Басты ақпаратМәдениет

Көпен көптомдығы керуен тартты

1993 жылдан бастап Көпен Әмірбек «Көпен келе жатыр!» атты пародия театры арқылы халықтың ыстық ықыласына бөленіп, сатира жанрының дамуына үлес қосты. Енді, міне, Ұлттық академиялық кітапханада «Көпен келе жатыр» атты 5 томдық кітаптың тұсауы кесілді. Іс-шараға елордадағы және өңірлердегі зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Ақын-жазушылардың туған күні бар да, өлген күні жоқ» дегендей, енді Көпеннің рухани өмірі басталып, тағы да «Көпен келе жатыр!» деген теңеу алдымыздан шықты. Белгілі сықақшы Көпен Әмірбек көзі тірісінде өзі құрастырып, баспаға берген 5 томдық кітаптың таныстырылымына келген қауымның қарасы қалың болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, мемлекет және қоғам қайраткерлері Бердібек Сапарбаев, Сауытбек Абдрахманов, Ислам Әбіш кітаптың тұсауын кесіп, сөз сөйледі.

Қазақ сатирасының қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан Оспанхан Әубәкіровтің дәстүрлі мектебін биіктеткен Көпен Әмірбек туралы естелік өте көп. Рухани кешке келген әрбір азамат естелігімен бөлісуге мән берді. Солардың қатарында жазушы Жарылқап Бейсенбай мен қоғам қайраткері Дархан Мыңбайдың ойы ерек, сөзі жүйелі естілді. Біріншісі Көпеннің көп томдық туындысын кеңінен насихаттауда электронды нұсқасы арқылы тарату маңызды екенін атаса, екіншісі қаламгердің сатира туындылары сахнаға жол тартуымен құнды екенін атады.

Сөз сөйлеушілер қатарында алаштанушы ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы қаламгер Көпен Әмірбек интеллектуалды сатирада қалам тартқанын атаса, жазушы Жолтай Әлмашұлы сатираның памфлет, пародия, мысал жанрында қалам тартқанын, мұндай қасиет кез келген қаламгердің бойында болмайтынына тоқталды. Ал тарихшы Камал Әбдірахманов Көпен дәнекер азамат болғанын, яғни ренжісіп қалғандарды татуластырып, достастырып жүретін адамгершілігін сөз етті.

«Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Мың бір мысал», «Ауыз бастырық», «Өзіңді танисың ба?», «Із», «Көкемнің көзі», «Па, шіркін, пародия!», «Көпен келе жатыр!» кітабының авторы Көпен Әмірбектің сықақ өлеңдері, мысал-мысқылдары, мақалалары өміршеңдігімен ерекшеленеді. Бұл турасында тарқатқанда Бауыржан Омарұлынан артық жаза алмасымыз анық.

«…Көпен әйдіктердің бәрімен әзілдесті. Айбарлы Асқар Тоқпановты, айбатты Заманбек Нұрқаділовті, аттаншыл Амантай қажыны, мінезді ақын Фариза Оңғарсынованы, салмақты саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевты пародия шығармаларының кейіпкеріне айналдырды. Бәрі де – пародия жанры үшін, әсіресе қазақ пародиясы үшін аса күрделі кісілер. Бірақ сықақшы өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай, кейіпкерлерін күйіндірмей һәм сүйіндірмей, таразы басын тең ұстап отырып, өз мақсатын орындап шықты. Ешқайсысымен есеп айырыспады, көкпар тартыспады, жаға жыртыспады. Ол сөйтіп, о баста пародияға қырын қарайтын қазақ шенеуніктері мен ұлт зиялыларын сын садағынан сескенбеуге, керісінше, күлкінің құдіретін сезінуге үйретті» деп жазады белгілі қаламгер Бауыржан Омарұлы. Айта кету керек, 5 томдық кітаптың шығуына кәсіпкер Оразхан Жанысбеков демеушілік етті.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button