Қоғам

Көшбасшылық – табысқа жетелейтін формула

Бүгінгі таңда білім беру жүйесі академиялық білім берумен бірге, оқушылардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отыр. Оқушылардың көшбасшылық дағдыларын дамыту, жасөспірімдердің көшбасшылық қасиеттерін ілгерілету – заман талабы. Ол  – жас өркеннің болашақта тек білімді ғана емес, сонымен қатар жауапкершілікті, батылдықты және ұйымдастырушылық қабілеттерді бойларына сіңіруіне ықпал етеді.

Жаһандану заманында көшбасшылық қабілеттердің маңызы ерекше артып отыр, себебі көшбасшы тұлға болашақ қоғамның басқарып, прогреске жетелейтін негізгі күші бола алады. Көшбасшылық дағдыларын дамыту – болашақта табысты болудың кепілі, әрі ол оқушылардың қазіргі өмірінде де маңызды рөл атқарады. Оқушы көшбасшы бола отырып, өзіндік көзқарасы мен пікірін білдіріп, өз ортақ мүдделерін қорғап, топта жұмыс істеу дағдыларын меңгереді. Мұндай дағдылар мектеп қабырғасында игерілген болса, оларды өмір бойы қолдануға мүмкіндік береді.

Көшбасшылық – бұл басқаларға ықпал етіп, оларға дұрыс бағыт көрсету қабілеті. Көшбасшы – топты немесе қоғамды белгілі бір мақсатқа жетелейтін тұлға. Оқушылардың көшбасшылық дағдыларын дамыту – олардың болашақта жауапты, батыл, шығармашыл, және тиімді шешімдер қабылдай алатын азамат болып өсуіне ықпал етеді.

Көшбасшылық  жоғары тұрған басшылық орындарға ие болу дегенді білдірмейді. Ол күнделікті өмірде, топтық жұмыс кезінде, сыныптастармен қарым-қатынас кезінде де маңызды рөл атқарады. Мектеп кезеңінде көшбасшылық қабілеттері дамыған оқушы болашақта түрлі салаларда, соның ішінде бизнес, ғылым, мәдениет және саясат салаларында маңызды рөл атқара алады.

2022 жылғы 28 тамыздағы мектептің педагогикалық кеңес отырысының №1 хаттамасы негізінде, Еуразия ұлттық университеті физикалық және экономикалық география кафедрасы филиалының және мектепішілік «Ғылыми кеңес алқасы» шығармашылық топ мақұлдауымен, заманауи білім берудегі көшбасшылықтың үлгісін қалыптастыру арқылы оқушылардың креативтілігі мен бастамаларын қолдау, педагогикалық процесті жетілдіру мақсатында жоба ретінде “Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицей” ШЖҚ МКК-ында 2023-2024  жылдары апробациядан өтті.  Апробациядан өту барысында білім алған оқушылар облыстық, республикалық деңгейдегі көшбасшылық үлгісіндегі байқаулардың жеңімпазы болды. Жоба аясында білім алушылардың қоғамдық іс-шараларға белсенділігі,  мотивациясы артты, әлеуметтік және кәсіби дамуындағы көшбасшылық рөлі күшейді, танымдық деңгейлері жетілді, оқушылардың білім сапасы да  жоғарылады. Оқушылар түрлі «Әлімхан әлемі» зияткерлік үстел ойыны, «Әлімхантану» қосымшасы т.б. түрлі жобаларды ойлап тауып, мектеп ішінде жүзеге асырып, кеңінен насихаттау жүргізуде.

Оқушылардың көшбасшылық дағдыларын дамытудың маңыздылығын төмендегідей атап өтуге болады:

  • Жеке тұлғаның дамуына ықпал ету. Оқушылардың көшбасшылық дағдыларын дамыту олардың өзін-өзі тануына және өз қабілеттерін дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді. Көшбасшы болу – өз іс-әрекетіне, сөздеріне және қабылдаған шешімдеріне жауапкершілік алу деген сөз. Оқушылар осы дағдыларды игергенде, олардың бойында жауапкершілік сезімі артады, өздерінің күшті және әлсіз жақтарын жақсырақ түсіне бастайды. Бұл қасиеттер өзіне сенімділік пен жеке өсуге ықпал етеді.
  • Командалық жұмыстың тиімділігін арттыру. Көшбасшылық дағдылары бар оқушылар топтық жұмыстарда белсенділік танытып, топтың басқа мүшелерін де ынталандыра алады. Олар топтың мүддесін ескеріп, барлық мүшелерінің бірлесіп жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Бұл дағды тек мектеп қабырғасында ғана емес, болашақта да маңызды болады, өйткені қазіргі еңбек нарығы көбіне командалық жұмысты талап етеді.
  • Шығармашылық ойлау қабілетін дамыту. Шығармашылық – көшбасшы тұлғаның ең маңызды қасиеттерінің бірі. Көшбасшы жаңа идеялар ұсынуға, стандартты емес шешімдер қабылдауға дайын болуы керек. Оқушылардың көшбасшылық дағдыларын дамыту оларды креативті ойлауға, қиын жағдайларда шешім табуға үйретеді. Бұл дағдылар, әсіресе, қазіргі тез өзгеріп жатқан әлемде ерекше маңызды.
  • Қоғамдық жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Көшбасшылық дағдыларын дамыта отырып, оқушылардың қоғамдық өмірге араласу деңгейі артады. Олар тек өз мүддесін ғана ойламай, қоғамдағы проблемаларға да назар аударып, оларға шешім табуға тырысады. Оқушылардың көшбасшылық дағдыларын дамыту арқылы қоғамның белсенді мүшесі болып қалыптасуы олардың болашақта қоғамдық жауапкершілігі жоғары азамат болуына ықпал етеді.
  • Болашақта табысқа жетуге негіз болу. Көшбасшылық қабілеттері дамыған оқушылар болашақта еңбек нарығында да бәсекеге қабілетті болады. Олар көшбасшылық дағдыларын пайдаланып, кәсіби өмірде жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады. Оқушылардың мектеп кезеңінде көшбасшылық дағдыларын игеруі оларға өмір бойы пайдалы дағдылар қалыптастырады.

Оқушылардың көшбасшылық дағдыларын дамыту қазіргі білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Көшбасшылық қабілеттері дамыған оқушылар болашақта табысты азамат болып қалыптасып, қоғамға үлкен үлес қосады. Мектеп оқушыларды көшбасшылыққа баулып, олардың бойында жауапкершілік, креативтілік және топта жұмыс істеу қабілеттерін дамытуға жағдай жасауы тиіс. Бұл болашақ ұрпақтың табысты, жауапты және креативті азамат болуына септігін тигізеді.

Оқушылардың көшбасшылық дағдыларын дамыту – тек олардың жеке тұлға ретінде дамуына емес, сонымен қатар қоғамның тұрақты дамуына да ықпал етеді. Бүгінгі оқушылар – ертеңгі көшбасшылар, сондықтан олардың бойында көшбасшылық қабілеттерін дамыту болашақта табысты қоғам құрудың негізгі факторларының бірі екенін ұмытпаған абзал.

 Қамар Бірлесова, 

Нәзигүл Садуақасова,

Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейі

директорының орынбасарлары

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button