнен сызылып отырғанын айтып еді. Дауысы десеңіз, қандай әуезді, ерекше сопрано дауыс! Репертуар десеңіз, кеңінен танымал қазақ әндерінен бастап, әннің шыңын бағындырған Абайдың, Үкілі Ыбырайдың, Мұхиттің, Сәкеннің, Ғарифолла Құрманғалиевтің, сонымен қатар атақты Қазақстан композиторларының әндерін нақышына келтіріп орындап жүрген күміс көмей әнші!

Ақыры бұл атақты Қапаш Қабыкенқызы 1979 жылы ғана алады. Бұған шешуші себеп болған оқиға – 1978 жылы Куба Республикасының астанасы Гавана қаласында өткен ХІ Халықаралық жастар мен студенттердің өнер фестивалі еді.  Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев басқарған делегация құрамында Қапаш Құлышева да болады. Қапаштың салған әніне сүйсінген Кубаның жетекшісі Фидель Кастро әншінің қолын сүйіп, таңқалысын жасырмай, шын ықыласын білдіреді. Қазақстанның басшысы да марқайып, өнерлі қызға дән риза болады. Енді теріс шешім шығаруға ешқандай себеп таппаған шенеуніктер Құлышеваға тиесілі атағын береді. Бұл осындай бұлтартпас айғақпен, көп жылдық сергелдеңмен келген атақ еді!

Қазақ өнерін өркендетуге айтарлықтай үлесін қосып жүрген әнші Қапаш Құлышеваның әлі де берері мол. Тұғырынан таймаған дара тұлға қазіргі күні тәжірибелі, білікті ұстаз, әдістемелік-оқу құралдарының авторы, өзіндік әдістемесі қалыптасқан педагогика саласының жетекші маманы. Қадірменді өнерсүйер қауымға сүйіншілеу хабарымыз бар: көмейіне бұлбұл қонған әнші атанған Қапаш Құлышеваның қос мерейтойына арналған концерті биылғы жылдың 29-қарашасында елорда филармониясының «Астана» концерт залында өтеді деп жоспарлануда. Біз, көрермендері, халықтың көзайымына айналған сүйікті әншіміздің концертін тағатсыздана күтудеміз.

 Гүлнаш Бержанова,

ҚР білім саласының құрметті қызметкері,

К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер

университетінің ұстазы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button