Елорда тынысы

Көше атаулары бекітілді

Кеше Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорданың кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау, бас қалада балабақшалар салу және пайдалану үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылдау, жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығару шарттарының жобаларын келісу мәселелері қаралды. Жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.

Сессияға төрағалық еткен қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов құрамдас бөліктер бойынша ұсыныстар бұған дейін көпшілік тыңдау мен мәслихат отырысында қаралып, мәслихаттың шешімімен және қала әкімдігінің қаулысымен республикалық ономастика комиссиясының қарауына жіберілгенін мәлімдеді. Оның нәтижелері бойынша оң шешіммен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабек таныстырды.

Оның айтуынша, өткен жылдың тамыз айында қалалық мәслихат бекіткен шешім биылғы 24 қаңтарда республикалық ономастика комиссия­сының отырысында қолдау тапты. Соның ішінде Алматы ауданындағы А30 жобалық көшеге белгілі жазушы-драматург, журналист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оралхан Бөкейдің, А40 жобалық көшесіне көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сырбай Мәуленовтің, А564 жобалық көшеге қазақ мультипликация өнерінің негізін қалаушы Әмен Қайдаровтың, №101 жобалық көшеге Ақтөбе облысындағы Бұйрат шатқалының, А139 жобалық көшеге Жетісу облысындағы Ақтекше елді мекенінің, А184 жобалық көшеге Каспий теңізінің оңтүстік-шығысындағы Кендірлі шығанағының, А185 жобалық көшеге Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы Кеңсаз өзенінің, А187 жобалық көшеге Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ елді мекенінің, А206 жобалық көшеге Алматы тауларының Қимасар шатқалының, А207 жобалық көшеге Орталық Қазақстандағы Қойтас тауының, А208 жобалық көшеге Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл облыстарындағы Тасөткел елді мекенінің, А344 жобалық көшеге Шығыс Қазақстан облысындағы Маймекен өзенінің атауларын беру мақұлданды.

Сонымен қатар Байқоңыр ауданындағы Егемен Қазақстан газеті көшесінде орналасқан атаусыз саябаққа Журналис­тер саябағы атауы, Есіл ауданындағы №29/1 жобалық көшеге және Түркістан көшесінен басталып, Ұлы дала даңғылында аяқталатын атаусыз көшеге мемлекет қайраткері Нұрлан Балғымбаевтың атын беру қолдау тапты. Ал Нұра ауданындағы Е29 жобалық көшеге күйші Тәттімбеттің, Е33 жобалық көшеге Қорқыт атаның аттарын беру, Алматы, Байқоңыр ауданы шекарасындағы әл-Фараби көшесіне Ақжол атауын қайтару, Алматы ауданындағы бұрынғы Гейдар Әлиев көшесіне ақын, балалар әдебиетінің бағбаны Мұзафар Әлімбаевтың атын беру, Есіл ауданындағы Сәбит Мұқанов көшесіне Шығыс Қазақстан облысындағы Шұбартау елді мекенінің атауын беру қолдау тапты.

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев №29 және №36 көшелерінің қиылысында 360 орындық балабақша салу жобасы іске асырылып жатқанын жеткізді. Баяндамашы бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, оған егжей-тегжейлі тоқталды.

Жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығару шарттарының жобасы бойынша қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов баяндама жасады. Ол 8 нысан бойынша 12 жер телімін сатып алу шарттарымен таныстырды.

Астана қаласы Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев осы комиссия мүшесі Амандық Молдашев басқа мемлекеттік органға ауысуына байланысты комиссия құрамынан шығаруды ұсынды. Сондай-ақ Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің кейбір мүшелері өз еркімен кеңес құрамынан шығу туралы өтініш берген. Соған сәйкес өкілеттіктері тоқтатылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button