Басты ақпаратМәдениет

Көктемдегі сұлу қойылым – «Solo»

Жуырда Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сах­насында «Alem» заманауи хореография балеті «Solo» пластикалық дивертисмент қойылымының премьерасын ұсынды.

«Solo» заманауи эксперименталды пластикалық дивертисмент қойы­лымының философиялық негізі, оның идеялық мазмұны мен режиссерлік іске асырылуы – «Alem» заманауи хореография балетінің көркемдік жетекшісі Бақыт Тажиновтың еңбегі. Эксперименттік хореография стиліндегі би нөмірлері заманауи композиторлардың музыкасымен сүйемелденеді. «Alem» заманауи хореография балетінің әртістері пластика, икемділік, тонус және музыканың ерекше сезінуді талап ететін «іштей сезіну арқылы» билей алатын бірегей техниканы меңгергенін көрсетеді. Қойылымның ерекшелігі – оған филармонияның басқа шығармашылық ұжымдарының аспапшы-музыканттары мен шақырылған балет әртістерінің қатысуы. Солардың бірі – Петропавл қаласынан келген ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған «Sensitive» би театрының солисі Даниял Кангожин. Осындай бірлескен қойылым Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония балет әртістері үшін алғашқы инклюзивті тәжірибе болды. Қойы­лымның қоюшы-балетмейстерлері – Ұлан Изенаев пен Жанна Сейітова, балеттен репетитор – Жанат Сәрсембаев, шақырылған қоюшы-балетмейстерлер – «Sensitive» би театрының бас балетмейстері Ольга Ростовщикова (Петропавл), ҚР Ұлттық ұланы ән және би ансамблінің көркемдік жетекшісі және қоюшы-хореографы Гүлмира Рашева (Астана).

Астанадағы премьерадан кейін пластикалық дивертисмент қойылымы гастрольдік сапарға шықты. 30 наурызда Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының концерт залының сахнасында «Solo» қойылымын Көкшетау халқы тамашалады. 31 наурызда өнерпаздар ақ қайыңдар өлкесінде – Петропавлдағы Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясында өнер көрсетеді.

«Alem» заманауи хореграфия балетінің құрамында күрделі хореографиялық тапсырмаларды орындай алатын кәсіби бишілер жұмыс істейді. Олардың шеберлігі актерлік дарын мен орындаудағы зор мазмұнмен толыға түседі. Әртістер өз концертінде хореографиялық өнердің байлығы мен сұлулығын көрсете отырып, классикадан модернге дейінгі сан алуан би стилін көрерменге паш етеді.

Астанада ерекше концерт беріп, елордалықтарды қуантқан талантты өнерпаздарға әрқашан сәттілік тілейміз!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button