«Көктемнің оянуы»: көрмеге келіңіз

Елордадағы «SalSeri» арт-галереясында «Ауыл» партиясы және Астана қаласы Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Көктемнің оянуы» атты сурет көрмесі ашылды.
Наурыз мерекесіне және «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған көрмеге Қазақстанның белгілі суретшілерінің жұмыстары қойылды. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев қатысып, сөз сөйледі.
Көрмеге туындылары қойылған Қазақстан суретшілер одағының және Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі, академик Бақытнұр Бурдесбеков, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндин, Қазақстан суретшілер одағының және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Ресей суретшілері кәсіби одағының мүшесі, Ұлттық дизайн академиясының академигі, Мәдениет қайраткері Төлеуғазы Байғалиев, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Табын Қылышбай, Қазақстан суретшілер одағының және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Ренат Елубай сияқты қылқалам шеберлері де қатысты.
– Наурыз мейрамы, Алғыс айту мен Халықаралық әйелдер күндеріне орай танымал суретшілердің туындыларынан арнайы көрме ұйымдастырып жатырмыз. Жұмыстары қойылған авторларымыздың туындылары көптеген халықаралық көрмеде көрсетіліп, кейбірі АҚШ, Еуропа және басқа елдердің өнерсүйер қауымының жеке коллекцияларында сақталуда. Сондықтан өнер әлемге ортақ. Осы кісілердің туындылары арқылы әлем қазақтың тарихын, мәдениетін, тұрмысын, табиғатын және қазіргі Қазақстанды таниды. Осы көрмені ұйымдастыру арқылы «Ауыл» партиясы еңбек адамдарына қашанда қолдаушы екенін білдіргіміз келді. Туындылар жастардың бойында патриотизм мен туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады және олардың моральдық құндылықтарын қалыптастыруда, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық сананы орнықтыруда маңызды рөл атқарады, – деді «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев.
Әртүрлі стильдегі туындылар табиғат пен туған жерге деген сүйіспеншілікке, рухани жылулыққа толы. Еріген қар мен алғашқы жасыл желектің нәзік реңктерімен толған көктемгі пейзаждардың сұлулығы адамзаттың, туған өлкенің, ауылдың, қазақ даласының, табиғаттың көктемгі оянуының ғажап әлемін бейнелеп тұр.
Көрме 5 наурызға дейін жалғасады. Дүйсенбі-жұма күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Дайындаған Шапағат ӘБДІР