Басты ақпаратШаһар шежіресі

Көш бастаған көпестер

Ақмола өңірінің қалталы азаматтары туралы әңгіме қозғалған тұста, қазақ даласында кәсіпкерлік саланы алғаш қалыптастырған, қазіргі тілмен айтқанда, қазақтан шыққан тұңғыш бизнесмен тұлғалар – Қосшығұлов­тар әулетінің алдымен ойға оралатыны заңды. Мақалада Арқа төсіне өркениеттің озық үлгілерін алып келуге атсалысқан осы әулеттің тарихы мен тағдыры архив қорының құжаттары негізінде баяндалады.

XIX ғасырда қазақ даласын­дағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуы нәтижесінде кәсіпкерлікті өмірлік ұстанымының басты қағидатына айналдырған сау­дагер-көпестер тобы қалыптасып, ірі кәсіпкерлер есімі танылып үлгерген еді.

Ол уақытта мұндай көш бастаған қайраткер көпес­тердің қатарына қосылу (ақ­сүйек, хан тұқымынан айырмашылығы) мұрагерлік жол арқылы жүзеге аса қоймайтын, сол себепті де XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап олар гильдия куәлігін алуға, көпестер легін толтыруға әуелі өздері мүдделі еді. Оған себеп, бірінші гильдия­лық көпестер өздерінің шетелдік әріптестерімен ауқымды мөлшерде көтерме сауда жасасу, кәсіпкерлік байланыста болу мүмкіндігіне ие болатын. Ал ХIX ғасырдың 90-жылдары соңында сауда-өндірістік салық реформаларының талабы бойынша сауда-саттық жасасу үшін гильдиялық куәлікті өздері сатып алатын тәртіп енгізілді. Ал мұндай куәлікке кез келген адам ие бола алмайтын, бұл тек Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрлігі тарапынан көпестің сауда-­өнеркәсіп саласының ақша айналымына қосқан жарнасына қарай тапсырылатын.

Архив құжаттарына сүйенсек, 1897 жылғы Ресей империясының 1-жалпыхалықтық санағы көрсеткіші Ақмола қаласында отбасы мүшелерін қоса есептегенде 85 адам (30 ер, 55 әйел), ал Ақмола облысы бойынша 1107 адам (515 ер, 592 әйел) көпестер сословиесін құрағанын көрсетеді.

Біздің елімізде бұл сала қалай дамыды, оның бастауында кімдер тұрды деген мәселеге келсек, жұрт назарына әуелі Ақмоланың айтулы көпесі, қазақтан шыққан тұңғыш капиталист Баймұхамбет (архив құжаттары бойынша Баймухаммет) Қосшығұлов есімі ілігер еді.

Қосшығұловтар әулетінің іскерлік қабілет-қарымы туралы, сол кездері қала орталығында олар иелік еткен ірі-ірі сауда орталығы, кәмпит-тоқаш фабрикасы, Керуен сарайда (Гостиный двор) бірнеше нүктесі, мұсылмандар мектебі жұмыс істегені жайында бұған дейін де талай рет жазылған, соған қарамастан өсіп келе жатқан жаңа ұрпаққа мұндай тарихи тұлғалар хақында бұдан кейін де жазылатын, зерттеп-зерделейтін дүниелер жетерлік.

Архив қорын ақтарып отырып, Баймұхамбет Қосшығұ­ловтың тағдырына қатысты бірталай құжатты кезіктіруге болады. Тарихи тұлғаның шынайы болмысы мен азаматтық қалыбын танып-білу үшін оның әуелі сауда-саттықпен айналысқанын, қазақ даласынан шыққан тұңғыш капиталистің бірі болғанын растайтын ресми құжаттардың орны бөлек саналады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде сақталған құжаттар оның 1901 жылдан бастап көпес атанғанын, алғашында №2-гильдия көпесі, сосын 1911 жылдан №1 гильдия көпесі болғанын тайға таңба басқандай көрсетіп отыр.

Осы құжаттарға сүйенсек, 1910 жылғы дерек бойынша Баймұхамбет Қосшығұлов 60 жаста, әйелі Мәдина 49 жаста, балалары: Құрманғали (архив құжаттарында бірде Курбангали, кей жерде Курмангали деп екі түрлі нұсқада жазылған ) 32 жаста, әйелі Агла 30 жаста, ұлы Хасан 12 жаста, қызы Мәриям 4 жаста; Мұхамедқали 30 жаста, әйелі Шарафат 25 жаста, ұлы Ғалымжан 5 жаста; Мұхамедуәли 27 жаста, оның әйелі Ханифа 23 жаста, қызы Мағинұр 3 жаста, ұлы Ғани 1 жаста; Нұрмұхамед 24 жаста, Мұхамедқадыр 16 жаста, Бекмұхаммед 13 жаста, қызы Райхан 18 жаста деп ­жазылыпты.

Тарихи дерек демекші, осы ретте тағы бір айта кететін жайт, Ақмола қаласы тарихи-­өлкетану музейінің қызметкерлері 1970-1990 жылдары көзі тірі ұрпақтары мен көзкөргендерден Ақмоланың төңкеріске дейінгі тарихы мен осы өлкенің көркеюіне үлес қосқан көпестердің қызметіне қатыс­ты естеліктер мен фотоларды жинақтаумен айналысқаны мәлім. Кейінгі дәуір үлесіне тиесілі бұл жинақтағы материалдар бүгінде Ұлттық музей қорында, мемлекеттік сақтау­ға алынған. Солардың ішінен мына бір естелік ерекше назар аудартты: 1909 жылы дүниеге келген Николай Иванович Второв есімді ақмолалық тұрғын 1976 жылы: «Құрманғали Баймұхамбетұлы Қосшығұлов ірі кәсіпкер, Керуен сарайда дүкені, кәмпит фабрикасы болған, 1976 жылдың маусым айына де­йін облыстық сот орналасқан ғимаратта тұрған. Жергілікті қазақтардың айтуынша, сыра зауыты болған жердегі мешітті (бұл жердегі әңгіме Ақмоладағы Қоңыр­құлжа Құдаймендин салдыр­ған алғашқы мешіт жайында, 1920 жылы ағаш мешіт өртеніп, орнына тас мешіт орнатылған еді) өз қаржысына тұрғызған. Ал оның кіші інісі Нұркей кәмпит фабрикасы орналасқан ғимаратта тұрды. Қалалық кеңестің Ленин (қазіргі Абай) және Пушкин көшелері қиылысындағы бұрынғы ғимаратта – Уәли Қосшығұлов, ал насос зауытының аумағында, үлкен ағаш үйде Мұқан Қосшығұлов тұрды. Олардың бәрі де саудамен айналысты, Нұркей көңіл көтергенді жақсы көретін, сондықтан ағалары оны бақылау­да ұстады» деп естелігімен бөлісіпті.

Сол секілді өлкетанушы Ерлан Күзекбайдың зерттеу­лерінде де Баймұхамбеттің қаладағы ірі байлардың қатарында болғаны, ірі көлемдегі сауда ісімен қатар өндіріс орындарын ашқаны айтылады. Ол өз еңбегінде: «…кондитер ­фабрикасы, тері-терсек зауыты, сабын зауыты, кірпіш зауыты, шаруашылық құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт сияқты бірнеше кәсіпорны болған. Ол XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында-ақ кәсіпкерлік және сауда ісімен Ресей, Батыс Еуропа, Орта Азия елдерімен тығыз байланыс жасаған» дейді.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында 1913 жылы жарық көрген «Сибирский торгово-­промышленный ежегодник» басылымында Б.Қосшығұлов­тың бакалея тауарлары, керо­син және мұнай, ыдыс-аяқ және шаруашылық заттары, шай мен қант, бояғыш тауарлары бойынша сауда-өнер­кәсіп орындары бар екені ­жазылған.

Қосшығұловтар әулетінің мықты әлеуетін білдіретін мына бір дерек ешкімді бейжай қалдырмаса керек-ті: 1920-1930 жылдары кеңселерде қағаз, қалам тапшылығына байланысты империялық кезеңдегі кеңсе іс қағаздарының қайырма беті іс жүргізуде пайдаланылып, ал құжаттардың кейбірі қолға түскен қалам, қарындашпен толтырылыпты. Сол қағаздың ішінен 1911 жылы 16 қыркү­йекте Пожевск зауыттарының иесі, кәсіпкер князь Сергей Ев­геньевич Львовтың (уақытша өкіметтің төрағасы – министр Г.Е.Львовтің ағасы) Б.Қосшығұловқа жіберілген тауарының жөнелтпе қағазының бір бөлігі сақталған. Бұл қағаздағы «тасымалдау­шы «ГЕРГАРДЪ ЖӘНЕ ГЕЙ» ак­ционерлік қоғамы» деген атауға байланысты бірер сөз, қоғам жұмысын 1901 жылы 24 қарашада бастаған екен. Олар Ресейдің өз ішіне және шетелге су, теміржол және жерүсті жолдары арқылы жүк тасымалдаумен айналысқан; сонымен қатар жер-жерде тауарларды қабылдайтын, сақтайтын қоймалары болған; мұнымен қоймай тауарларды сатып алу-­сату бойынша комиссиялық тап­сырмалар мен кедендік міндеттемелерді орындаған. Негізгі жайы Санкт-Петербургте орналасқан. Мәскеу, Рига, Одесса, Қазан, Омбы, Орынбор, Түмен, т. б. қалаларда, сондай-ақ Ақмола мен Атбасарда кеңселері, агенттіктері болған. Лейпциг, Берлин, Гамбург, Лондон, Нью-Йорк, Майндағы Франкфурт сияқты т. б. шетелдің ірі қалаларында өкілдіктері жұмыс істеген. Ақмолаға Омбы мен Петропавл арқылы темір жолмен байланысып, осындағы қоймаларына жүк жеткізіп отырған.

Сергей Евгеньевич Львов 1754 жылы металлургия зауыты болып құрылған, XIX ғ. машина жасаумен айналысқан Пожевск зауыттарының халық тұтынатын тауарлардың (металл ыдыстар, үтіктер, ауылшаруашылық құралдары және т. б.) ассортиментін кеңейтіп, өндірісін жолға қойды. Осының арқасында ол зауытты қарыздан құтқарып қана қоймай, оны Пермь өлкесіндегі озық кәсіпорындардың біріне айналдырды.

Баймұхамбет Қосшығұлов есімінің Ақмола қаласы мен уезді бойынша 1907 жылы қалалық съезге қатысқан сайлау­шылар тізімінде болуының өзі оның сауда-саттық саласында ғана емес, жалпы халық арасында да азаматтық, қайраткерлік ықпалының аз болмағанын аңғартады. Сол уақыттағы саяси шешім бойынша сайлау­ға қатысуға тек жылжымайтын мүлкі бар адамдарға ғана рұқсат етілетін еді.

Мемлекеттік Думаға сайлау жөніндегі құжаттардан да оның аты-жөнін кезіктіргенде, деректің мазмұнына мән бермей өте алмайсыз. Соның бірі Мемлекеттік Думаға депутат сайлау үшін облыстық сайлау жиынына Ақмола қаласынан қатысатын сайлаушыларды сайлау 1906 жылдың 22 мамырында өткенін растайтын құжатты алайық. Ақмола сайлау комиссиясының мүшелері, Ақмола қаласының басшылығы С.А.Кубрин, мүшелері Н.К.Герасимов, ­А.М.Никитин, ­Д.Н.Макин, Д.И.Толокнов, Х.Х.Султанаев, Х.А.Хусайынов, Б.Қосшығұлов сайлаудан соң жәшіктерді ашып, сайлау қағаздарын тексереді. Сайлаудағы дауыс беру нәтижесі бойынша оған 238 адам қатысқан. Мемлекеттік Думаға сайлау туралы ережеге сәйкес сайланушы кем дегенде тең жарты дауыс, яғни 238 дауыс берушіден 120 дауыс жинауы керек болатын. Архивтегі әрбір құжаттың тарихымыз үшін маңызы ерекше екенін ескерсек, осы бір ғана деректің өзі қаншама тағдырдың есімін алдымызға тосып, шаһар тарихының қыры мен сырына терең бойлата түседі.

Ғазиза ИСАХАН,
Астана қаласы мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу және ақпараттық-түсіндіру жұмысы қызметінің басшысы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button