«Көркемтай» көпке жол тартты
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақтың көрнекті ақыны, жазушы Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдық мерейтойы аталып өтіп, қайта басылып шыққан «Көркемтай» кітабының тұсаукесері болды.
Рухани басқосудың тізгінін ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы ұстап, әдеби кешті жүргізді. Ал кітаптың тұсаукесер рәсіміне Павлодар облысынан арнайы келген делегация мүшелері, ақынның немерелері мен жиендері қатысты. Сондай-ақ Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғалым Жайлыбай, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Баспа ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет сынды азаматтар сөз сөйлеп, ақын мұрасы туралы ой қаузаса, күйші, мәдениеттанушы Қайрат Айтбаев, «Шалқар» радиосының редакторы Сәрсенғали Жүзбаев күй тартып, кештің мерейін асырды.
– Біз қаршадай кезімізден осы «Көркемтай» әңгімесін оқып өстік. Автор жетім баланың тағдырын соншалықты нанымды, шынайы етіп суреттеген. Бірақ кейінгі кезде осы әңгіме мектеп оқулықтарынан алынып тасталыпты. Бұл, шын мәнінде, жазушыға жасалған қиянат деп білеміз. Негізі, мектеп оқулықтарында «Көркемтай» сияқты шығармалардың болуы балалар санасындағы өмірге деген ынтаны қалыптастырады, көзқарас туындатады. Оны оқыған бала өзінше ой түйіп, бала санасында қорытады да, өмірге басқаша қарай бастайды. Міне, бұл біздің ұлттық тәрбиеміздің де кемшін тұстарын толықтыра түсетін еді. Сондықтан мектеп оқулығына қатысты мәселені соған жауапты адамдардың аса ыждаһатпен қарағаны абзал. Сәбит Дөнентайұлы сияқты жазушылардың классикалық әңгімелерін енгізіп, жас оқырмандарды қалыптастырсақ, ұлт ұпайы арта түсетін еді. Сонымен қатар біз заманның, техниканың дамып жатқанын мойындап, осыған дейін шыққан және енді басылып шығатын кітаптардың цифрлы нұсқасын, яғни электронды және аудио нұсқаларын жинақтап енгізетін бір база немесе сайт ашылуы керек қой деп ойлаймын. Себебі қазір еңкейген шалдан еңбектеген балаға дейін өзіне керекті дүниені қолындағы телефоннан іздейді. Ал таралымы небәрі 500-1000 данамен шыққан кітаптар олардың қолына толық жете бермейді. Сондықтан кітап таратудың аясын кеңейтіп, сондай бір формаға көшуіміз керек болашақта. Сонда ғана әркім өзіне керекті тез тауып, оқырманға сұранып тұрған кітаптардың да бағы жанып кетер еді, – деді Амангелді Кеңшілікұлы.
Сәбит Дөнентайұлының өмірі мен шығармашылығын дәріптеген мерейтойлық жиын барысында Дәулеткерей Кәпұлының құрастыруымен «Фолиант» баспасынан қайта басылып шыққан «Көркемтай» жаңа жинағының тұсауы кесілді. Ал ақынның жақын туысқандары мен кешке қатысушылар автордың өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісіп, оның қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі мен ұлттық рухты көтерудегі қызметі жайлы баяндама жасады.
Соңында ақынның шығармашылығына арналған әдеби талқылаулар мен пікір алмасулар өтіп, Сәбит Дөнентаевтың «Көркемтай» әңгімесі қазақ халқының тағдырын, елдің әлеуметтік жағдайын, жетімдер тағдырын терең толғаған шынайы шығарма екені айтылып, кеш қонақтарына кітабы сыйға тартылды. Оның шығармашылығы бүгінгі ұрпаққа рухани азық болып, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі болып қала бермек.