Басты ақпаратЕлорда тынысы

Көш басында – Қазақстан

Үшінші жарыс кү­ні­­­нің нәтижелері белгілі болды. Осы уақытқа дейін спортшылар көкпар, көк­бөрі, ауда­рыспақ, жамбы ату, күрәш, дәстүрлі садақ ату, қазақ күресі, мас-рестлинг, асық және тоғызқұмалақтан сайысқа түсті.

Аударыспақ сайысының үш салмақ категориясы бойынша (90, 100, 100+ келі) жеңімпаздары анықталып, 90 келі салмақ бойынша қырғызстандық Ислам Бердібекұлы алтыннан алқа тақты, күміс Есімхан Рахматиллаға (Қазақстан), қола Инсаф Хусаиновке (Ресей) бұйырды. 100 келі салмақ бо­йынша алтын қазақстандық Сырым Ізбасаровқа бұйырса, күміс моңғолиялық Бақытжан Жанатқа, қола мажарстандық Кольчар Даниэльге бұйырды. Ал 100 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша алтын Біржан Қосалиевке, күміс қырғызстандық Кумушбек Кыдыралиевке, қола мажарстандық Лакатош Валентинге бұйырды.

27 елден 78 спортшы қатыс­қан жамбы ату сайысының түркі стиліндегі жарыстың алтыны қазақстандық Ералхан Айкөзге, күмісі Түркия мергеніне бұйырса, қоласы еліміздің қоржынына түсті. Сондай-ақ «Арғымақ» ат спорты кешенінде «Qalqan» стиліндегі дәстүрлі садақ ату сайысы өтті. Одан ерлер арасында алтынды мажарстандық Кочжка Ласзлоге жеңіп алса, күміс пен қола қазақстандық мергендердің қанжығасына байланды. Ал әйелдер арасындағы мергендіктің алтыны Индонезия мергені Рено Суриға, күмісі ресейлік, қоласы қырғызстандық мер­генге бұйырды.

Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ерлер және әйелдер арасындағы қазақ күресіне 8 салмақ дәрежесі бойынша 41 елдің спортшысы сынға түсіп, ерлер арасындағы 82 келі салмақ дәрежесі бо­йынша алтын өзбекстандық Умид Эсоновке, 90 келі салмақ бойынша өзбекстандық Умар Бозоровке, 100 келі салмақ бойынша қазақстандық Ерсұлтан Мұзаппаровқа, +100 келі салмақ бойынша қазақстандық палуан Нұрдәулет Жарылғапов­тың қанжығасына байланды. Әйелдер арасындағы 65, 70, 77, 77+ келі салмақтың үстіндегі жекпе-жек бойынша алтын медаль иелері қазақстандық Роза Нысантайқызына, Зарина Сариповаға, италиялық Бетти Вукке және польшалық палуан Урзула Хофманге бұйырды.

«Алау» мұз сарайында өткен өзбек күресі – құраштан ерлер және әйелдер арасындағы бәсекенің де жүлдегерлері анықталды. Онда әйелдер бір салмақ, ерлер үш салмақ дәрежесі бо­йынша күресіп, ерлерден 66 келі бойынша алтын өзбекстандық Отабек Касановке, 60 келі бо­йынша тағы да өзбекстандық Муродил Муродиллоевке, 74 келі бойынша да өзбекстандық Жамшид Юулдашевке бұйырды. Ал әйелдер 57 келі салмақ бойынша күресіп, алтынды үндістандық Балхара Пинкси жеңіп алды.

10 қыркүйек күні саха хал­қының ұлттық спорты – мас-­рестлинг (таяқ тарту) бойынша бәсеке аяқталды. Жүлделі орындар ерлер мен әйелдер арасында 2 салмақ дәрежесі бойынша сарапқа салынып, 90 келі салмақ бойынша ерлер арасындағы сайыстың алтыны ресейлік Евгений Пиконинге, 105 келі салмақ бойынша қыр­ғызстандық Келдибек Атай­бекулуке бұйырды. Ал әйелдер арасында 65 келі салмақ бо­йынша алтынды қырғызстан­дық Адель Маданбаева, 75 келі бо­йынша тағы да қырғызстандық Назия Майлибашева жеңімпаз атанды.

«Қазанат» ипподромында өткен көкпар ойындарының кешеге дейінгі нәтижесі бойынша Қазақстан командасы АҚШ ковбойларын 12:4 есебімен жеңсе, Қырғызстан спортшылары түркиялық әріптестерін 15:1 есебімен басып озды. Ал көкбөрі сайысына келсек, Түркия командасы АҚШ ойыншыларын 2:1 есебімен ұтты, ал ресейлік шабандоздар Өзбекстан командасынан 3:2 есебімен басым түсті.

10 қыркүйек күні өткен тоғызқұмалақ сайыстарының нәтижесі бойынша 23,5 ұпаймен Қазақстан командасы көш бастап келеді.

Кешегі күнге дейінгі мәлімет бойынша жалпы Қазақстан қоржынына 21 алтын медаль түсіп, еліміз көш бастап келеді. Екінші орында – Қырғызстан мен Өзбекстан (7 алтын), Ресей – 4, Мажарстан 1 алтын иеленіп, үздік бестікті түйіндеп тұр.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button