Қала мен Сала

Көктемгі сенбіліктер басталады

Астана қаласында 2023 жылғы 8 сәуірден 6 мамырға дейін «Жасыл Астана» жалпықалалық экологиялық айлығы өтеді. Көктемгі санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына бүкіл қала жұртшылығы жұмылдырылады.

Қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, экологиялық айлық шеңберінде елорда тұрғындарының қатысуымен 2 жалпықалалық сенбілік 15 сәуір мен 6 мамыр аралығында және аудандық әкімдіктер мен коммуналдық қызметтердің күшімен 3 коммуналдық сенбілік 8, 22 және 29 сәуірде өткізіледі.

Соған қоса экологиялық айлық аясында қаланы, нөсер және арық-науалы кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарлар мен орамішілік аумақтарды тазалау, саябақтар мен гүлзарлардағы жасыл желектерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстары жүргізіледі. Сауда объектілеріне іргелес аумақтар жиналып, көгалдар мен гүлзарлар алаңдары орнатылады, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері және ластанған учаскелер жойылады.

Акцияға қатысуға қаланың барлық кәсіпорындары, МИБ-тер, шағын және орта бизнес субъектілері, оқу орындары, еріктілер мен қоршаған ортаның тазалығына бей-жай қарамайтын қала тұрғындары шақырылады. Сонымен қатар, басқарма өкілдері елорда тұрғындары мен қонақтарын үй маңындағы аумақтарды тазалауға шақырады. Сенбілікке қатысушылар қолғаппен, қоқыс дорбаларымен және шанц құралдарымен, яғни күректермен, тырмалармен қамтамасыз етіледі. Елордадағы аудандар әкімдіктері тазалық жүргізілетін белгілі бір аумақтарды нақты ұйымдарға бөліп берді. Атап айтқанда, жалпықалалық сенбіліктерде тазалық жұмыстарын жүргізу үшін 125 ұйымға 125 телім берілді.

Мемлекет басшысының елордада жасыл желекті алаңдарды көбейту жөнінде берген тапсырмасын орындау үшін аталған айлық аясында әкімдікке бағынысты ұйымдар мен бизнес субъектілері жасыл көшет отырғызады, соған сәйкес Жоспар әзірленді. Тазалық айлығы кезінде 15 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарлануда. Жалпы көктемгі маусымда астанада барлығы 30 мың жасыл көшет отырғызылатын болады.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button