«Көктем симфониясы» балы өтті

Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Халықаралық әйелдер күніне арналған «Көктем симфониясы» балы өтті.
Балға қалалық білім басқармасының өкілдері және мұғалімдер, ата-аналар, сондай-ақ, мектепішілік және студенттер Парламентінің көшбасшылары қатысыты. Ал, ерекше кештің басты мақсаты – мектеп президенттері мен парламент мүшелерін эстетикалық, адамгершілік құндылықтарға баулу, қоғамдағы мінез-құлық мәдениетін дамыту екендігін айтқан «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің директоры, «Бақытты отбасы» әйелдерге арналған білім беру ақпараттық-кеңес орталығының директоры Ырза Тұрсынзада кешке қатысушы жастардың болашағына сенім артып, жастыққа тән жалындаған өнерлеріне ризашылығын жеткізді.
– «Көктем симфониясы» – бұл тек би кеші ғана емес, ізгілік пен құрметке толы ерекше іс-шара. Сондықтан бұл бал – жастарымыздың рухани тәрбиесінің бір көрінісі сияқты елестеп тұр. Бұл кешке қатысқан жастарды көріп адам еріксізден желпініп, жастықтың және көктемнің энергиясын сезінеді екен,-деді Ырза Тұрсынзадақызы.
Ал, мерекелік кеш барсында балалар вальс билеп, ән айтып, өздерінің ата-аналары мен ұстаздарына деген ризашылықтарын да білдіріп жатты.
Шапағат Әбдір