Көктемді құс қанатына қондырған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аса көрнекті күйші-композитор, дарынды дирижер, Қаз КСР және КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына дайындық осыдан үш жыл бұрын басталды. Сол уақытта Президент композитордың қызы Динара Тілендиеваны қабылдау кезінде майталман музыканттың мерейтойын кең көлемде атап өту қажеттігін айтқан еді. Биыл Тілендиевтің тойы ел көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ аясында тойланады.
Өткен айда Анкарадағы ТҮРКСОЙ-дың бас хатшылығында «Тілендиев жылының» ашылу салтанаты өтті. Бүгін – композитордың туған күні. Осыған орай Астанада «Әлқисса – Нұрғиса» атты мерейтойлық концерт өтеді. Көрнекті композитор, Қаз КСР және КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиевтің «Нұрғиса Тілендиев – бір ғасырда бір туып, ғасырлар бойы өзінің өнерімен халқының ортасында өмір сүретін тұлға» деп айтқаны бар. Оның атын иеленген елордадағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымы ертең Нұрғиса Атабайұлының мерейтойына арнап «Құстар әні» атты республикалық фестиваль өткізеді. Атаулы іс-шара үш күнге созылады.
«Қыз Жібек» фильмінде сырлы сазымен аспандағы аққуды көлге қондырып, билеткен Нұрғиса Тілендиев – құстарды әсем әнге қосқан композитордың бірі. Соның ішінде классикаға айналған «Құстар қайтып барады» және «Құстар қайтып келеді» атты әндерін айтсақ та жеткілікті. 1 сәуір – Халықаралық құстар күні. Композитор дәл осы күні дүниеге келді. Бұл ғажап сәйкестік таңдандыра қоймайды. Құстар күні туған композитор өзінің аманатымен «Құстар әнімен» жер бесікке бөленді. Бірақ қазақ барда өлмес, қаншама мәңгілік мұраны халқына тастап кетті.
«Мына мен Ахаңсыз сөйлемеймін, Ахаңсыз дирижерлік етпеймін, Ахаңсыз өмір сүріп көргенім жоқ. Міне, сол Ахаң өмірімде, бесіктен келе жатқаннан қадірлейтін адамым да, өмірде бағынатын менің пайғамбарым» деген еді Нұрғиса Тілендиев бір концертінде. Ахаң деп отырғаны – академик Ахмет Жұбанов. Бес жасар Нұрғисаның талантын тап басып таныған Ахмет Қуанұлы оны мәртебелі музыка әлеміне жетелеп, жасы жетпесе де екі жас қосып, музыка училищесіне алып келді. Онымен қоймай, қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашылар тобына қосты.
Жыр алыбы Жамбылдан «Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар» деген сөз қалды. Шынымен де өнер құдіреті қонған Нұрғисаның мұрасы әр алуан жанрдағы 500-ге жуық музыкалық шығармадан тұрады. Соның ішінде әндер, күйлер, романстар, увертюра, поэма, контата, опера, тіпті балет те бар. Бұған қоса, композитор «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа» көркем фильмдеріне, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» мультфильмдеріне, бірқатар спектакльдерге музыка жазды.
Нұрғиса Атабайұлы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің негізін қалады. Бүгінде бұл оркестр соның атында. Ал әндері мен күйлері – ел сүйіп тыңдайтын оқшау дүниелер. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне көптеген әндер жазылды. Ал ақынды ән әлеміне алғаш жетелеген Нұрғиса Тілендиев екенін ерекше атап өту керек. Ақын мен композитор бір айдың ішінде 30 шақты ән жазды. Соның ішінде «Саржайлау», «Есіңе мені алғайсың», «Сөнбейді әже шырағың», «Дариға домбырамды берші маған», Бауыржан Момышұлына арналған «Мен сендерді іздеймін», т.б. туындылар бар.
Жалпы Нұрғиса Тілендиев шығармашылық одақ құрған ақындардың арасында Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Нұрсұлтан Әлімқұлов сынды қабырғалы қаламгерлердің есімдері ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл әндерді оқырмандардың есіне салсақ, «Өз елім», «Куә бол», «Алатау» болып жалғасып кете береді. Сондай-ақ «Әлқисса», «Ата толғауы», «Аққу», «Бала мишка» сынды күйлерін, рухты көтеретін «Махамбет» поэмасын ел сүйіп тыңдайды.
«Домбырашы Нұрғисаның қолына домбыра тисе, теңіз төрінде дауыл көтерілгендей, алай мен дүлейдің аласапыранына түсіп, дирижер Нұрғисаның қолына оркестр тисе, Алатау жапырылып, Атлант сапырылып кеткендей, аламан – асырдың астында қалдырып, композитор Нұрғиса билік алса, аспан ашылып, шуақ шашылып, дүние жарқырап жүре беретін қазіргі дәуренімізді көре қалғандардың өксімей, ести қалғандардың көксемей өтуі еш мүмкін емес» деген еді Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы. Бұл сөз Нұрғиса Тілендиевтің талантын айқындайды. Иә, композитордың өнер жолы даңғылға айналды. Айтпақшы, Астанада Нұрғиса Тілендиев даңғылы бар. Қазір күн райы шуақ шашып, көктем келгенін сездіруде. Көктемді құс қанатына қондырған композитордың тамаша туындыларынан да бір жылулықтың лебі еседі. Бұл – мәңгі өшпес Нұрғисаның нұры.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ