Көрме мақсаты – диқандарға көмек
Астана қаласынан 90 шақырымда орналасқан Ақкөл ауданы, «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алаңында «Jańa Dala / Green Day» 2024» қазақстандық дала күні» мамандандырылған көрме-демонстрациясы өтті.
Көрме-демонстрациясының ресми ашылуына келген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров құттықтау сөз сөйлеп, облыстың агрокешені саласының үздіктерін марапаттады.
Бұл халқаралық көрмеге Қазақстаннан және әлемнің 20 елінен 200-ден астам компания қатысты. Қонақтардың ішінде Францияның және Германияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшілері де болды.
Сондай-ақ аталған көрме аясында «ҚазАгроҚаржы» акцонерлік қоғамы баспасөз турын ұйымдастырып, көрме павильонында ауыл шаруашылық тауар өндірушілері үшін Ашық есік күні ұйымдастырылды.
Ашық есік күнінде фермерлер «ҚазАгроҚаржы» АҚ басшылығына сұрақ қойып, туындаған проблемаларын ортаға салып, қолданыстағы лизингтік бағдарламалармен танысты. Ал 2024 жылғы маусымда іске қосылған бұл бағдарлама бойынша енді агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Бәйтерек» Холдингі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беретінін айтып жаңа бағдарламаны таныстырған «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев аталған несиенің қанша жылға дейін берілетінін және алдын ала төлемнің мөлшерін де атап өтті.
– Жақында біз «Бәйтерек» Холдингімен агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қолдауға 100 миллиард теңге бөліп, жылдық 5 пайызбен лизингтің жеңілдетілген бағдарламасын іске қостық. Лизинг мерзімі 7 жылға дейін. Алдын ала төлем 10 пайызды құрайды. Сонымен қатар, лизингтік өнімдердің фермерлер арасында үлкен сұранысқа ие екендігіне де көз жеткізіп отырмыз. Біз осы «Ашық есік күні» арқылы клиенттерімізді мазалап жүрген мәселелерін, сұраныстарын қарастырамыз. Әрі бұл біздің компанияның осал тұстарын анықтауға көмек береді. Іс-шара барысында бізге кеңес алуға Ақмола, Қарағанды облысынан және Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облысының фермерлері де келді. Сондықтан да біз өз саласын жақсы білетін фермерлердің арқасында ауыл шаруашылығы саласында не жақсарту керектігін, не қосу керектігі жөнінде ұсыныстарын тыңдап, оларды шешу жолында өз үлесімізді қоспақшымыз,– деді «ҚазАгроҚаржының» басқарма төрағасы Айдар Прашев.
Шын мәнінде мемлекеттік қолдаудағы бұл бағдарлама фермерлердің е бірден қызығушылығын арттырған. Өйткені жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на 171,8 миллиард теңгеден аса 8405 техникаға өтініш келіп түскен. Оның ішінде 128 млрд теңгеге жуық 5661 техника отандық өндіріс техникалары екен.
Ал «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы Холдингінің басқарушы директоры Нияз Көшкімбаевтың айтуынша ауыл шаруашылық техникасын қолжетімді ету үшін бөлінген қаражат тек лизингке ғана емес, «Кең дала-2» бағдарламасына және кепілдіктерді субсидиялауға да жұмсалмақ.
Ал «ҚазАгроҚаржының» Ашық есік күніне қатысқан біз пресс-тур соңында аталған халықаралық көрме аясында ұйымдастырылған ойын-сауық-танымдық және шоу-бағдарламасына қатысып, бір күнімізді қорытындыладық.
Шапағат ӘБДІР