Шаһар шаруашылығы

Көшеміз қоқыс алаңына айналды

Ежелгі Ақмола, бүгінгі Астанамыз еліміздің бас қаласы аталғаннан бері кереметтей көркейіп, құрылысы қарқынды қадаммен өсіп, үлкен мегаполиске айналды. Бүгінде қала тұрғындарының саны бір миллионнан асты. Әйтсе де күнделікті қала тіршілігінде көңілге қонымсыз «әттеген-айлар» жоқ емес.

Біз Есілдің оң жағалауындағы қаланың орталығында, Л.Пастер көшесінде тұрамыз. Көшемізге асфальт төселген, жаяу жүргіншілерге арналған тротуар бар. Сондай-ақ су құбыры, орталық канализация жүйесі тартылып, көше жарығы да толық шешілген. Қысқасы, тұрмысқа қолайлы жағдай жасалған шағын мекенжайымыз Байқоңыр ауданына қарайды. Алайда екі жылдан асты, берекеміз қашты. 2021 жылы Асан қайғы көшесін кеңейтеміз деген мақсатпен Луи Пастер көшесінің бойындағы төрт үй ысырылып тасталған еді. Содан бері бұл орын бос, тек қалған ағаш теректер сорайып-сорайып тұр. Жол салуға арналған жер күл-қоқыс, құрылыс жөндеу жұмысынан қалған заттар төгетін алаңға айналды. Ең сорақысы сол, жаз бойы бұл жерге өңкей арақ ішетіндер жиналып, үйсіз-күйсіз қаңғыбастар осында түнеп те жүреді. Басты қауіп – бала-­немерелеріміз үшін елеңдейміз. Жақында Луи Пастер көшесі №100 үйде тұратын көршім:

– Биыл сегіз тонна көмірді амалсыздан есік алдынан сарайға шелекпен тасыдық. Өйткені Асан қайғы көшесі жағынан отын қора терезесіне баратын жол күл-қоқыспен жабылып қалған. Жылда көмірді тікелей осы терезеден лақтырып кіргізіп алатынбыз. Енді қиын болды, – деп реніш білдірді.

Шындығында, біз кімге ренжуіміз керек? Елорданың төрінде отырып, анықтап айт­сақ, Шоқан Уәлиханов және Кенесары мен Абай даңғылдары өтетін орталық ауданда тұрып, осындай олқылыққа, келеңсіз көрініске төзуге бола ма? Сондықтан бұл жанайқайымызға қала әкімі назар аударса екен деген үлкен үміт, өтінішпен газетке жазуға мәжбүр болдық.

Бименде ҚАЗАНҚАП,

еңбек ардагері, зейнеткер

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button