Көрпеге қарай көсілетін кез келді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.
Мемлекет басшысы жиын барысында Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, цифрлық технологияны жан-жақты енгізу, энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, салық-бюджет саясатын реформалау, маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту жөніндегі нақты міндеттер мен жоспарларға тоқталды.
Президенттің пікірінше, алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек. «Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек. Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Үкіметтің биылға арналған жоспарлары туралы баяндады. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің фискалдық жүйесін, яғни салық және бюджет саласын реформалауға қатысты ұстанымдарды таныстырды. Ақша-несие саясатына қатысты мәселелер бойынша Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов сөз сөйледі. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың қызметі туралы есеп берді. Бұдан бөлек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.
ҚҚС 20 пайызға дейін көтеріле ме?
Премьер-министр Олжас Бектенов қосымша құн салығы 20 пайызға дейін көтерілетінін мәлімдеді. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қосымша құн салығы бойынша тіркеу шегін 78 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынды.
«2,3 миллион кәсіпкерлік субъектілерінің тек 6 пайызы, яғни 137,7 мыңы ғана қосылған құн салығын төлеушілер санатында. Оның 88 мыңы ғана ҚҚС төлейді. Оның бір себебі – ҚҚС бойынша тіркеу шегінің жоғары болуы. Қазір бұл 78 миллион теңге» деді ол.
Қосылған құн салығы өтелетін салыққа айналады. Қосымша 300 мың жаңа салық төлеуші пайда болады дейді. Сондай-ақ ол әлеуметтік салық пен жұмыс берушілердің зейнетақы жарналары алынып тасталатынын, олардың шығыны бюджет есебінен жабылатынын жеткізді. Серік Жұманғариннің сөзінше, банктер мен ойын бизнесі үшін салықтар көтеріледі. Мемлекет басшысы Үкіметтің Қосылған құн салығы мөлшерлемесін көтеру туралы ұсынысын қолдады. «Жалпы, реформа қажет. Бұл бастаманы құптаймын. Бірақ барлығын жан-жақты талқылап, зерделеу керек. 2025 жылы бірінші кезекте салық және бюджет кодекстеріне назар аудару қажет. Бірақ қазір Ұлттық қордан түсетін трансферттерді азайтып, оның жинақтау функциясын күшейту керек. Қорда жинақталған қаражатты ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға пайдалануға болады» деді Президент.
Шешімін таппаған түйткілдер көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ең өзекті мәселелерге тоқталып, олардың шешу жолдарын ұсынды. «Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп. Қазіргі таңдағы басты мәселе мынадай. Әлем экономикасында болып жатқан тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер қалыпты жағдайға айналды. Бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін. Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады. Қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңінен қолданыла бастады.
Жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек» деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы бұған дейін де айтқанына тоқталды. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керектігін мәлім етті. «Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет» деді ол.
Сапалы инвестиция бюджетті толтырады
Одан әрі Президент Үкіметтің және басқа да құзырлы органдардың жақын арадағы негізгі міндеттеріне тоқталды. Мемлекет басшысы атап айтқандай, былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек.
«Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ. Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту. Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек. Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал» деді ел Президенті.
Мемлекет басшысы былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылғанын мысалға келтірді. Көрсеткішке көңіл толғанымен, бұл 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем. «Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендеген. Ал жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр. Бірақ бүгін ғана даму бюджеті шектеулі екені айтылды. Ол ішкі жалпы өнім көлемінің небары 8 пайызын құрайды. Инвестициялық жобаларды бюджет есебінен өтеу тек қысқа мерзімдік нәтиже бере алады. Біз мұны түсінуіміз керек. Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Мұндай саясат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегияма толық сай келеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Туризм экономикаға серпін беруі керек
Мемлекет басшысының пайымдауынша, туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр.
«Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер» деді ел Президенті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл іс-шаралар қабылдауға тиістігін айтты.
Тарифтер нарық талабына сай болуы тиіс
Мемлекет басшысы жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейтінін, беделіне нұқсан келтіретінін және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсететінін қадап айтты. Аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отырғанын мәлім етті.
«Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес. ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл жағдай экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?! Көршілес елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағармай тасылатынын жұрттың бәрі көріп отыр. Өз кезегінде бұл ел ішінде қылмыстың етек алуына негіз болады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Біз қоғамда ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін талай жылдан бері айтып келеміз. Бірақ азаматтарға үндеу тастау жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет. Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар. Мысалы, дәл осындай ұстаным ай сайын суды сегіз пайызға жуық үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл – аса маңызды. Себебі Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда су тапшылығы күшейіп тұр. Сондықтан суды үнемдейтін технологияларды пайдалану мәселесі өте өзекті. Көрші Қытай елінде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар бар, олар тәжірибесін бөлісуге дайын. Бірақ біздің жақ – құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын» деді Қазақстан Президенті.
Арандатушыларды жауапқа тартуды заңмен бекітейік
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керектігіне кеңінен тоқталды. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын Электронды үкімет жүйесіне енгізу қажеттігін мәлім етті. Бұл технологияны «Smart City» жобаларында кеңінен қолдану мәселесіне айрықша назар аударған жөн.
«Қазір жасанды интеллект нарығында не болып жатқанына қараңыздар. Қытайлық компания 6,5 миллион долларға DeepSeek платформасын жасап шығарды. Оның тиімділігі миллиардтаған доллар жұмсалған платформалардан асып түсті. Жуырда Қытай тарапының цифрландыру мәселесімен, жасанды интеллектіні ойлап табумен айналысатын өкілімен кездестік. Бізге Қытай тәжірибесін міндетті түрде қолдану керек» деді Президент.
Ол Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсырды. Жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдететінін қадап айтты. Сондай-ақ бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтатынын атап өтті. «Алайда таяқтың екі ұшы бар, цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады.
Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек. Бірақ киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиіс» деді Мемлекет басшысы. Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керектігін тапсырды.
Қазақстанға ядролық қуат керек
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміз өзін-өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиістігін тілге тиек етті. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған міндет. «Сондықтан алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл – алдыңғы жылдардың көрсеткішінен 2,5 еседей артық меже (1,3 ГВт). Біз қолда бар табиғи байлықтарымыз бен мүмкіндіктерімізді ұтымды пайдалануымыз қажет. Сондықтан әлдеқашан ескірген технологиялар бойынша салынған ЖЭС-терді инновациялық көмір стансалары алмастыруы керек» деп түсіндірді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергия тапшылығы артып келе жатқанын, сол себептен алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажеттігін мәлім етті. Президенттің айтуынша, жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет.
«Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет.Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады» деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкімет 2027 жылы Батыс аймақтағы электр желісін еліміздің Бірыңғай электрэнергетикалық жүйесімен біріктіруі керектігін айтты.
«Сондай-ақ Оңтүстік аймақтағы электр желілерін күшейту жобасын жеделдеткен жөн. Оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығын жою үшін «жасыл» энергетика саласында ірі жобалар мен бу-газ қондырғылары іске қосылды. Сондықтан 2026 жылы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырына қарасты екінші тармақтың алғашқы кезеңін аяқтауымыз керек. Жалпы газ саласын дамыту елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің негізгі факторына айналып келеді. Былтыр тоғыз өңірдегі 107 елді мекенге газ жеткізіліп, 300 мың халықтың тұрмысы жеңілдеді» деді Президент.
Малшыларға арзан несие беріле ме?
Мемлекет басшысы былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шыққанын мәлім етті. «Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Өйткені мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты. «Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар. Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін.
Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет. Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек. Қазір бұл міндет, негізінен, «Қазпошта» арқылы орындалып жатыр. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын» деді ел Президенті.
Мемлекеттің ақшасын қайтаруға асықпайды
Мемлекет басшысы екінші деңгейдегі банктердің ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен жаңғырту жұмысына тарту керек деген мәселені тағы қайталап айтты. Президенттің пайымдауынша, мемлекет бөлетін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөлшерлемесін субсидиялауға қарай бағыттау керек. Бұл қаржыландыру көлемін бірнеше есе ұлғайтып, банктердің ақшасын экономикалық айналымға қосуға мүмкіндік береді.
«2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін білесіздер. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді. Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр. Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырамын. Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді. Қомақты қаражат бергеніміз рас» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет салалық даму институттарымен бірлесіп, кепілдік қорын құру мәселесін пысықтауы керек. Банктердің, корпорациялардың, орталық және жергілікті билік органдарының жыл сайынғы жарнасы есебінен қаржыландырылатын мұндай қорлар бірқатар елде өз тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ экономикалық қайтарымы жоғары стратегиялық жобаларды жүзеге асырған кезде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан нарық шарттарына сай «ұзақмерзімге берілетін» қаржыны анағұрлым белсенді тартуға болады.
Бұл мәселені дереу шешіңіздер!
Мемлекет басшысы өз сөзінде әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажеттігін мәлімдеді.
«Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керектігін айтты. «Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс.
«Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Ауқымды жұмыс. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр. Жұмыс созылып кетті. Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Аталған мәселені дереу шешіңіздер» деді ел Президенті.
Үкімет пен әкімдер алғашқы көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстары келесі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Қарқын мен сапаны сақтайық!
Мемлекет басшысы мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қажеттігіне назар аударды. «Бюджет қаржысын үнемдеп, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұған жол ашатын тәсілдерді енгізу жұмыстарын жалғастыру керек. Осы орайда мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржыландыратын пилоттық жобаны атап өткен жөн. Мемлекеттік тапсырыс белгілі бір білім беру мекемесіне байланбайтын болды. Соның нәтижесінде, ата-аналар балабақшаны өздері таңдауға мүмкіндік алды. Аталған жоба қаншалықты тиімді, орынды екенін қарау керек. Егер талапқа сай болса, бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті» деді ол.
Президент биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталатынын жеткізді. «Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Жұмысшы мамандықтар жылына орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылатынын мәлім етті. «Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс. Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет. Ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды. Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс. Соңғы жылдары мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арттырды. Әлі де арттыра береді. Бірақ бұл қаржы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет. Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек» деді Мемлекет басшысы.
Әкімдерді оқытуды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керектігіне екпін түсірді.
«Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан Аmanat партиясының тәжірибесін ескерген жөн» деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп бара жатқанын мысалға келтірді. «Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе» деп сөзін түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Төлен ТІЛЕУБАЙ