Қоғам

Көпшіл азамат

Ғылымда жеке бастың қалыптасуына туған жері, өскен өлкесі, оның ерекшелігі, сол өңірде қалыптасқан тарихи тұлғалар, қоғамдық сананың әсер ететіні анық. 75 жастың биігіне көтерілген Бекмағамбет Көпболсын Әбдікешұлына оның азамат болып қалыптасуына туған жерінің, өскен ортасының, ұлы бабаларының ықпалы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Осыған байланысты біраз жайға шолу жасай кетсек.

Қазақ елінің бай­тақ жерінде, кие­лі топырақ­та ұр­пағына өңір­дің тарихы, ұлы адамдарының өнері, өмірі арқылы да тәрбие беріп, үлгі көрсетер мүмкіндігі көп. Қарағанды облысына қарас­ты Ақтоғай ауданы – қасиетті ұлы бабалардың мекені, ертеден әйгілі дәстүр-салтымен ерекшеленген қасиетті өңір. Бүгінгі Сарытеректе теңселіп өсіп тұрған күміс теректер, Ақтоғайда жайқалып тұрған аққайыңдар кезінде осы өңірдің қамын жеген, халыққа үлгі көрсеткен полковник Сұлтанғазының тұқымнан өсірген талдарынан бастау алған. Сол бір ойлы азаматтардың бас­тамасы бүгінге де­йін жалғасып келеді. Қарашоқы тауынан бастау алған Тоқырауын өзені – осыншама малға да, жанға да, орман-тоғайға да нәр берген тіршілік бастауы. Қасиет­ті жердің ерекшелігінің бәрі дерлік өңір жастарына ықпал ететіні анық. Сондай тұлғаның бірі – Көпболсын Әбдікешұлы.

Көпболсынның әкесі Әбдікеш – заманында беделді азамат, ақсақал бола білген, тарихқа жүйрік, сөзге шешен, ел сүйіктісі болған адам. Ол совхоздың бас бухгалтері, бас экономисі, партия ұйымының хатшысы ретінде елдің бас көтерген тұлғасы болып танылған.

«Төрдегі бесікті көрсе төре де басын иеді» деген әңгіме бар. Сол айтпақшы, бұл отау төрінен бесік арылмаған жанұя болды. Әбдікеш ақсақал өзі жалғыз болғанмен, әйелі Күлнар оған 6 ұл, 4 қыз – 10 баланы өмірге әкеліп, жапырағын жайды. Жақсы тілекпен ұлдарының үлкеніне Көпболсын деп ат берген екен, сол армандары қабыл болды. Әке-шешесі балалардың барлығына дерлік ұлттық дәстүрді сыйлап, адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстаған ұрпақ болуына күш салды. Бір отбасында үш ағайынды полковниктердің – Көпболсынның, Қуат­тың, Болаттың тәрбиеленіп шығуы – соның айғағы. Әке мен анадан көрген тәрбиесін өмір бойы ту етіп биік ұстаған ұрпақ елдің сыйлы азаматтарына ­айналды. Көпболсынның курстасы және өмірлік сыңары марқұм Бақытты Ғұбайдоллақызы ­екеуі үш баладан 8 немеренің ата-­әжесі атанды. Қазақ үйінде қариясы мен баласы бар отбасын бақытты санайды. Бабалардың: «әйелдің бір бақыты сол емес пе, қасында ақ некелі жары болса, етегінен өнген бала болса» деп бекер айтпаған. Перзент сүйіп, балалы болу өмірдің негізгі мәні, адамның басты міндеті екенін жастардың жадына сіңіре беру қажет-ақ.

Көбекең бос уақытында қолына қалам алып, шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Өлеңдері мен мақалалары аудандық, облыстық, қалалық, республикалық басылымдарда жарық көрген. «Өсер елдің баласы…», «Отты жылдар әзілдері мен аңыздары», «Отты жыр, орамды әзіл», «Бата дарып, бақ қонсын» және «Перзентімін Тоқырауын, Ақтоғайдың» кітаптарының авторы. Бір жыр кітабы сәтті сағатын күтіп баспада жатыр.

Ақындық, сөз өнеріне әуес­тік сізге қалай және қай жағынан қонды деп Көпболсыннан сұрай қалсаңыз, ол: «Менің туыстарымның ішінде ақын көп емес. Әр қазақ баласының қара сөзден өлеңге жақын тұратыны әлімсақтан бері белгілі. Қазақ баласына өлең тән» деп жа­уап береді. Көпболсын да бабалардан қалған, әсіресе өз атасы Әбеудің Бекмағамбеті және нағашы атасы Әменнің Құтжанынан жұғысты болған ақындық өнер бар.

Оның өмір жолы халыққа қызмет жасаудың жолы болды. Жезқазған облысының ішкі істер органдарында түрлі басшылық қызмет атқарып, Астана қаласында Тілдерді дамыту басқармасында заңгер, одан кейін Республикалық ардагерлер ұйымында ұйым басшысының орынбасары болып жұмыс істеп келеді.

Ел алдындағы еңбегі жоғары бағаланып, орден-медальдармен марапатталды. КСРО Ішкі істер министрлігінің және БЛКЖО Орталық Комитетінің арнайы төсбелгілерінің иегері, Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасының «Құрмет кітабына» жазылған, Қазақстан Рес­публикасы Ішкі істер министр­лігінің «Құрметті ардагері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Парасат» орденімен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталған.

Көпболсын – екі тілде (қазақ, орыс) есіп сөйлейтін, көсіліп жазатын сауатты азамат. Өлеңді де осы екі тілде бірдей жазады. Тағы бір ерекшелігі – өлең құрау­да ассонанс және аллитерация формасын жиі ­қолдануында. Бірге оқыған достарын ұмытпайды. Марқұм болып кеткен жолдастарының отбасын қамқорлап отыруы – оның дағдысы. Кісіден көрген иненің жасуындай жақсылығы болса, сол жақсылықты тігісін жатқыза айтып, адамның мерейін үстем ету мүмкіндігін де жібермейді. Өзімен бір курста оқыған Бақытты есімді қызға үйленіп, шын бақытты болған азамат. Екеуі ел алдында үйлесімді қатар жүрді. Еліміздің жақсы жерлерін, демалыс аймақтарын бірге аралады, дем алып, серуендеді. Ақтау қаласындағы «Шағала» шипажайында екеуі бірге демалған кездері есімде қалыпты. Жаздың жаймашуақ күнінде қос аққудай жарасқан ақ киімді екеуі қол ұстасып, теңіз жағалап, қатар жүріп бара жатқан еді.
Адамдармен ортақ тіл табуы – үлгі аларлық жағдай. Біреудің көңілін қалдыратын кемшілікке ұрынбай, кез келген адамның жақсы жағын көріп, демеп отыратын қасиеті көп азаматқа үлгі болары анық.

Күлнар, Бақытты есімді аналар – Көпболсын үшін ең қымбат жандар. Өзінің анасы және жары. Бұл екі ана біреуі Балқаш қаласында, екіншісі Астана қаласында бір күнде аралары жарты сағаттай уақытта бақилыққа аттанғандар. Қимас келінінің бақилық хабарын естігенде енесі де тіршілігін тоқтатқан екен. Бұл азаматқа қиын жағдай еді. «Халқымызда ауырды нар көтереді, қайғыны ер көтереді» деген әңгіме бар. Көпболсын осы ауыр қайғыны ерлерше көтерді.

Сан қызықта бірлесе
сайрандаған,
Жаздар өтті жадырап
жайраңдаған.
Бір-ақ сәтте тоқтатқан
екі өмірді,
Құдіреті Құдайдың
қайран маған.

Асыл жандар, жалғаннан
дамылдасын,
Жұмақ төрі өздерін
қабылдасын.
Ұрпақтары үздірмей
дұғаларын,
Мейір-нұрға толтырар
қабір басын…

Елдің белгілі азаматы Көпболсын Әбдікешұлы Бекмағанбет 75 жастың биігіне көтерілді. Халқына қадірлі, еліне елеулі азаматқа алда да талай биіктер бар, алға тарта беріңіз деген тілектестігімізді білдіреміз.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» ­республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button