Көкталдағы өзекті мәселелер талқыланды

Мәжіліс депутаттары Гүлдара Нұрымова, Дәулет Мұқаев, Вера Ким, Ажар Сағандықова және Нұрлан Әуесбаев Астанадағы «Көктал-1» және «Көктал-2» ықшам аудандарының тұрғындарымен кездесті. Кездесу Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың бастамасымен ұйымдастырылды, оған тұрғындардың өтініші себеп болған.
Іс-шараға Экология және табиғи ресурстар, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің, елорда әкімдігі мен мәслихатының, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Кездесуге шақырылғандар жедел шешуді қажет ететін бірқатар мәселені алға тартты. Олардың айтуынша, ықшам ауданда үнемі күкіртсутек иісі сезіледі. №40 және №41 мектептерінің маңында төрт жыл бойы Есіл өзеніне екі құбырдан қалдықтар төгілуде. Тұрғындар бұл өзенге өндіріс нысандарынан немесе жақын маңдағы коттедждерден кәріз қалдықтары тасталады деп күдіктенеді. Олардың пікірінше, кәріз-сорғы станцияларының жағдайы да көңіл көншітпейді.
Фильтрлер жылдар бойы ауыстырылмайды. Ал оларды әр алты ай сайын жаңартып, жоғары сапалы заманауи көмір сүзгілерін орнату қажет.
Сонымен қатар қаңғыбас иттердің көбеюіне байланысты да көптеген шағым түсуде. «Көктал» тұрғын алабында қаңғыбас иттер мен мысықтарға арналған питомник бар. Кездесуде тұрғындар бірнеше жыл бұрын осы ауданда 800 орындық көпсалалы аурухананың құрылысы басталғанын, бірақ үш жылдан бері құрылыс жұмысы тоқтап тұрғанын айтты. Сондай-ақ ықшам аудан аумағында тергеу изоляторының (СИЗО) салынуы мүмкін деген қауесет барын, оған наразы екенін білдірді.
Аталған мәселелерді шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, Ауыл шаруашылығы министрлігінен Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Қазбек Тәшімов, Денсаулық сақтау министрлігінен Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің бас директоры Данара Әлімбаева баяндады.
Олардың айтуынша, барлық мәселе жіті бақылауда және тұрғындардың ұсынысы міндетті түрде ескеріледі.
Есет Байкеннің сөзінше, Көкталда тергеу изоляторының құрылысы жоспарланбаған, бұл – негізсіз қауесет. Ал тоқтап қалған аурухана құрылысы қаржы бөлінгеннен кейін одан әрі жалғасады. Жиын барысында қаңғыбас иттердің тұрғындарға қауіп төндіруі және ауаның ластануы мәселелері қызу талқыланды.
Депутат Гүлдара Нұрымова мемлекеттік органдар ұсынған деректер мен Көктал тұрғындарының нақты жағдай туралы айтқан мәліметтері арасында үлкен айырмашылық бар екеніне назар аударды. Өз кезегінде депутаттар Ажар Сағандықова мен Вера Ким халық қалаулыларына азаматтар көбіне жергілікті атқарушы органдар өз деңгейінде шешуі тиіс, ушықтырмай-ақ реттеуге болатын «жергілікті» мәселелермен жиі жүгінетінін атап өтті.
Көктал округінен сайланған Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та сайлаушылардың айтқан пікірлерін қостай отырып, қаңғыбас иттер мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Гүлдара Нұрымова жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы қазіргі уақытта Мәжілісте қаралып жатқанын, ал талқылау барысында айтылған барлық ұсыныс жұмыс тобына жолданатынын жеткізді.
Көктал тұрғындары Мәжіліс депутаттарына ашық диалог алаңын ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, өзекті мәселелердің тез арада шешілетініне сенім білдірді.