Басты ақпаратЕл тынысы

Көші-қон үрдісінде іркіліс болмасын

Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаевтың шекара сыртында қалған қандастарымызға, Ұлы көшке деген ықыласында да, сая­сатында да мін жоқ, үнемі қаперіне алып, көші-қон үрдісі туралы атқарушы билікке нұсқау, тапсырмалар берумен келеді.

Президент бола салып берген тұңғыш сұхбатында «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүние жүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» дегенін бүкіл Алаш жұрты түгел біледі.

Сол «…ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да» дегенінің бір дәлелі – Қасым-­Жомарт Кемелұлы «Отандастар қоры» ұйымдастырып келе жатқан «Кіші құрылтайлар» қарсаңында, кеңесшісі Мәлік Отарбаевты жіберіп, Германиядағы, Моңғолиядағы, Ресейдегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілдеріне наградалар, «Алғыс хаттар» жіберіп, олардың мерейін тасытып, рухын көтеруі деп білемін.

2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 014 575 адамға жеткен.  Соның 1 млн 126,5 мыңы (6,3%-і) атажұртқа оралған этникалық қазақтардың есебінен өскен

Президентіміздің бұл қамқорлығы өткен жылғы 11 қыркүйекте «Отандастар қоры» өткізген «Отандастар» форумында да жалғасын тапты.

Бірақ, шындығын айтайын, Көші-қон саясаты мен қандастар тағдырына қатысты атқарушы билік пен заң шығарушы орган тарапынан жасалып жатқан жұмыстар Президентіміздің осынау ықылас-пейіліне, нұсқауына сай жүріп жатқан жоқ сияқты. Керісінше, Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сай, Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңнамаларға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар алыс-жақын шетелдерден оралған этникалық қазақтардың құжаттануын қиындатып жіберді. Әсіресе, өткен жылдың 19 сәуірінде енгізілген «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабының 5) тармағы Атажұртқа өз бетімен көшіп келіп, Үкімет айқындаған өңірлерден өзге облыстар мен қалаларға қоныстанғысы келетін ағайындарымыздың тұрғылықты жерін еркін таңдау және Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығынан мүлде айырып тастады.

Нақтылап айтсақ, қазіргі қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 20-бабының 5) тармағымен Атажұртына оралған этникалық қазақтар қоныстанғысы келген өңірлерде қандастарды аумақтық-әкімшілік бірлікте қабылдаудың өңірлік квота немесе этникалық қазақтар қандастарды қоныстандыру үшін ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен бас тартса, онда оларға «қандас» мәртебесі берілмейтін етіп, шегелеп тастаған.

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының талабы бойынша, «қандас» мәртебесі болмаса, этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын ала алмайды.

Аталған «5) тармақ» «Халықтың көші-қоны туралы» заңына 2023 жылғы 19 сәуірде енгізіліпті.

Міне, бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы жасалып жатқан кезде Көші-қон мәселесіне тоқталып, «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» деген тапсырмасына мүлде қайшы жасалған әрекет деп есептеймін.

Аталған 20-баптың 5) тармағының кесірінен, қазір Қазақстанға өз бетімен көшіп келген этникалық қазақтардың тоқсан пайызы Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай, сергелдеңге түсуде. Олардың алды амалсыздан келген еліне кері көшуде. Төлқұжаттары мен визаларының мерзімі өтіп, екі аралықта қалғандары да баршылық…

Ең өкініштісі, қанша мәрте айтып, жазып, тіпті азаматтықтан қағылған бес жүзге жуық ағайынды әлеуметтік желі арқылы жинап дәлелдесек те, осы норманы алып тастауға құзырлы министрлік құлықсыз, заң шығарушы орган дәрменсіз болып тұр.

Сондай-ақ бұрын үш жұмыс күні ішінде беріліп келген «қандас» мәртебесінің отыз бес күнде арнайы комиссия арқылы берілуі; төлқұжатына ұлты жазылмайтын елдерден келген қазақтардың ұлтын анықтау туралы заңдық негіздің болмауы сынды мәселелер елімізге оралған ұлты қазақ азаматтарды сергелдеңге салумен бірге, көші-қон үрдісін тежеуге апарып соқтыруда.

Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим күшіне енуіне байланысты, Қытайдан визасыз режим аясында бір ай уақытпен келген ұлты қазақ азаматтарға Қазақстаннан бір жолда үш жылға көп мәртелі виза беру тәртібін заңдастыру да – күн тәртібінде тұрған мәселе…

Тәжірибелі маман ретінде Ұлы көштің осы және басқа да түйткілді түйіндерін шешу үшін берген ұсыныстарымыздың бірде-біреуін Заң шығарушы орган қажетке жаратқан жоқ.

Иә, көшіп келушілерді Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс­тандыру – мемлекеттік саясат.

Оны біз де қос қолымызды көтеріп қолдаймыз. Атқарушы билік мүмкіндік берсе, барымызды салып көмектескіміз-ақ келеді.

Ал алыстан Атажұртына келген ағайынның тұрғылықты мекенін өз қалауымен таңдап алуы – олардың Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, өзіміздің Конституциямызбен бекітілген құқығы.

Заң үстемдік ететін «Жаңа Қазақстан» құрып жатқан бүгінгі таңда, Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру саясаты, елге оралған ағайынның осынау құқығына құрмет ете отырып, мәжбүрлеу емес, ынталандыру жолымен жүргізілуі тиіс еді.

Орайы келіп тұрғанда айта кетейін, 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан халқының                                       саны 20 014 575 адамға жеткен.

Соның 1 млн 126,5 мыңы (6,3%-і) атажұртқа оралған этникалық қазақтардың есебінен өскен.

Әрине, қуануға татитын зор жетістік – бұл.

Дегенмен, Кеңес одағы тарағаннан бергі он бес республиканың демографиялық жағдайына көз жүгіртсек, өсім жағынан алты мұсылман елдің оқ бойы алға кеткені байқалады.

Соның ішінде, халық саны ең көп өскен мемлекет Тәжікстан екен, 88.9 пайызға өскен. Одан кейінгі орында өзбектер (68.4%); үшінші орында Түрікменстан (67.7%); төртінші орында Қырғызстан (56.8%), бесінші орында Әзербайжан (47.2%) тұр. Ал Қазақстан ең соңында қалған, небәрі 21.9%-ға көбейген…Өсімі кері кеткен тоғыз рес­публикамен салыстырғанда, Құдайға тәубе дейміз, әрине.

Бірақ, жер көлемі мен байлығын ойласақ, Қазақстан халқының өсім көрсеткіші жағынан да бәрінің алдында тұруға тиісті.

Амал не, көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдар мен нормативтік құжаттар арқылы қолдан жасалған кедергілер Ұлы көштің қарқынын қатты баяулатып жіберді. Соңы бүгінгі өте келеңсіз жағдайға әкеліп тіреп отыр…

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән береміз» деген болатын, өткен жылы қазан айында Астанада өткен «Отандастар форумына» жолдаған құттықтауында.

Иә, көші-қон – шеттегі жеті миллион қазақтың тағдырына тікелей қатысты, сонымен бірге мемлекетіміз үшін тарихи және стратегиялық маңызы өте зор саясат.

Айтарым, көші-қон үрдісіндегі құқық пен саясат мәселесіне келгенде, атқарушы билік пен заң шығарушы орган өте мұқият болғаны абзал!!!

Ауыт МҰҚИБЕК,

«Құрмет» орденінің иегері    

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button