Мәдениет

Көрмеде – «Шаһар шежіресі»

Елордада «Шаһар шежіресі» атты көрме өтті. «Хан шатыр» ойын-сауық орталығында өткен іс-шара Тәуелсіздік күні мен Астана қаласының 25 жылдығына арналды. Көрмеге қалалық мемлекеттік архивте сақталған елорда тарихы туралы құжаттар мен фотосуреттер қойылды.

– Еліміздің қай қаласын алсақ та, киелі жерлері тарихқа тұнып тұр. Түркістан десек есімізге Қожа-­Ахмет Ясауи, Ақтау десек Бекет ата, Алматы десек Есіктегі Алтын адам еске түседі. Ал Астананы айтқанда, осы жерде өткен Абылай мен Кенесары бірден ойымызға орала кетеді. Бұл маңда XIX ғасырда диірмен тұрған. Осы топырақта Қажымұқан, Балуан Шолақтардың атағы асқақтаған. Кешегі Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетовтердің есімдері арқаның жерімен біте байланысып жатыр. Қазір Астанамыз қалай жарқырап тұр? Зәулім ғимараттары қандай, азаматтары қандай? Бай тарихымызды енді жастар жалғастыруы керек. Қаламызда қаншама қазақ мектептері ашылып жатыр. Кезінде соғыстың алдында 5-6 қазақ мектебі болды, тың игеру кезінде жалғыз қазақ мектеп-интернаты қалды. Қазір қаламыз жоғары қарқынмен өсіп жатыр. Бұрын тұрғындардың 70-80 пайызы қазақ болса, тың игеру кезінде 10 пайызға дейін түсіп қалды. Бүгінде бас қаламыздағы жергілікті ұлттың үлесі 90 пайызға жетті. Қала тұрғындары 200 мыңнан бастап 1,5 млн өсті, – деді көрменің ашылуында сөз сөйлеген Марат Әбсәметов.

Жиналған көпшілік алдында сөз сөйлеген ғалым, сондай-ақ 25 жыл бұрын қазақ астанасының көшін бастап келген Тұңғыш Президент бастамасы туралы да айтып, қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

– Біздің тәуелсіздігіміз оңай келген жоқ. Халқымыз XVII-XVIII ғасырлардан бастап, тіпті XX ғасырдың өзінде де бірталай қиын-қыстау кезеңдерді бастан кештік. Мысалы, Теміртау, Целиноград, Желтоқсан оқиғасын айтуға болады. Қазіргі кезде жастар, өкінішке қарай, Тәуелсіздік күнін демалыс күні ретінде ғана есептеп, тарихына үңіле бермейді. Сондықтан мұндай көрмелерді масштабты түрде жиі өткізуге тиіспіз. Соның арқасында жастардың патриоттық рухы оянады деп ойлаймын, – деді Еуразия ұлттық университетінің тарихшы магистранты Рамазан Мадияр.

«Хан шатыр» ойын-сауық орталығындағы осындай маңызы бар көрме 3 күн бойы қала тұрғындарына есігін айқара ашпақ. Оларды архив қызметшілері көрмеге қойылған құнды деректермен таныстыратын болады.

Қалалық архив басшысының орынбасары Төлеуғали Қышқашбаев, басқа да тарихшы ғалымдар, қала тұрғындары көрменің ашылуына қатысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button