Қала мен Сала

Көпбалалы аналарға алқа тақты

Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаев осы ауданда тұратын 6-7 баласы бар көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттады. ҚР Президентінің 2022 жылғы 23 желтоқсандағы №64 Жарлығы бойынша мемлекеттік наградалар 5 анаға берілді.

– Бүкіл жаратылысқа өмірді ана сыйлайды. Сондықтан дана халқымыз «Жәннат анаңның аяғының астында» дейді. Сіздердің жас ұрпақты тәрбиелеп өсіруде атқарып жатқан еңбегіңізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әлемдегі ең керемет мамандық – ана болуды таңдадыңыздар. Ана өмір, махаббат, жылу сыйлайды. Әрбір отбасындағы береке-бірлік әйелге байланысты. Көп баланы дүние­ге әкеліп қана қоймай, оларды жетілдіріп, жеткізіп, дұрыс білім мен тәрбие беру мемлекетіміздің іргесін нықтауда өте маңызды әрі ол көп қажыр мен қайратты, шыдам мен сабырды, табанды еңбекті қажет етеді. Осы еңбегіңізге қарай ұрпағыңыз саналы да тәрбиелі болып өсіп, еліміздің дамуына үлес қосатын азаматтар болып шықсын. Мемлекет өз тарапынан осындай отбасыларға әлеуметтік қолдау білдіруді жалғастырады, – деді аудан әкімі.

«Алтын алқа» зейнеткер, бүгінде 65 жастан асқан елордалық Күміс Күнісова мен 38 жастағы Райгүл Матееваға берілді. Екеуінің де 7 баласы бар. Райгүл Матеева – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Елордада тұрғанына 15 жылдан асты. 2021 жылғы 5 ақпандағы Президент Жарлығы бойынша «Күміс алқамен» наградталған.

– Өзім шығыстан болғанмен, Шымкенттің келінімін. Ол жақта көпбалалы отбасы өте көп, яғни баланы көп туғанды құптайды. Менің де 6 қыз, 1 ұлым бар. Ең үлкені 20 жастан асса, ең кішісі – 1,5 жаста. ­Екеуі – студент, екеуі – мектепке, екеуі балабақшаға барады, кішкентайым қасымда. Отбасын күйеуім асырайды. Ол жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ал мен үшін жұмыстың үлкені – осы балалардың тәрбиесі, – дейді Райгүл.

«Күміс алқаны» 6 баласы бар аналар – 38 жастағы Даврия Ақылбаева, 34 жастағы Әлемгүл Аяс, 45 жастағы Гаухар Жарқымбаева алды. Бұл әйелдердің көбі – үй шаруасында, кейбірі ғана қызметте.

Есіл ауданы әкімдігі кадр бөлімінің бастығы Инара Серғазинаның айтуынша, елордада көпбалалы аналар саны жылдан-жылға артып келеді.

– 2019-2020 жылдары Есіл ауданы бойынша 40-50 адам ғана осындай марапат алса, былтыр 107 ананы марапаттадық. Бүгінгі марапаттау іс-шарасы биылдыққа бірінші рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта жыл бойына әр ай сайын көпбалалы аналарды тағы да шақырып, белгілерін тапсырып отырамыз, – дейді ол.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button