Қала мен Сала

Көшелер қардан тазартылды

Елорданың барлық көшелері мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдары қар мен мұздан тазартылып, қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы, әсіресе кешкі және түнгі уақытта күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Астананың барлық ауданында, атап айтсақ, қоғамдық орындарда, орамішілік аумақтарда, тротуарларда, аялдама па­вильондарында құм араласқан тұз қоспасын құю жұмысы жүргізіліп жатыр.

Қыс мезгілінің басынан бастап қар полигонына шамамен 2,2 млн текше метр қар мен мұз шығарылды.

Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлының айтуынша, қазір аудан аумағындағы негізгі көшелер, тротуарлар, аулалар мен орамішілік жолдар қардан тазартылуда.

– Әсіресе халық көп жүретін жолдар мен әлеуметтік нысандардың, мәселен, балабақша, мектеп және емханалардың маңын қардан тазартуға басымдық беріліп келеді. Негізгі орталық көшелер онсыз да тап-таза. Ендігі күш балалар мен егде жастағы адамдар көбірек жүретін жолдарды тазартуға салынуда. Менің өкімім бойынша мердігерлік ұйымдарды бақылау күшейтіледі, – деді аудан әкімі.

Қазіргі уақытта барлық аулалар қысқа мерзімде тазартылатын көшелерді белгілеп, арнайы кесте жасады. Егер келісімшарт бойынша атқарылатын жұмыс уақытында орындалмаса, мердігерлердің қатаң жазаланатыны ескертілді. Тайғақ жерлерде құлап, жарақат алмас үшін елорда тұрғындары мен қонақтары қозғалыс ережесін қатаң сақтауы керек. Ал айналамыздағы дүкендер, сауда орталықтары және басқа да қоғамдық мекеме иелері өз аумақтарындағы қарды жинау, кіреберістегі мұзды және өздеріне бекітілген аумақты уақытылы тазарту жұмысын дер кезінде атқарып отырса игі.

Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты болса жеке сектор тұрғындарын өз аулаларындағы қарды жол бойына шығаруға шақырды. Жиналған қар арнайы техниканың көмегімен қала сыртындағы полигондарға жөнелтілуде. Сонымен қатар аудан бойынша көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары басталды.

Бүгінгі таңда аудан әкімдігінде су басудың алдын алу мақсатында арық-науа желісін тазарту жұмысы жүргізілуде. Осыған байланысты аудан әкімі Ерлан Жаулыбаев тұрғын үй алаптарын аралап, су басуға бейім учаскелерді көзімен көріп қайтты.

Әкім аппаратының баспасөз қызметі атап өткендей, былтыр жазда су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында жауын-шашын мен еріген су кезеңінде су басуды болдырмау үшін арық-науа желілерін орнату бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Су тасқынына қарсы іс-шаралар кезеңінде 112 көше тазартылды. Жұмысқа 30 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 23500 шақырым арық-науа желісі тазартылып, 500 текше метр аумаққа ағаш және 1000 қап құм дайындалды.

Есіл ауданы да қол қусырып қарап отырған жоқ. Соңғы аптада 130 текше метрден астам тұз аралас құм қоспасын пайдаланып, ауданның коммуналдық қызметтері жолдарды, орамішілік аумақтарды тазартты. Сонымен бірге қоғамдық кеңістіктерді, аялдама павильондары маңындағы аумақтарды мұздан тазарту бойынша күшейтілген жұмыстар жүргізілуде. Мамандардың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта көшелерді қар мен мұздан тазартуға 600-ге жуық жол жұмысшысы және 250-ден астам арнайы техника жұмылдырылған.

Қар шығару жұмыстары Сарыарқа ауданында да қызу жүргізіліп жатыр. Аудан бойынша қар тазалау кестесі ілініп, негізгі жұмыстар соның негізінде жүргізіле бастады. Бұл өз кезегінде коммуналдық қызметкерлер мен арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмейтін болды. Өйткені енді тұрғындар ауланы қай күні тазалайтынын алдын ала біліп отырады және арнайы нұсқаулық бойынша машиналарын сол күндері аулада қалдырмауға тырысады. Кес­те ілінген тақталарда аудан әкімдігі аппаратының қар тазалауға жауапты мамандары мен мердігерлердің нөмірлері көрсетілген. Сондықтан жұмыс сапасына қандай да бір пікіріңіз болса, жауапты тұлғалармен тікелей хабарласуға мүмкіндік қарастырылған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button