Басты ақпаратҚала мен сала

Көмірден құтылудың қарекеті

«Елді газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет». Өз Жолдауында осылай деген Мемлекет басшысы елдегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс екенін, сондай-ақ жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды екенін баса айтқан еді. Аталған мәселе былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да қозғалып, Президент Үкіметке газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғырту туралы тапсырма бергені де көпшілікке мәлім.

«Көгілдір отынды» көрмеген де бар

Энергетика министрлігі берген мәліметке сенсек, былтыр елімізде шикі газ өндірісі 59 млрд текше метрді құраған. 28,7 млрд текше метр тауарлық газ өндіріліп, оның ішінде 5,6 млрд текше метрі экспорт­талды.

Жалпы республикада газдандыру қарқыны қалай? Бұл сұраққа келсек, өңірлердің газбен қамтылуы әртүрлі екенін көреміз. Тіпті мүлде газ тұтынбайтын облыс орталықтары бар.

Министрлік былтырғы қорытынды бойынша елдегі газдандыру деңгейі 61,5 па­йыз болғанын айтады. Бұл – 12 млн-нан астам адам газ тұтынып отыр деген сөз. Оның ішінде газдандыру деңгейі 90 пайыз­дан асатын аймақтар да бар. Бұған Ақтау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облысы мен Шымкент, Алматы қаласы кіреді. Ал газдандыру деңгейі 40-80 пайыз болатын өңірлерге Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жетісу және Қостанай облысы жатады. Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласының газдандыру деңгейі 20 пайыздан төмен. Мүлде газ тұтынбайтын өңірлерге Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облысы жатады.

Министрлік мәлімдегендей, Ұлттық құрылтай отырысындағы Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр салада 200 жоба іске асқан. Соның арқасында 300 мыңнан астам адам «көгілдір отынға» қол жеткізген. Елде 1700 шақырымнан астам газ желісі салынып, газдандыру деңгейі 61,5 пайызға дейін өсті.

Ал биыл мемлекет тарапынан өңірлерде 45 жоба іске аспақ. Мұндай кең көлемді газдандыру жұмыстарына 65,9 млрд теңге қаржы қарас­тырылған. Барлық жоба іске асса, республикадағы газдандыру деңгейі 62 пайыз болып, тұтынушы саны 12,36 млн адамға дейін артады деп жоспарланған.

Жалпы министрлік бұған дейін республиканың солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыруға қатысты екі нұсқа қарастырған еді. Біріншісі – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру үшін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының (МГҚ) ІІ-ІІІ кезеңдерін жүзеге асыру. Жоба құны – 188,5 млрд теңге. Алайда бұл жоба іске асу үшін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ ІІ желісін салу қажет. Екіншісі – көрші Ресей арқылы газдандыру жобасы. Қазір Үкімет және «Газпром» ЖАҚ солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Шешім де Ресей компаниясымен газдың бағасын және тартылатын құбырдың маршрутын анықтағаннан кейін қабылданбақ.

Тұтыну көрсеткіші – 14,3 пайыз

Елдің бас қаласы – Астанаға да «көгілдір отынның» толық жетпегені анық. Иә, газды тұтыну көрсеткіші 14,3 пайыз болатын елордаға газ әу бастан Сыр бойындағы газ магистральдан тартылды. Жобасы бес кезеңге бөлінген құбыр тарту құрылысы қарқынды болған. Бірақ ішкі жұмыс­тар қашан жанданады?

Астана қаласы Энерге­тика басқармасының мәлі­метінше, елордадағы 6 жыл бұрын басталған газ тарату желілерінің құрылысы үш кезекке бөлінген. 2023 жылы екі кезектің құрылысы аяқталды.

Нәтижесінде Сарыарқа (Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық және қаланың ескі бөлігіндегі Г.Потанин көшесінің ауданы), Алматы (Железнодоржный, Промышленный, Оңтүстік-шығыс ауданының оң мен сол қанаты, Күйгенжар, Мичурин, Интернациональный тұрғын алабы), сондай-ақ Ақбидай, Қазақауыл шағын ауданында, Есіл («Vela Village», «Куршевель», «Family Town», «Family Park» тұрғын үй кешені) және Нұра («Будапешт», «Cosmic City» тұрғын үй кешені) ауданы «көгілдір отынға» қосылды. Бұған қоса «Тұран», «Тельман», «Оңтүстік-шығыс» газ жылу станциялары мен Ильинка, Тельман, Пригородный, «Family Village», Өндіріс, Кирпичный тұрғын алаптарына газ жеткізу желілерінің құрылысы бітті.

«Үшінші кезек бойынша жұмыстар 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Бұған қажетті қаражат республикалық және жергілікті бюджет есебінен және жеке инвестицияларды тарту арқылы қарастырылады. Жобалар аясында қала әкімдігі тарапынан былтыр үшінші автоматтандырылған газ тарату стансасы (АГРС-3) станциясының құрылысы басталды. Сондай-ақ екі жыл бұрын газ желісінің құрылысы басталған Шұбар тұрғын алабындағы 890 үйге «көгілдір отын» кіргізіледі.

Мұндағы басты мақсат – қаланы зиян­ды түтіннен толық арылту. Өздеріңізге белгілі, ең көп көмір түтіні қала орталығындағы осы тұрғын алабынан байқалып отыр. Бүгінде қажетті қаржы бөлінді, енді мемлекеттік сатып алу арқылы мердігер ұйымды анықтау шаралары жүріп жатыр. «Family Village» тұрғын алабында құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталып, 8,7 шақырым газ желісі тартылса, Үркер тұрғын алабына былтыр пилоттық бағдарлама арқылы құрылыс жұмыстары ин­вестор шотынан жүргізіліп, 45 шақырым желі жүргізілді. Бұл – алдағы уақытта 1000-ға жуық тұтынушының газға қосылуына мүмкіндік туды деген сөз. Аталған ауданда абоненттердің жалпы саны – 4995. Жалпы жұмыстардың толық аяқталуы осы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр» дейді Энергетика басқармасы газдандыру бөлімінің басшысы Рахымжан Алтынбек.

Оның сөзінше, әкімдік қаладағы қалған тұрғын алаптарды газдандыру бойынша жобалау жұмыстарын жүргізуде. Мысалы, Пригородный (15,1 мың адам, 150 үй), Өндіріс (39 мың адам, 2120 үй), Кирпичный (5 мың адам, 512 үй) және «Garden Village» (275 адам, 68 үй) алабы бо­йынша сараптаманың оң қорытындысын алу мамыр айы­ның соңына дейін жоспарланыпты. Ал жобалар мақұлданып, қаржыландыру уақытылы жүрсе, бас шаһардың тұрғындары (газ тұтынуды қажет ететін 300 мың халық) көмір жағудан 2026 жылы толық құтылады деуге болады.

«Бүгінде қалада 800 шақырым газбен жабдықтау желісі қызмет етіп тұр. Бұған қоса 27 газ тарату мен 58 шкафтық газ тарату пункті, қуаты сағатына 460 мың текше метрді құрайтын екі автоматтандырылған газ тарату стансасы жұмыс істейді. Сонымен қатар қаладағы барлық жылу электр станциялары газға қосылған. Елордада тұратын 216 мыңға жуық халыққа, яғни 14 абонентке газ қолжетімді болып отыр. Мұның ішінде нақты 11,1 абонент «көгілдір отынның» қызығын көріп отыр» дейді Рахымжан Алтынбек.

Айта кетейік, жеке тұлғалар тариф бойынша газдың әр текше метріне 39 теңге төлейді екен. Мұны шамамен есептесек, айына 100 шаршы ­метрге 17-20 мың, ал 120 шаршы метрге айына шамамен 20-25 мың теңге қаражат деген сөз.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button