Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Көлік жүйесі қалай дамиды?

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы елорданың көлік жүйесін 2035 жылға дейін дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Аталмыш құжат жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруды, кептелістерді азайтуды, көліктердің қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендетуді көздейді. Бұл жұмыстарға Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында қала әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев егжей-тегжейлі тоқталды.

Оның айтуынша, кешенді бағдарламаның негізгі 3 бағыты бар. Бұл – қала тұрғындарына қоғамдық көліктің тартымдылығын арттыру, көлік инфра­құрылымын дамыту және тұрақ кеңістігін басқару тәсілін жаңарту.

«Қазір елорда тұрғындарының саны 1,5 миллион адамнан асты. Бүгінде бас қалада 650 мың көлік бар. Оның 420 мыңы елордада тұрақты тіркеу­де, 150 мыңы Астанада жүрсе де басқа аймақтарда тіркелген және 80 мыңы – күн сайын қалаға кіріп-шығатын көліктер. Осы күндері Нұра және Есіл аудандарында қатты кептелістер байқалады. Мұндай жағдай қарқынды дамып, өсіп жатқан барлық қалада кездеседі. Біздің негізгі бағытымыз – өзге қалалардың тәжірибесін ескеріп, қоғамдық көлікті дамыту» деді Ерсін Өтебаев.

Баяндамашы 2035 жылға қарай елорда тұрғындарының 70 пайызы қоғамдық көлікпен жүретіні болжанғанын атап өтті. Сол үшін қала әкімдігі қалалық мәслихаттың қолдауымен жыл сайын автобус паркін жаңартып отырғанын жеткізді. Мәселен, соңғы екі жылда 700-ден астам автобус сатып алынды. Биыл газбен жүретін жаңа 300 автобус әкелу жоспарланды. Әрине, бұл жағдай қала экологиясына оң әсер етеді. Жалпы жыл са­йын 300 жаңа автобустан сатып алуға меже қойылған. Жалпы жылда алынатын авто­бустар жайлы, кондиционері бар ың­ғайлы әрі жылы болуы керек.

«Бағдарлар желісін де жолаушыларға қолайлы болатындай құруымыз керек. Бұл жерде қозғалыс трафигін сақтау маңызды. Қазір таңғы және кешкі уақытта кептеліс болады. Оны болдырмау үшін автобустар санын көбейтуіміз қажет. Кейбір қалаларда автобустарға балама көлік түрлері дамып жатыр. Биыл біз де қанатқақты режимде жыл соңына дейін LRT-ны техникалық тұрғыдан іске қосамыз. Сонымен қатар ұзындығы 18 метрден асатын автобустарды сатып алуды жоспарлап отыр­мыз. Биыл тамыз айында 26 метрлік бір автобус сатып алмақпыз. Мұндай автобустар Еуропада, Мексикада жүреді. Елордада автобустар жолаушыларға толып жүрмей, жайлы болғаны жөн. Тұрғындардың өзі автобуспен жүруге ықылас­ты болуы керек. Сол мақсатта осы қадамға барып отырмыз» деді қала әкімінің орынбасары.

Ерсін Өтебаевтың сөзінше, көше-көлік жүйесінде жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік желісін құру бойынша да жұмыстар басталайын деп жатыр. Бұл үшін биыл 5 көше белгіленді. Келесі жылы жобаға 9 көше қосылмақ. Ал тиісті бағдарлама аяқталғанша тағы 9 көше қосылады.
Қала әкімінің орынбасары шаһарға жолайырықтар мен қосымша жолдар да қажет екенін айта келе, тұрақ кеңістіктерін құрудың маңызына тоқталды. Бұл үшін «Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы» аталатын арнайы компания құрылғанын жеткізді. Аталмыш компания ақылы тұрақтарға қатысты жұмыс жүргізіп отыр.

«2018 жылдан бері елорданың тұрақ кеңістігін басқарған «Астананың тұрақ кеңістігі» компаниясымен келісімге қол қойдық. Бүгінде мемлекеттік кәсіпорынға өту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жаз басталғанша бұл жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біз тұрақ кеңістігін үш аймаққа бөлдік. Бірінші кезекте халық көп тұратын аудандарда тиісті жұмыс жүргізіледі» деді Ерсін Өтебаев.

Оның айтуынша, қазір жұмыс уақытын ауыстыру мәселесі қаралып жатыр.

«Қала әкімдігі 2017 жылдан сағат 8:30-дан жұмыс істеп жатыр. Мұндай бастаманы, яғни орталық атқару органдарының жұмыс уақытын ауыстыру мәселесін Үкімет деңгейінде көтереміз. Жарты сағат бола ма, бір сағат бола ма – білім және денсаулық сақтау қызметкерлерімен талқыланады. Бұл кө­ліктер ағынын жоспар­лауға мүм­кіндік береді» деді қала әкімінің орынбасары.

Астана қаласы мәслихатының депутаттары осы кезекті сессияға дайындық барысында бірнеше нысанды аралады. Сондай-ақ тұрақты комиссиялардың отырыстарында бұл мәселе қаралды. Олардың ұсыныстарын мәслихат депутаты Ғабит Тәжімұратов жеткізді.

«Біріншіден, көлік саласында субсидияларды қалыптастыру және есептеу мәселелері бойынша жұмыс тобын құру керек. Екіншіден, халықтың тұрғылықты жерінен жұмыс орнына жүретін автокөлік жолдарының жанынан тұрақтарды бірінші кезекте салу керек. Үшіншіден, көлік инфрақұрылымы нысандары құрылысын қайта жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын болдырмау мақсатында елорданың инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу бойынша жа­уапты мемлекеттік органдармен келісім жасау. Төртіншіден, елорда жолдарының цифрлық картасын әзірлеуді жеделдету. Жаңадан алынған автобустардың техникалық жағдайын әрқашан бақылауда ұстау» деді Ғабит Тәжімұратов.

Қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Смайылов газбен жүретін автобустарды көбейтуді ұсынды.

«Себебі газ бағасы жанармайдан төмен. Бюджеттен автопарктерге субсидиялар өсіп жатыр. Егер автобустар газбен жүрсе, субсидиялар көлемін азайтуға болады. Газдың қоршаған ортаға зияны да аздау» деді Бауыржан Смайылов.

Сессияда Астана қаласы мәслихаты құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі тыңдалды. Оны аталмыш комиссия төрағасы Владислав Сергеев жеткізді.

Елордада газ қазандықтары салынып, 3-ЖЭО-ның бірінші кезеңі іске қосылғанын айтқан баяндамашы бұл жұмыстар қалаға қажет қуат көздерін реттегенін атап өтті. Шеткі аймақтар газдандырылғанын, жақында «Шұбар» тұрғын алабына газ келетінін айтты. Қалалық мәслихат депутаттары көлік, автокөлік жолдары мәселелерін шешуге атсалысқанын, депутаттардың қолдауымен жаңа автобустар саны екі есеге көбейгенін жеткізді. Автопарк­терді субсидиялау, жолдарды салу мен жөндеу сапасы мәселелеріне тоқталды. Мәслихат депутаттары тұрғын алаптар мәселелеріне ерекше қарайтынын жеткізді. «Қазақстан» спорт кешенін жөндеу және Қажымұқан Мұңайтпасов стадионын жаңадан салу жайында пікірін айтты.

Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button